Бозкілемдегі белдесу
Қазақ күресі
Республикалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығына орай білім саласы қызметкерлері арасында қазақ күресінен «Кәсіподақ Барысы — 2024» облыстық турнирі өтті.
Ақтөбе қаласының№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен тартысты додаға 30-дан аса ұстаз қатысқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, педагогтер спорттан да осал еместігін көрсеткен.
Аталған турнир 3 деңгейден тұрады. Бірінші деңгей аудандық іріктеу кезеңі болса, екінші деңгей —облыстық іріктеу кезеңі.Шешуші деңгей қазан айында Жамбыл облысы Тараз қаласында өткізілмек.
Іс-шараға қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан мен басқарма басшысының орынбасары Дина Жаманбаева ұстаздардың жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбектеріне қолдау білдірді. Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы, самбо күресінен Қазақстанның спорт шебері Қуандық Қабден ұстаздарға ақ батасын беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
—Ұрпақ тәрбиесінде спортпен шұғылдану, ұлттық спорт пен ойындар арқылы салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру, салт-дәстүрді сақтап, елін-жерін сүюге тәрбиелеу — біздің басты міндетіміз. Дәстүрлі халық мәдениетінің ажырамас бөлігі болып саналатын ұлттық ойындар мен спорттың қоғамдағы атқаратын пайдасы орасан. Аударыспақ, бәйге, көкпар, қазақ күресі, асық ату, садақ ату және басқа да қазақтың қанына сіңген ұлттық спорт түрлері — еліміздің бренді. Әсіресе қазақ күресі бүгінде үлкен танымалдылыққа ие. Елімізде кез келген мерекелік іс-шара бұл спортсыз өтпеуі керек деп ойлаймын. Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының жүз жылдығы мен Кәсіподақтар федерациясының «Лайықты еңбек жылына» арналған «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің жүлдесі үшін қазақ күресінен ұстаздардың белдесуі өте тартысты өтті.
Алдымен турнирге қатысушылардың құжаттары қабылданып, салмаққа түсу бойынша мандаттық комиссияның отырысы болды.Облыста алғаш рет ұстаздар арасында өткен спорттық жарыстың жас ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі зор. Игілікті іс-шара көпшіліктің көңілінен шықты, — деді Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова.
Турнир қорытындысы бойынша Мұғалжар ауданының намысын қорғаған Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінің оқытушысы Ауданбай Нұрмаш пен Қандыағаш қалалық мектептен тыс №1 аула клубының қазақ күресінің мұғалімі Жангелді Айтжан «Кәсіподақ барысы» атағын жеңіп алып, кәсіподақтың 200 мың теңгеақшалай сыйлығы мен «Кәсіподақ барысы» белдігіне ие болды. Аталған спортшы-педагогтер Тараз қаласында өтетін республикалық турнирге жолдама алды. Ал 90 келі салмаққа дейінгі нәтиже бойынша мұғалжарлық Темірлан Бурунғалиев пен 90келіден жоғары салмақ бойынша алғалық Рамиль Абдрахманов екінші орынды еншілеп, күміс медальға ие болды. Бозкілемде бақ сынаған балуандардың әрқайсысына кәсіподақ ұйымының ақшалай сертификаттары табысталды.
Айдана АЛТЫБАЕВА