Таным

Сән

Шаш бұйралау

Егер қандай да бір салтанатты кешке шашыңызды сәндеп барғыңыз келсе, төмендегі кеңеске құлақ түріңіз. Алдымен көлем беретін көпіршікті қолыңызға мол қылып алып, сулы шашқа жағыңыз. Сосын шашыңызды шағын бөліктерге бөліп, бигудиді төменнен жоғары қарай ораңыз. Оларды шаш кепкенше ұстаңыз. Шашыңыздың бұйрасын кетіріп алмай қолыңызбен абайлап түзетіп, шаш қатыратын лак себіңіз. Сонда шашыңыздың бұйрасы ұзақ уақыт тұрады.

Жұқа өңді және бұйра шашты қыз-келіншектер шашты жуып, фенмен кептіргеннен кейін мусс жағып, шашты орташа бұйралайтын бигудимен орағаны жөн. Жарты сағаттан кейін оны алып, шаштың асты-үстін фенмен кептіру керек. Кейін ақырын тарап, лак сеуіп қатырады.

 

Жасанды кірпік жапсыру

Салтанатты кешке қонаққа шақырылған болсаңыз, оған бірнеше  күн бұрын дайындалғанның еш артықшылығы жоқ. Арнайы шақырылған қонақтар бұндай ортаға ерекше сәнденіп, үлкен дайындықпен келуі керек. Макияжға да айрықша мән берген жөн. Жарастыра жасалған макияж киіміңізге үйлесіп тұрса, сол кештің ең сұлу қонағы болып қана қоймай, той иесінің де мәртебесін бір көтеріп тастарыңыз сөзсіз. Және мерекелік кеште ерекше болып көрінгіңіз келсе, жасанды кірпік жапсырып алғанның еш айыбы жоқ. Тек оны қалай жапсыру керектігін білгеніңіз жөн. Бетке макияж жасаған соң жасанды кірпіктің бетіне желім жағып, отыз секундтан кейін кірпік түбіне  жапсырасыз. Желім кепкеннен кейін ғана қолыңызды кірпіктен босатыңыз. Кірпіктің жанына жағылып қалған желімді абайлап сүртіп тастаңыз. Сондай-ақ жасанды кірпіктің сапасына мән беріңіз. Кейбір жасанды кірпіктер көзді қызартып, аллергия тудыруы мүмкін. Жалпы кірпік те ерекше күтімді қажет етеді. Ол көзге әдемі рең беріп қана қоймайды, оны зиянды шаң-тозаңнан қорғайды. Кірпікке аптасына екі немесе үш рет майсана  майын  жағып тұрыңыз. Сонда кірпігіңіз ұзын, әрі қалың болып өседі. Кірпік бояуларын да  дұрыс таңдай біліңіз. Сапасы нашар бояу кірпікке зиян.

Әжіммен күрес

Қабаққа зәйтүн майымен массаж жасаған пайдалы. Ол көздің айналасындағы әжімнің алдын алып қана қоймайды, көздің көру қабілетін арттырады. Көзді жұмып, үстіне зәйтүн майын жағып, екі саусақпен алға және артқа қарай сипап массаж жасайды. Бұдан кейін көзді бірнеше минут жұмып отыру керек.

 

Тәтті ұйқы

Соңғы кездері мазасызданып, дұрыс ұйықтай алмай жүрсеңіз, жатарда жастығыңыздың шетіне лаванда майын тамызыңыз. Сонда ұйқыңыз тыныш болады.

 

Секпілден арылу

Беттегі секпіл адамды әдемі көрсетпесі анық. Сондықтан бетті түрлі дақтардан қорғап жүріңіз. Кейбір секпілдер күн көзінің әсерінен көбейіп кетеді. Бұндай жағдайда далаға шықпас бұрын бетке күн көзінен қорғайтын крем немесе бет тазалағыш шырынын жағыңыз. Әсіресе, жазды күндері көзілдірік киіп, қолшатыр ұстап жүріңіз. Сондай-ақ секпіл дәрумен жетіспеушілігінен де пайда болуы мүмкін. Сол себепті бетке түрлі маскалар жасап, С дәруменін тәулігіне 1,5 грамнан үш реттен қабылдаған жөн. Күнделікті ас мәзіріне жеміс-жидектерді жиі пайдаланып, бетті таңертең және кешке грейпфруттың шырынымен сүртіңіз. Пияздың сөлі де бетті түрлі дақтардан қорғайды. Бұл үшін пияз сөлімен бетті сүртіп, кейін жиырма минут қаймақ жағып қойыңыз. Бетке  пиязбен лимон сөлін араластырып жаққан да пайдалы.

Күндізгі макияж

Таңертең үйден шығарда бетке опа, далапты жұқалап жағу керек. Бұл бет терісін қоршаған ортаның жағымсыз әсерінен қорғайды. Бетке  жағылған күндізгі иіс май (крем) терінің барлық кемшілігін жасырады. Ал опа беттің табиғи реңімен сәйкес келгені жөн. Көзді қанық етіп бояудың да аса қажеті жоқ. Жеңіл табиғи түсті тен (бояу) жаққан дұрыс. Кірпікке арналған сүрме мен  қарындаштарды да ретімен пайдалану керек. Көзіңізді боямай жүре алмайтын болсаңыз ғана оларды қолданыңыз. Көздің айналасын қою қара қылып бояу адамды үлкейтіп көрсетеді, Ал ерніңізге назар аудартқыңыз келсе, жиегін қарындашпен сызып қойыңыз. Негізі қарындашты қолданбай, жылтыр далап жағып қойсаңыз, әдемі көрінеді. Бетіңізге  далапқа қарағанда қоңырқай опа жақсаңыз, ол табиғи рең береді.

 

Бетті күту

Бет терісіне ерекше күтім қажет. Теріні тазартып, түрлі қоректік кремдерді жағып тұрмаса, күндізгі шаң-тозаң бетке ерте әжім түсіреді. Әрі беттегі шаң терінің демалуына кедергі жасайды. Сондықтан таңертең және кешкілік бетті арнайы сұйықтықпен мұқият тазарту керек. Бұлай етпеген жағдайда безеу мен тері асты қабынулары пайда болады. Макияж кетіргіш сұйықтықты  саусақтың ұшымен жағыңыз. Жуынғанда судың температурасына көңіл аударыңыз. Суық сумен жуынбағаныңыз абзал. Суық су сергектік бергенімен тері клеткаларын тарылтып, қара дақтардың пайда болуына әкеліп соқтырады. Ал көзді макияждан тазарту үшін мақтаны макияж сүртетін арнайы сұйықтықпен сүртіңіз. Сұйық зат теріге сіңіп, бояуды тез кетіреді.

Жалпы күндіз тұрақты түрде ылғалдандыратын кремді жағып жүрген жөн. Ал кешкілік бетті макияждан мұқият тазартып, қоректік иісмайлар жағу керек.

 

Иіс суды қалай пайдалану керек?

Күнделікті пайдаланып жүрген әтірдің құрамында  хош иісті майлар, спирт және су болады. Осы қосындылардың мөлшеріне байланысты оның иісі де әр түрлі болады. Әтірді сатып аларда  оның исіне мән берген жөн. Егер сіз қышқыл немесе тәтті иісі бар әтірді ұнатпайтын болсаңыз, оны пайдаланбаңыз. Бұндай әтір сіздің басыңызды ауыртып, денсаулығыңызға кері әсерін тигізуі мүмкін.  Иіс су сатып аларда оны қағазға немесе паралонға  жағып таңдаған дұрыс емес. Өйткені парфюмерлік заттардың иісі қағазда басқа, ал теріге сіңгенде тіпті өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан әтірдің бір тамшысын білегіңізге тамызып иісін білуге болады. Иіс су сіздің имиджіңізге және жасыңызға сәйкес болуы керек.

Парфюмерлік заттардың  бірнеше түрі бар. Оның ішінде хош иісті эфир майлары қосылған иіс сулардың  сапасы жоғары болады.  Бұлардың иісі ұзақ сақталатын болғандықтан  ең қымбат парфюмерия қатарына жатады. Құрамындағы хош иісті майлардың мөлшеріне байланысты иіс судың сапасы да әр түрлі болады. Егер иіс су құрамының 10-20 пайызы хош иісті майдан тұратын болса, оның иісі  4 сағатқа дейін сақталады. Бұндай иіс суды кездесулерге сеуіп барған жөн. Ал классикалық иіс сулардың құрамында бұндай майлар аз мөлшерде болғандықтан  күніне бірнеше рет пайдалануға болады. Әсіресе, жазда қолданған дұрыс.

Сондай-ақ иіс суды  мойын, құлақ түбіне жағыңыз. Сонда иіс ұзақ уақыт сақталады. Және иіс суды таза, дымқыл шашқа сеуіп, табиғи жолмен кептірсеңіз иісі көпке дейін кетпейді.

Әзірлеген Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button