Су тасқыны

51 ырғыздық отбасының қуанышы

Біз біргеміз!

Өткен жұма күні Ырғыз ауданында су тасқынынан зардап шеккен бір топ отбасына жаңа үйлердің кілті тапсырылды.

Алғашқы лек баспаналы болды

Аудан орталығы — Ырғыз ауылында салынған 51 үй Мәні көшесінде орналасқан. Сол аумақтағы қаз-қатар тізілген баспаналардың дәл ортасында ұйымдастырылған салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді:

— Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Бірінші және екінші нарықтағы пәтерлерді сатып алдық. Және 500 тұрғын үй салып жатырмыз. Бұл ретте табиғи апаттан жапа шеккендерді баспанамен қамтуға демеушілік жасап жатқан еліміздегі ірі компанияларға, кәсіпкерлерге алғысымызды білдіреміз. Бүгін, міне, Ырғыз ауылынан 51 үйді сіздердің игіліктеріңізге беріп жатырмыз. Жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз құт-берекеге толсын! — деді ол.

Құрылысы үш айға созылған барлық үй бекітілген бірдей үлгідесалынған. Үш бөлмелі баспаналардың аумағы— 80 шаршы метр.Талапқа сай жатын бөлмелерден бөлек, ас бөлмесі мен әжетханасы  бар. Үйдің жан-жағы ағаштан жасалған шағын қоршаулармен қапталыпты.

Аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновтің айтуынша, көктемдегі су тасқыны кезінде 3 елді мекен айтарлықтай зардап шеккен. Соның салдарынан ауданда барлығы 120 үйді салуға шешім қабылданған. 16 мердігер компания Ырғыз ауылында — 51, Нұра ауылында— 63, ал Мамыр елді мекенінде 6 үйді тұрғызуды міндетіне алған. Бұлардың құрылысына негізінен «ERG» компаниясы мұрындық болған. Сондай-ақ 41 ырғыздық отбасы екінші нарықтан үй сатып алса, 7-еуіне баспаналарын жөндеуге қаржы бөлінді.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ырғыз ауданында 18 елді мекен бар. Мұндағы халықтың саны — 14 мың.

Аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновтің айтуынша, Нұра мен Мамыр ауылдарындағы үйлер осы айдың соңына дейін тапсырылады.

Құрылысшылар не дейді?

Үйлердің құрылысын салған құрылыс компанияларының бірі — «Байұлы НС» ЖШС басшысы Төребек Орынбасаров: «2,5 айда мен жетекшілік ететін компания 7 үйді салып бітірдік. Бүгін, міне, иелеріне табыстаймыз. Барлығы 40-тан астам жұмысшы еңбек етті. Әр үйдің құны 29 миллион теңгеге жуықтайды. Құрылыс материалдарын, негізінен, облыс орталығынан тасыдық. Үйлерді алдын ала дайындалған жоба бойынша салдық. Құрылыс барысында ешқандай қиындық болған жоқ. Тұрғындар да риза болады деген ойдамыз. Өйткені 15 жылдан бері осы іске маманданған компаниямыз», — деді.

Ал тағы бір мердігер — «Барыс 62» ЖШС директоры Мылтықбай Сарманов құрылысшылары 2 үй салғанын айтты.

— 2001 жылдан бері қала мен ауылда үй салып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Басты мақсатымыз — сапалы жұмыс істеу. 8 жұмысшым болғандықтан, шамама қарай 2 үйді тұрғызғаным сондықтан. Басқа компаниялар сияқты үйді 2 айдан артық уақытта салып болдық. Арасында тұрғындардың өзі келіп, жұмыс барысын қарап жүрді. Барлық ырғыздыққа айтар тілегім — қоныстойларыңыз құтты болсын! — деді ол.

Тұрғындар лебізі

Кілт тапсыру рәсімінде қай үйге кімнің баратыны жеребе арқылы анықталды. 51 тұрғынның бірі — зейнеткер Ғафура Садықова сәуір айынан бері көрген бейнетінің ақталғанын, енді аудан орталығында тұратынын қуана жеткізді.

— Сәуір айында Нұра ауылындағы үйіміз толығымен суға кетті. Мұндай жағдай бұрын-соңды болған жоқ, алғаш рет бастан кешірдік. Мүлкіміз түгелімен жарамсыз күйге түсті. Жергілікті билік бәрімізді тікұшақпен Ырғыз ауылындағы эвакуациялық пункт — №1 орта мектептің ғимаратына орналастырды. Сондағы қызметкерлер 3 мезгіл тамағымызды беріп, көңілімізді аулап, бар жағдайымызды жасады. Ризамыз. Енді көптен күткен баспанамызға қол жеткізіп, ерекше қуанып тұрған жайымыз бар.

Әр отбасына таңдау құқығы берілді. Біз қалаға жақындайық деген оймен аудан орталығынан үй алатын болып шештік. Бүгінге дейін 1 миллион теңгеге жуық қаржылай көмек алдық.  Бұйыртса, кенже баламның отбасымен жаңа үйде тұратын боламыз. Барлығы — 7 адамбыз.

Енді мұндай қиындық болмасын деп тілеймін. Бізді қолдаған Үкіметке, жергілікті билікке рақмет. Үйлерді аз уақытта салған құрылысшыларға да ризашылығымызды білдіреміз, — дейді Ғафура апай.

Ырғыздық Жібек Орынбасардың да қуанышында шек жоқ. Үйін аралап көріп, шашу шашқан, жылы лебізін білдіргендерге құшақ жая қарсы алған ол: «Бүгін көптен күткен шаңырағымыздың кілтін қолымызға алдық. Үй іші өте кең, жылы, жарық. Осы уақытқа дейін барша қызмет жасаған облыс, аудан басшылығына және «Қамқор-Ақтөбе-2024» қорына өз алғысымды білдіремін», — деді.

Тағы бір тұрғын — Үсен Ұзақов Нұра ауылынан Ырғыз ауылына қоныс аударып жатқанын, жаңа мекеннен тек жақсылық күтетінін атап өтті.

16 сәуірде су деңгейі қатты көтеріліп, үйім қызыл судың астында қалды. Бұған дейін інімнің үйін паналап, отбасымызбен біраз қиындықты көрдік. Есесіне, соның енді өтеуі ретінде мына су жаңа үйге көшіп келгелі отырмыз. Газ, суы келіп тұр, әжетханасы ішінде. Жолдың бойына асфальт төселген. 10 сотық жері бар. Бұдан артық не керек? Жаңа қонысымыз тек жайлы болсын деймін, — деді жігіт ағасы.

P.S. Салтанатты рәсімде «ERG» компаниясы және «Қамқор-Ақтөбе-2024» қорының өкілдері де сөз алып, үй иелерінің қуанышына ортақтасты. Сондай-ақ жаңа қоныс иелеріне тойға шашу ретінде газ плитасы мен кір машина тапсырылды.

Ресми деректерге сүйенсек, Ақтөбе өңірінде бүгінге дейін су тасқынынан зардап шеккен 513 отбасына үй берілді. 4 мыңнан астам отбасына 1,6 миллиард теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік көмек көрсетілсе, 3495 отбасының мүліктік шығындары өтелді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Ырғыз-Ақтөбе.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button