Ақтөбелік үш ару
Астанада өтіп жатқан көшпенділер ойындарына Ақтөбе өңірінен 6 спортшы аттанған болатын. Олардың үшеуі алтын жүлдегер атанып отыр.
Қазақ күресінен ұлттық құрама сапына енген балуан қыздарымыз Бақыт Құсақбаева (52 келі) мен Назерке Азаматова (60 келі) барлық қарсыластарынан басым түсті.
Бақыттың салмағында Астанада 12 балуан өнер көрсетті. Бақыттың, негізінен, дзюдо спорты бойынша 2022 және 2023 жылдарғы ел чемпионы екенін спорт жанкүйерлері біледі. Сондай-ақ ұлттық құрама сапында Азия чемпионатының командалық сайысында екі рет қола медаль иеленген. Ол соңғы жылдарыхалықаралық жарыстарда Париж Олимпиадасына жолдама алу үшін күш салған еді, өкінішке қарай, бұл мақсатына жете алмады. Сондықтан қазақ күресі бойынша V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бақ сынауды жөн көрді. Осы жарыстарға жанын сала әзірленді. Міне, нәтижесінде алтын жүлдеге қол жеткізіп отыр.
Алтын жүлде жолында Бақыт Құсақбаеваға Үндістан, Ресей және Польша елдерінен келген балуандар қарсылас болды.
—Алтын алу оңай болған жоқ. Әсіресе польшалық қарсыласым мықты болды. Соған қарап, қазақ күресінің тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде танымал спорт түрлерінің біріне айналғанын түсіндім, — дейді Бақыт.
Бақыт Назеркеден 7 жас үлкен болғанымен, спорттағы жолдары өте ұқсас: екеуі де 12 жасқа келгенде «Жастар» балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо секциясына барған. Жаттықтырушылары — Гаухар Әбішева. Бір жылдан соң оларды Алматыдағы Қажымұқан атындағы спорт мектебіне жіберген. Оны бітіріп — спорт колледжіне, одан әрі спорт және туризм академиясына түскен.
— Қазақ күресіне ауысқанымызда, бізді Есенжол Мисин, одан соң Әділет Мисин жаттықтырды, — дейді чемпиондар.
Назерке Азаматова да дзюдодан Қазақстан чемпионы (2019 жыл). Биылғы Көшпенділер ойындарында ол Әзірбайжан, Молдова және Өзбекстан елдерінен келген қарсыластарынан басым түсті.
— Барлық қарсыласым да мықты балуандар. Әсіресе финалда белдескен өзбек қызымен күш жағынан тең болдық. Мен әдіс-тәсілді тиімді қолдану арқылы жеңіп шықтым. Алдыма қайткенде жеңу мақсатын қойып, барымды салдым, өйткені залдағы қолдап отырған жанкүйерлерімді қуантқым келді, — деді Назерке.
Назерке Темір ауданының Бабатай ауылында туған, ал Бақыттың ата-анасы — Қобда ауданының Жиренқопа ауылынан.
Атап өтерлік жайт, Парижде жуырда ғана аяқталған Паралимпиада ойындарының чемпионы Ақмарал Науатбектің де Жиренқопа ауылына қатысы бар болып шықты. Біздің кейіпкерлеріміз жарыстан кейін Ақмаралды күтіп алуға әуежайға барып қайтты.
— Біз бір интернатта оқығандықтан, әрдайым бір-бірімізді қолдап жүреміз, — деді олар.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталғаннан кейін, Бақыт пен Назерке тағы да дайындыққа кіріседі: жыл соңында олар әлем чемпионатына қатыспақ.
— Спортқа мемлекет тарапынан қолдау бар. Ал ақтөбеліктер бізге Ойындар кезінде жанкүйер болып, үлкен қолдау көрсетті. Сол үшін ризашылығымызды жеткізгіміз келеді, — дейді балуан қыздар.
Жаттықтырушы Әділет Мисин бұл жолғы табыстың, яғни кейіпкерлеріміздің жеңістерінің алда да жалғасатынына сенімді.
— Екеуі де тәжірибелі спортшылар. Алдағы әлем чемпионатына әзірлікті бастап кетті. Олардың бізді өз жеңістерімен әлі де қуанта беретініне сенемін, — деді ол.
Сондай-ақ тағы бір жерлесіміз, тоғызқұмалақшы Мөлдір Серікқызы көшпенділер ойындарында барлық қарсыласын жеңіп, ең жоғары 8 ұпай жинап, чемпион атанды. Біз ол туралы алдағы мақаламызда жазбақпыз.
Абат ҚАРАТАЕВ,
Астана.