Үздіктер Астанаға барады
Жұлдызай-2024
«Жұлдызай-2024» ұлттық инклюзивті ойындарының облыстық кезеңінің ашылу салтанаты Ақтөбедегі үстел теннисі орталығында өтті.
Іс-шараға Ақтөбе қаласы мен Қобда, Ойыл, Мәртөк, Хромтау, Шалқар және Байғанин аудандарындағы арнайы мамандандырылған мекемелері мен қоғамдық ұйымдары арқылы келген 10-16 жас аралығындағы 100-ден астам бала және олардың ата-аналары, жетекшілері қатысты.
Ашылу салтанатында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров, Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан жандарды қолдау қорының төрайымы, Еңбек ері Құралай Байменова, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы»қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасыНәзира Табылдинова инклюзивті ойындарға қатысатын «ерекше» балаларға сәттілік тілеп, оларды жігерлендіретін сөздер айтты. Спортқа жаны жақын балалар мерекесін «Саз» балалар студиясының өнерпаздары әндерімен әрледі.
Іс-шараның спорттық бөлімі Ақтөбе облыстық олимпиада резервін даярлау орталығындажеңіл атлетика, шағын футбол, үстел теннисіасық ату және тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындар бойынша өтті.
Инклюзивті ойындарға зағиптар, нашар көретіндер, даун синдромы, аутизм, церебралды сал ауруы, психикалық дамудың кешігуі, есту қабілеті бұзылған балалар қатысты. Қатысушылар диагноздары мен жас ерекшеліктері бойынша топтарға бөлініп, жарысты.Балаларды жарысқа әкелген жетекшілер былтыр да қатысқандарын, кейбірі республикалық кезеңге барып қайтқандарын айтты.
Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Өтеулинаның айтуынша, ерекше балаларды спортқа бейімдейтін бұл жарыс облыстың құрама командасын іріктеу мақсатында өткізілді.
Ойын соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды, оларға дипломдар мен медальдар табысталды. Енді облыстық кезеңнің жеңімпаздары 1-5 қазанда Астана қаласында өтетін «Жұлдызай-2024» ұлттық инклюзивті ойындарына қатысып, Ақтөбенің намысын қорғайтын болады.
А.БАЛЖАНАЙ.