Мереке және марапат
Фестиваль
5 қыркүйек — Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында қалалық мәдениет және тілдер дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Тіл — тұтастық туы» атты фестиваль өтті.
Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайластырылған тіл мерекесіне тіл жанашырлары, ономастика және топонимика саласының ардагерлері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қалалық ұйымының өкілдері қатысты.
Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының басшысы Манас Ершеге құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар тіл жанашырлары мен сала мамандарын «Қаланың дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
— Тіл — халықтың ең құнды байлығы. Қазақ тілінің қолданысын арттыра беру — мемлекеттің бізге міндеттеген басты тапсырмасы. Сондықтан оған әрбір азамат жауапты қарауы қажет.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік мекемесі жанынан құрылған мониторингтік топ мүшелері қала көшелеріндегі жарнама мәтіндерін, көрнекті ақпараттарды Тіл туралы Заңның 22-бабының талаптарына сәйкес рәсімдеу бойынша бүгінде 1526 нысанға түсіндіру жұмыстары жүргізді. Мониторингтік жұмыс барысында 657 кемшілік анықталса, 446 нысан әдістемелік көмек жұмыстары негізінде түзетілді. Ал 2024 жылдың сегіз айы ішінде қала көшелерінде 1300-ден астам нысанға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер жалғасып келеді. Сонымен қатар қаланың және құрамдас бөліктеріне атау беру, идеологиялық тұрғыдан ескірген, мән-мағынасы жоқ атауларды қайта қарау бойынша 111 атау жұмыс тобына зерттеуге берілді. Бүгінде атаулар тиісті ономастикалық комиссияның мақұлдануына жіберілді. Тіл саласында атқарылатын жұмыстар осымен шектелмейді, — деді Манас Ершеге.
Сондай-ақ аталған іс-шарада биыл жүзеге асатын мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылатын «Қазақша тілдесейік» атты жастар қозғалысы, «Сауатты жарнама — ел келбеті» әлеуметтік жобасы, «Жедел желі» жүйесі басталғаны айтылды.
— Бастау алған жобалардың мақсаты — қалада орналасқан нысандардың жарнамаларына мониторинг жүргізу арқылы Тіл туралы Заң талаптарын түсіндіріп, әдістемелік көмек көрсету. Мәселен, «Сауатты жарнама — ел келбеті» атты жоба аясында мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысанға заңнама талаптарын қадағалау және түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Өткен жылы 1500-ден аса нысан тексеріліп, 657 нысаннан құқықбұзушылық анықталды. Дер кезінде түзетулер енгізіліп, әдістемелік көмек көрсетілді. Осы әлеуметтік жоба қатарына «Жедел желі» жобасы қосылып отыр. Енді тіл мәртебесіне жаны ашитын кез келген тұрғын көшедегі жарнамалардан қателіктер көрсе, жедел желі арқылы байланысқа шығып, түзетуге мұрындық бола алады, — деді Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева. Іс-шара мерекелік концертпен жалғасты.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.