Жаңалықтар

Мерейлі сәт, мәртебелі белес

«Мерейлі отбасы-2024»

Өткен аптаның сенбі күні Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығының концерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қорытындыланып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болды. Отбасы күні қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға Ақтөбеден аталған байқаудың облыстық кезеңінде бас жүлдеге ие болған дәрігерлер мен мұғалімдер отбасы — Нұрбаевтар әулеті қатысты.
Бұл күні еліміздің барлық аймағынан өңірлік кезеңдерде жеңіске жеткен отбасылар «Қазмедиа» орталығында салтанатты жағдайда қызыл кілемнен өтті. Іс-шараның негізгі бөлігінде жеңімпаз отбасылар жайында арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетіліп, таныстырылды. Байқау жеңімпаздарына арнайы сәлемін жолдап, құттықтау хатын жіберген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді. Президент өзінің құттықтау хатында Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолында отбасы институтын қолдау маңызды қадам екенін атап өткен. Сондықтан елімізде бұл бағытқа баса мән беріліп, жүйелі іс-шаралар қабылданып жатқаны да айтылды.
— «Мерейлі отбасы» байқауы — ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашатын, өзіндік дәстүрі бар бірегей жоба. Халқымыздың асыл қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру — бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда әр отбасы айрықша рөл атқарады. Елімізде адал еңбегімен көпке үлгі болып жүрген өнегелі әулеттер аз емес. Бүгінгі салтанатты кеш — соның айқын дәлелі. Бұл байқаудағы әрбір отбасының жеңісін бірлігі жарасқан жұртымыздың мерейлі жетістігі деп бағалауға болады, — делінген Президенттің құттықтау хатында.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы ұлтымыздың жаңа келбетін қалыптастыруда отбасы институты шешуші рөл атқаратынына үнемі назар аударып келе жатқанын айтты. Палата спикері атап өткендей, Президент Ұлттық құрылтайдың отырысында жариялаған «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» тұжырымы ел идеологиясының іргетасы ретінде айрықша маңызға ие.
Биыл байқау 11-ші рет өткізіліп отыр. Байқаудың өңірлік кезеңіне қатысуға еліміздің барлық аймақтарынан 3 369 өтінім түскен.
Салтанатты іс-шарада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде бас жүлдеге ие болған дәрігерлер мен мұғалімдер отбасы — Нұрбаевтар әулетінің мүшелері — отанасы Лиза Нұрбаева мен ұлы Сағыныш Нұрбаев Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қолынан арнайы диплом мен 1 миллион теңгенің сертификатын, байқау логотипі бейнеленген статуэтканы алды.
— «Отбасы — шағын мемлекет» деп жатады. Баланың қалыптасуы да, ұрпақтың өсіп-өнуі де осы шағын ортаға тікелей байланысты. Отбасында сыйластық пен жарасым, әділдік пен тәртіп болған жағдайда сол шаңырақта береке-бірлік орнайды деп білемін. Балаларымның, оның ішінде үлкен қызым Мейрамгүлдің бастамасымен осы байқауда бағымызды сынап көрген едік. Нәтижесінде қалалық, облыстық кезеңдерде жеңімпаз атанып, Астананың төрінде зор құрметке бөленіп қайттық. Өкінішке қарай, жолдасым Қыдырбай Нұрбаев денсаулығына байланысты елордаға бара алмады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған салтанаттан алған әсеріміз ерекше, — деген Лиза Нұрбаева отбасы мүшелерін елордаға бастап барған облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Назгүл Маратқызына шынайы алғысын да білдірді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button