«Тәуелсіздіктің жиырма шыңы — 20 жұлдызды күн» бастау алды
Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіздіктің жиырма шыңы» — 20 жұлдызды күн» акциясының салтанатты ашылу рәсімі болды. Мерекелік шараға Ақтөбе қаласының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, еңбек ұжымдарының өкілдері, соғыс және тыл ардагерлері және қала жұртшылығы қатысты.
Мереке «Мен қазақпын» атты театрландырылған қойылыммен басталды. Одан кейін көрермендер Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс әскери институты курсанттарының қатысуымен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған хореографиялық композицияны, «Әлия гүлі» халықтық би ансамблінің өнерін тамашалады.
Қала әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков ақтөбеліктерді мерекелік шараның басталуымен құттықтады. Нұрмұхамбет Қанапияұлы өз сөзінде еліміздің 20 жыл ішінде жеткен жетістіктерін атап өтіп, көптеген реформалардың тиімді жүзеге асырылуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында болып отырғанын тілге тиек етті.
—Тәуелсіздік күні — бұл ерекше мереке. Кез келген мемлекет тәуелсіз ел болуды қалайды, біздің де ата-бабаларымыз осыны армандады. Санаулы күндерден соң елімізде Тәуелсіздіктің көк байрағының желбірегеніне жиырма жыл толады. Осы уақыт ішінде ұрпақ игілігі үшін үлкен іске толы кезеңдерді бастан өткердік. Қазақ елі Тәуелсіздіктің 20 жылында экономикалық, әлеуметтік қуатты реформаларды жедел де тиімді жүзеге асырып, қай салада да көшбасшы атанды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тәуелсіздік — барлық қазақстандықтар үшін аса қасиетті құндылық» деген сөзі Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеудің негізгі арқауы болып табылады. Бүгінгі күні еліміз бәсекеге қабілетті, саяси-экономикалық және әлеуметтік реформаларды сәтті жүзеге асырған, өзіндік даму жолы қалыптасқан мемлекетке айналды, — деді Н.Әбдібеков.
Бұдан кейін көпшілік назарына Тәуелсіздік тақырыбында әзірленген көркем фильм ұсынылды.
Мерекеге арнайы шақырылған қонақтардың бірі — Еркебұлан Ақтан. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығымен бірге 20 жасқа толатын Еркебұлан биыл Ақтөбе политехникалық колледжін техник-электрик мамандығы бойынша тәмамдапты. Ол жеке басындағы жетістіктерін тікелей ел Тәуелсіздігімен байланыстырады.
— Мен Тәуелсіздіктің құрдасы екенімді мақтан тұтамын. Тәуелсіздік халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған арманы, оған ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қол жеткіздік. Енді оны дамытуға үлес қосуымыз керек, — дейді Еркебұлан.
«Тәуелсіздіктің жиырма шыңы» — 20 жұлдызды күн» акциясының салтанатты ашылу рәсімінде қаланың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерт болды. Бұл күні қалалық Оқушылар сарайының би ұжымдары «Менің Қазақстаным» музыкалық-хореографиялық композициясымен, «Асыл әжелер» халықтық ансамблі «Дедім ай-ау», Ақтөбе қаласындағы Қазанғап атындағы өнер мектебінің «Ақсұңқар» вокальді ансамблі «Елім менің» әндерімен сахнаға шықты. Спорт ұжымдары өздерінің өнерлерін көрсетті.
Арайлым НҰРБАЕВА.



