Құмсайдағы қоныстой
Біз біргеміз!
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Темір ауданының Құмсай ауылындағы 21 отбасы жаңа баспаналарына көшті.
Үш бөлмелі, ауданы 80 шаршы метрді құрайтын жаңа үйлер тұрғындардың ортақ шешімімен ауылдың биік жерінен салынды. Жаңа баспаналардың кілтін салтанатты түрде табыстау рәсіміне Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, мердігер компания өкілдері қатысып, құмсайлықтарды қоныстойларымен құттықтады. Әр жаңа қоныс иесіне тұрмыстық техникалар тарту етілді.
— Көктемгі су тасқыны кезінде осы ауылға келгенімізде халықтың көңілінде кірбің болып, жанайқайын өз құлағымызбен естігенедік. Сол кезде қаншама отбасының баспанасыз қалғанын көрдік. Осындай жағдай еліміздің өзге аймақтарында да болды. Сол кезде Мемлекет басшысы, облыс, аудан әкімдері халықтың ортасында бола білді. Баспанасы суға кеткендердің көкейінде «енді біз не істейміз, қайда барамыз, болашағым не болады?» деген сауалдардың да болғаны рас. Ал қазір қуанышты күнге жетіп, жаңа тұрғын үйге көшіп жатырсыздар, — деген облыстық мәслихат депутаты Боран Ізбасов жерлестерін қуаныштарымен құттықтады.
Темір ауданында көктемгі су тасқыны кезінде Шұбарқұдық, Құмсай, Еңбекші, Шитүбек ауылдарындағы 98 тұрғын үй суға кетті. Техникалық тексеру және бағалау жұмыстарының нәтижесінде 224 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 41 үй жөнделді. Сондай-ақ үйлері «апаттық» деп танылған 36 отбасына қайталама нарықтан үй сатып алынса, Құмсай ауылындағы 21 отбасыға жаңа үй салынды. Сонымен қатар 63 отбасы бүлінген жылжымалы мүліктері үшін 26 миллион теңге ақшалай көмек алды.
— Биыл көктемгі су тасқынының қарқыны қатты әрі су көлемі көп болды. Өңірде болған төтенше жағдай кезінде су тасқынының салдарын жою және оған қарсы іс-шараларды өткізуге белсенді атсалысып, шыдамдылық танытқандарыңызға алғысымды білдіремін, — деді салтанатты іс-шарада Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев.
Облыста бұған дейін Әйтеке би, Ойыл, Қобда, Ырғыз және Мұғалжар аудандарында су тасқынынан зардап шеккендерге салынған 350 жаңа үйдің кілті табысталған болатын. Қалған 129 баспананың құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек 513 отбасы дайын үйге көшті. Өңірдетабиғиапаттанүйсізқалғандар саны — 1013.
Құрылыс жұмыстарын «Мұғалжар Строй» және «TаfCompany» ЖШС жүргізді.
—Құмсай ауылында екі мердігер мекеме болып үш айға жуық уақытта 21 үйді салып, тапсырдық. Бұл жерде «Tаf Company» мекемесі 10 үйдің құрылысын жүргізді. Бір үйді салуға 27 миллион теңге қаражат жұмсалды. Құрылысқа сапалы материалдарды пайдаландық. Халық қиын жағдайға тап болып, баспанасынан айырылып қалған кезде біз оларға сапалы қызмет етуге тырыстық. Үй салу барысында су құбырын кіргізіп, жарық өткізіп, көгілдір отынды да тартып бердік. Ыстық су үшін арнайы қондырғы да орнатылды. Тұрғындардың еш кедергісіз өмір сүруі үшін жаңа үйлерде барлық жағдай жасалған, — дейді «Tаf Company» ЖШС директоры Талғат Камилов.
Салтанатты іс-шарада тұрғындар да өз қуаныштарымен бөлісіп, ұйымдастыру және құрылыс жұмыстарына жауапты болған азаматтарға алғыстарын білдірді.
— Ауылымызды 27 наурызда су басып, әбігерге түстік. Қиын күндер артта қалып, жаңа үйіміздің кілтін алып, қуанып жатырмыз. Облыс, аудан басшылары, мердігерлер межеленген уақытта үйді толық салып болатындарын айтқан еді. Уәделерінде тұрды, сол үшін де алғысымыз шексіз, — дейді Құмсай ауылының тұрғыны Гүлзада Жұмабекқызы.
Қарғын су Құмсай ауылының тұрғыны Нұрия Жүменованың үйін бір мезетте жермен-жексен етіпті. «Барлық дүние-мүлкімнен айырылсам да, еліміз далада қалдырмай, жан-жақты көмек берді», — деп жергілікті билікке өз ризашылығын білдірген Нұрия қиын сәтте мемлекет тарапынан берілген бір реттік әлеуметтік төлем мен материалдық шығындардың өтемақысын да уақытында алған. Енді отбасымен жаңа баспанаға көшкен Нұрияның қуанышында шек жоқ. Көзіне қуаныштың жасы үйірілген көпбалалы ана қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысын білдірді.
Қоныстой иелерінің бірі Жамал Қазбағамбетованың да бұл күні қуаныштан төбесі көкке бір елі жетпеді.
— Табиғи апатың салдарынан қара шаңырағымыз ортасына түсіп, қатты қиналған едік. Енді, міне, қиын күндер артта қалды. Мемлекеттің қолдауымен, жергілікті әкімдердің ықпалымен жаңа баспанамыздың кілтін қолымызға алып, орналасып жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ, алғысымыз шексіз, — деп көпбалалы ана қуаныштан көзіне жас алды.
Сексен шаршы метрлік үй жайлы әрі кең. Жаңа үйлер су құбыры кіргізіліп, жарық және көгілдір отын тартылған, көшесіне асфальт төселіп, жарықтандырылған. Салтанатты шарада қоныстой иелеріне құрылыс компаниясының басшылығы тұрмыстық техникаларды сыйға тартты.
Арайлым НҰРБАЕВА.