Басты жаңалықтар

«Таразыда таң суиды…»

Ауа райын болжайтындардың аужайы қалай?

Қазақ халқы ертеден-ақ табиғатпен үндес өмір сүріп, ауа райын түрлі құбылыстар мен жан-жануарларға қарап алдын ала болжағаны белгілі. Күн есептеудің де дәстүрлі әдістерін ұстанып, барлығын мал-жанның амандығы үшін дұрыс қолдана білген. Бұған байланысты халықтық болжамдар, көнекөз қариялардың аңыз-әңгімелері, ырым-тыйымдардың көптігі сондықтан. Бір ғана мысал, «күн қораланса күрегіңді, ай қораланса аяғыңды сайла» деген мәтелдің мәніне үңілсек, күн қораланып, қар қалың түссе, күрекпен қорық ашуға тура келеді. Ай қораланса түйеге жүгіңді артып, қоныс аударуға тура келеді дегенді білдіреді. Ел арасындағы «сүмбіледе су суиды, таразыда таң суиды» деген сөз де көп нәрсені аңғартса керек (бұл жерде таразы деп қыркүйек айын меңзеп тұр). Өкінішке қарай, ертеректегі таным-түсінікпен бұлай жорамал жасап, ауа райын бақылау дәстүрі ұмытылып бара жатыр…

…Әлі күнге дейін көпшілігіміз ауа райы болжамын білмей, алыс жолға шықпайтынымыз, тіпті күнделікті шаруаларымызды соған қарай жоспарлайтынымыз рас. Ол ол ма, синоптиктердің жорамалына сүйеніп ауыл шаруашылығы мамандары қолына орақ алса, көлік логистика (ұшақ, пойыз, т.б.) қызметкерлері қозғалыс кестесін құрады. Қысқасы, төтенше жағдай қызметімен тығыз байланыстағы синоптиктердің жұмысы қай кезде де маңызды. Ал сол ауа райын болжайтындар қалай жұмыс істейді? Ондаған қондырғылардың арқасында алдағы күндері не болатынын алдын ала біліп отыратын мамандардың тыныс-тіршілігімен танысып, олардың Ақтөбенің климаты туралы пікірін, күн райына жорамалын естіп, бізге беймәлім қызметінің қыр-сырына қанық болған едік…

Байырғы мекеменің бүгіні

Осыдан 102 жыл бұрын құрылған Ұлттық гидрометеорологиялық қызметіне Үкіметтің 1999 жылғы 2 наурыздағы қаулысымен «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мәртебесі берілген. Бүгінгі таңда Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты байырғы мекеменің әр облыста филиалдары жұмыс істейді. Соның бірі біздің Ақтөбеде орналасқан.

Мемлекеттік бақылау желісін пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйіне, атап айтсақ, метеорологиялық және гидрологиялық мониторинг жүргізіп, гидрометеорологиялық және агрометеорологиялық болжамдар тарататын «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе облысы бойынша филиалында барлығы 178 адам қызмет етеді. Аталған мекеменің Ақтөбедегі филиалы басшысының орынбасары Жанна Асқарованың айтуынша, олардың басым бөлігі — метеорологтар, гидрологтар, синоптиктер, метрологтар, инженерлер, сондай-ақ табиғи ортаның ластануына мониторинг жүргізетін мамандар.

Бізде метеоболжау бөлімі бар, ондағы инженер-синоптиктер алдағы 3 тәулікке облыс бойынша ауа райы болжамын жасайды. Мамандарымыз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Ресей гидрометеорологиялық университетін метеорология, гидрометеорология мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Филиалға қарасты 26 метеорологиялық стансада (оның 9-ы автоматты режимдегі) ауа, су, жер қабаттары арқылы сынамалар алынып, соған сай талдау жүргізіледі. Артынша ауа райы болжамы жасалады. Негізінен, ауа райын бақылау арнайы метео алаңда жүргізіледі. Сондағы қондырғылардағы көрсеткіштер басшылыққа алынады.

МІНЕ, ҚЫЗЫҚ!

Метеоролог маман Жасқайрат Бақытжанұлы соңғы 10-15 жылдағы ең қатты қыс мезгілі 2014 жылы тіркелгенін айтты. Оның айтуынша, сол кезде термометр бағаны -45 градусқа дейін жеткен. Ал ең ыстық жаз, ауа температурасының +45 градусқа дейін көтерілуі 2018 жылы болыпты.

Біздің міндетімізге тек ауа райын болжау ғана емес, оның құрамындағы ласты, зиянды өлшеу де кіреді.Осы мақсаттаАқтөбе қаласы аумағындағы атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау 6 арнайы бекетте жүргізіледі. Аталған жерлерде 10 көрсеткішке дейін анықталады, яғни шаң, күкіртдиоксиді, көміртегіоксиді, азотдиоксиді, азотоксиді,күкірттісутек, формальдегид, хром, тағы басқаның қай деңгейде таралып жатқанын бағамдаймыз. Сонымен қатар стационарлықбақылаубекеттерінен бөлек,жылжымалы экологиялықзертханамыз жұмысістейді. Сондағы анықталған соңғы мәліметтерге жүгінсек, биылғы жартыжылдықтағыАқтөбеқаласындағы атмосфералықауасапасы ластанудың өте жоғарыдеңгейі тіркелді, бұл №3 бекетте күкіртсутек бойынша анықталды. Тап осы зиянды қоспаның шамадан тыс асыру дерегі 6 айда 784 рет болды. Мұнымен бірге азот диоксиді мен көміртек оксиді арнасынан асқанын айта кету керек. Статистикалық мәліметтердің барлығын «Қазгидромет» сайтында жариялаймыз және жоғары ластану деңгейі тіркелгенде құзырлы органдарға —жергілікті әкімдікке қарасты облыстық экология департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, төтенше жағдай қызметіне хабарлаймыз. Біздің міндетіміз  — тек бақылау және мәліметтерді жолдау, — дейді аталған мекеменің инженер-химик маманыӘлия Жакибаева.

Облыстық филиалдың кадр жөніндегі жетекші маманы Эльмира Ниетбаевадан білгеніміздей, өмірін гидрометеорологиямен байланыстырғысы келетін жастар аз емес. Маман жетіспеушілігі жоқ. Оның айтуынша, аталған сала мамандарына қамқорлық жылма-жыл күшейіп келеді. Мәселен, былтыр қызметкерлердің жалақысы 70-80 пайызға өскен. Дей тұрғанмен, әңгімелесушіміз гидролог, метеоролог мамандар қатары толықса, артық болмайтынын алға тартты.

Тәжірибелі маман не дейді?

Осы салада еңбек еткеніне 30 жылдан асқан «Қазгидрометтің» облыстық филиалының бөлім басшысы Жасқайрат Бақытжанұлы әр ауданда бөлімше — метеостансалардың барын, сондағы мамандар қажетті талдауларды кестеге сай жүргізетінін атап өтті. Ендігі мақсат — автоматты метеорологиялық стансалардың санын арттыру.

Бізге әуе қалашағы шағын ауданындағы арнайы метео алаңды көрсеткен тәжірибелі маманәр аппараттың атқаратын қызметі туралы әңгіме тиегін ағытты. Айталық, мұндағы оннан астам қондырғының арасында желдің бағыты мен жылдамдығын өлшейтін, жауын-шашынның мөлшерін есептейтін, мұздың қалыңдығын көрсететін, топырақ қабатының температурасын өлшейтін, атмосфералық ауаның температурасын бағамдайтын, күн шұғыласының ұзақтығын анықтайтын, жердің тоң қабаты мен бұлттың биіктігін, сондай-ақ ауа ылғалдылығын өлшейтін, т.б. бар. Қызметкерлер осы құралдардағы көрсеткіштерді негізге алып, ауа райы болжамын жасайды екен.

— Мамандығым «қартайып» жатыр деп айта алмаймын. Ынталы жастар бар. Ең бастысы, қызықты сала ғой. Мысалы, жұмыс барысында аспанға шар ұшыру арқылы германиялық радиозонд қондырғысы мен арнайы антеннаның көмегімен желдің жылдамдығы, ауа қысымы мен температурасын анықтаймыз. Басқа салада мұндайды кездестірмейсіз (күліп). Біздің осы көрсеткіштерімізге қарап ақтөбелік әскерилер әуеге парашют ұшырып, оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымдастырады. Сол сияқты өзге сала мамандары біздің болжамды күтеді. Сол себепті бұны қызығы мен жауапкершілігі қатар жүретін жұмыс дер едім, — дейді метеоролог.

Стансада ерекше ұқыптылықпен талдау жүргізіп, бәрін сол бойда қағазға түсіретін білікті маман, әсіресе түрлі құжатты толтыруға көп уақыт жұмсайтынын жасырмады.

АЙТПАҚШЫ…

…Жыл құстары топтасып ұшса, жылымық күз созыла түседі. Жыл құстары қайтқанда төмен ұшса, қыс қатты болады.

…Ит пен мысық иіріліп жатса немесе тұмсығын бауырына тығып ұйықтаса, жауын-шашын болады. Мысық үйден шықпай бұйыға берсе, күн суытады.

…Қарға топтасып қарқылдаса, ауа райы бұзылады.

…Шіл үйірін молайтса, қыс суық болады.

…Суыр ініне ерте жатса, қыс қатты болады. Суыр інінің аузын қораласа, көктемде су тасқыны болады. Суыр інінен ерте шықса, кешікпей күн жылынады. Суыр мезгілсіз жайылса, ауа райы бұзылады.

…Сұр тышқан шақыруын қойып, інге тығылса, кешікпей қар жауады.

…Бүгелек жылқы бауырында болса, қыс жайлы болады, егер жылқы басына шығып ұшса, қыс қатты болады.

…Дуадақ қыстап қалса, қыс жайлы болады.

…Көктемнің алғашқы жаңбырында күн күркіресе, шөп шүйгін шығады.

 Академик-ғалым Ақселеу Сейдімбектің

«Қазақ әлемі» ғылыми-зерттеу еңбегінен.

 

«Қысқамерзімді болжам дәл келеді…»

«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе облысы бойынша филиалының инженер-синоптигі Аида Тілеубергенова — жас мамандардың бірі. Кішкентай кезінен осы салаға қызыққан бойжеткен магистратураны тәмамдаған бойда осында жұмысқа орналасқан. Оның айтуынша, ауа райы болжамының өзі екіге бөлінеді және бұл бір ғана синоптиктің жұмысымен жасалмайды.

— Гидрометеорология саласында болжам қысқамерзімді және ұзақмерзімді болып бөлінеді. Біріншісіне 1-3 күнге жасалатын жорамал жатады, бұдан ұзағы — ұзақмерзімді болжам. Әдетте қысқамерзімге жасалған болжам 90 пайызға сәйкес келсе, екіншісінің орындалуы айтарлықтай кем. Сондықтан біздің филиалда, негізінен, 3 күнге, көп дегенде бір аптаға ғана болжам жасалады. Ал алдағы қыстың қандай болатынын Табиғат-ана ғана біледі… Оны ешбір синоптик сізге айтып бере алмайды. Өйткені желдің жылдамдығы лезде өзгеріп кетуі мүмкін, тылсым дүние ғой бұл.

Біздің жұмыстың бір ерекшелігі, жасалған болжамың ешқашан бір-біріне ұқсамайды. Сонысымен қызық. Бірақ табиғат тосын мінез танытқанда есте қалатындай жағдайлар көп болады. Осы қалада тұрғандықтан, қолайсыз ауа райы болмасын деп тілейсің… 3 сағат сайын синоптикалық карталар құрылғанда, яғни ауа райы жағдайы есепке алынған уақытта келер күні не болатынын анық білеміз. Кейде болжамымыз орындалмайтын кездер де ұшырасады. Неге десеңіз, кенеттен аспан шайдай ашылса, бұның өзі күн райын сол мезетте-ақ өзгертіп жіберуге қауқарлы, — дейді Аида.

Қазір әлем бойынша «жаһандық жылынуға жақындап келеміз» дейтіндер, болмаса соған керісінше жағдай болатынын айтып, екіге бөлінгендер саны айтарлықтай. Синоптик ішінара алғашқы пікірге келісетінін тілге тиек етті.

Әңгіме арасында одан ғаламтордағы, смартфондағы қосымшалардағы ауа райы болжамына қаншалықты жүгінетінін де сұрадық. «Сіз айтып отырған гаджеттерде аптаға, тіпті бір айға ауа райы болжамын көруге болады. Бірақ бұның математикалық модель, яғни формулаларға салып жасалатынын көпшілігі біле бермейді. Тиісінше тап солай болу ықтималдығы анағұрлым төмен. Жақындағанда өзгеріп сала береді. Оны айтпағанда, тек өзім тексерген, алдымда тұрған мәліметтерге негізделген ауа райы болжамына сенемін. Газет оқырмандарын да сенімді дерек көзі —  «Қазгидрометтің» кәсіби мамандар жасаған болжамына сүйенуге шақырамын. Ресми сайтымыздан бір аптаға дейінгі ауа райын көре аласыздар», — деп күлді ол.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button