Басты жаңалықтар

Көшпенділер ойындарының жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді

Өнер орталығында Астанада өткен бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлеріне облыстық әкімдік тарапынан құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табысталды. 

Әуелі бесінші дүниежүзілік ойындардың ұйымдастыру комитетінің Ақтөбе облысы делегациясына жолдаған Алғыс хаты үлкен экраннан көрсетілді. Одан соң сахнаға шыққан облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан:

— Көшпенділер ойындары төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі дода болды. Түркі жұртының ортақ мәдениетін біріктірген көшпелі халықтардың  ұлттық ойындарына қаншама елдің ынтызар болғанына куә болдық. Әлемге халқымыздың тұнып тұрған өнері мен мәдениетін, спортта да сан түрлі ұлттық ойындарымыз барын дәлелдедік. Өн бойымызды «мен қазақпын» деген мақтаныш кернеді. Көшпенділер ойындарына 89 мемлекеттен екі жарым мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстан жарыс нәтижесінде 43 алтын, 34 күміс, 37 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте топ жарды. Айтулы додада облыстың атынан қатысқан 6 жерлесіміз ел қоржынына 6 жүлде салды.

Көшпенділер ойындарында қазақ халқының мәдениеті бағдарламасы ұсынылды. Бұл іс-шараның шымылдығын ашу ақтөбелік өнерпаздарға бұйырды. Мұны ұйымдастырушылардың ақтөбеліктерге деген үлкен сенімі деп қабыл алдық. Дүниежүзілік доданы қорытындылауды да біздің тізгінімізге беру Ақтөбе мәдениетінің жоғары деңгейде дамып, қарыштап келе жатқандығын көрсетіп отыр. Дарынды ұлымыз Димаш Құдайберген осы күндері Астанада концерт қойды. Екі күн бойы астаналықтар мен ел өңірлерінен және шетелден келген қонақтар Димаштың әнімен тербелді. 30 мыңға жуық көрермен ұлымыздың, ұлтымыздың талантына бас иді, — деді. Одан соң Жолдас Батырхан ұлттық ойындарымызды дәріптеп жүрген жүлдегерлер мен жорықшыларға облыс әкімінің Алғыс хаты мен ақшалай сыйлықтардың сертификаттарын табыстады. Еске салсақ, биыл ғана көшпенділер ойындары бағдарламасына енген қазақ күресінен Назерке Азаматова, Бақыт Құсақбаева, тоғызқұмалақтан құрама спортшысы Мөлдір Серікқызы алтын жүлдеге ие болды. Өзбек халқының ойыны — күраштан жерлестеріміз Әділет Шалғынбекұлы күміс, Бекнұр Бектай қола жүлде иеленді. Түрік халқының зияткерлік ойыны — мангаладан Азамат Хайдар үшінші орын алды. Қалың қазақтың көзайымына айналып үлгерген, әлемдегі тұңғыш ат марафоны — «Ұлы дала жорығы» бәйгесінде Ақтөбе облысының командасы үштікті түйіндеген болатын.

Марапаттау рәсімінен кейін Ақтөбе жұртшылығына Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары дайындаған «Сәлем, Астана» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Бұл концертпен ақтөбелік өнерпаздар Астанадағы дүниежүзілік ойындарының мәдени бағдарламасын ашқан болатын.

Осы іс-шарадан соң облыстық әкімдікте «Бірлік керуені» жобасы аясында бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына елші болып барған 10 ақтөбелікке ұйымдастыру комитетінің Алғыс хаты мен кәдесыйлары табысталды. Елшілердің бірі — «Актюбинский вестник» газетіндегі әріптесіміз Абат Қаратаев.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button