Облыста басталған пилоттық жоба енді өзге өңірлерде жүзеге асырылатын болады
Кеше Өнер орталығында «Цифрлық технологияларды пайдаланып Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасының қорытындысы бойынша республикалық семинар өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, облыс әкімі Асхат Шахаров, Оқу-ағарту вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Күләш Шәмшидинова, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, , сондай-ақ салалық кәсіподақ мүшелері мен білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер қатысты.
Семинардың пленарлық отырысын облыс әкімі Асхат Шахаров жүргізіп отырды.
Жиында алдымен сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова елімізде орта білім саласында бірнеше пилоттық жоба жүзеге асырылып жатқанын, олардың көбіне «Қазақстан халқына» қоры қолдау көрсеткенін, соның ішінде облысымызда цифрлық технологияларды пайдалану арқылы ауыл мектебінің әлеуетін көтеруге ерекше назар аударылғанын жеткізді. Сондай-ақ биыл Маңғыстау облысында «Отпан» жобасы басталғанын, бюджеттен тыс қаражатқа 50 мектепке методикалық көмек көрсетіліп, олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылатынын атап өтті.
— Бүгін осы облыста өткізілген пилоттық жобаның қорытындысын шығарып, өзге өңірлерге тарату үшін жиналып отырмыз. Бұл жобаның маңызы зор, себебі мектептердің 67 пайызы ауылда орналасқан. Ал олардың 51,3 пайызы — шағын жинақты мектептер. Бүгінде ауыл мектебінің проблемаларын жүйелі түрде шешу мәселесі Ресей, АҚШ, Канада, Польша, Финляндия, Австралия, Қытай сияқты аумағы үлкен елдерде де іздестірілуде. Ақтөбе облысында жүзеге асырылған пилоттық жоба аясында цифрлық шешімдерді қолдану арқылы сабақ өткізудің 4 моделі, бірнеше мектептің ұстаздары бірігіп сабақ жоспарын даярлау, өткен сабақтарды талқылау, республикалық және облыстық методикалық орталықтармен тікелей байланыста болу мәселелері ұйымдастырылды. 4 мыңнан артық оқушы облыстың үздік ұстаздарынан дәріс алды. 12 тірек мектеп пен 36 магнитті мектеп оқушыларына қашықтан оқытуды ұйымдастыру арқылы кадр тапшылығы мен біріктірілген сыныптарда оқыту мәселесі тиімді шешілді. Интернет жылдамдығы төмен немесе интернетпен қамтылмаған шағын жинақты мектептерде «Bilim Media Group», «Bugin Holding», «Aman Sultan», «Roqed», «Online Mektep» платформаларын сабақта интернетсіз қолдану мүмкіндігі беріліп, сапалы сабақтар өткізуге жағдай жасалды.
Сөзімнің соңында осы жобаны дайындап, жүзеге асырған барлық білім беру ұйымдары мен ұстаздарға зор алғысымды білдіремін, — деді Тамара Дүйсенова.
Оқу-ағарту вице-министрі Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі 8 мың мектептің 5281-і ауыл мектебі (67,4%) болса, оның 2708-і — шағын жинақты мектеп. Республика бойынша шағын жинақты мектептердің көбі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Ақтөбе облыстарында орналасқан. Бүгінде аталған өңірлерде ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығы, сондай-ақ ауыл мектептерін білікті мұғалімдермен қамту мәселесі өте өзекті болып тұр.
— Қазір ауыл мектептерінің әлеуетін арттыруға бизнес өкілдері зор үлес қосып жатқанын айта кеткен жөн. Осындай ынтымақтастықтың бір мысалы ретінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлескен пилоттық жобаны айтуға болады. Жобаның арқасында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» қағидаты ауқымды шараларды бастауға негіз болды.
2025-2026 жылдары осы өңірден бастау алған пилоттық жоба Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалғасады. Бұл бағытта ауыл мектептерін дамыту жобасын ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясына жүктеледі, — деді вице-министр.
Семинар барысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева республика бойынша аталған қор білім саласындағы ірі 11 жобаны жүзеге асыруға 50 млрд теңге бөлгенін, биыл жыл соңына дейін елімізде 135 тірек мектеп құрылатынын жеткізді. Бұл мақсатқа қордан тағы 33,5 млрд теңге қаржы бөлінетін болады. Бүгінде біздің өңірімізде 12 тірек, 134 шағын жинақты мектеп бар.
«Білім беру саласын тұрақты дамыту» қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Күләш Шәмшидинова облыста қолға алынған «Шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасы сәтті жүзеге асырылғанын, соның нәтижесінде бағдарламаға қатысқан 146 мектеп бір жылдың ішінде 100 пайыз интернет желісімен қамтылғанын атап өтті. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры арқылы өңірдегі 12 тірек мектеп 433 оқу кабинетімен, 130 шағын жинақты мектеп әмбебеп кабинеттермен жабдықталған.
Жиын соңында Шалқар ауданы №3 орта тірек мектебінің директоры Айғаным Ізтілеуова мен Мұғалжар ауданы Жарық негізгі магнитті мектебінің директоры Дастан Ахметов өз тәжірибелерімен бөлісіп, ауыл мектептерінде сапалы білім беру бағытында жүзеге асырылған жұмыстар туралы айтып берді.
Данагүл ҚАЗИХАН.