Су тасқыны

Тұрғын үйлер таяуда тапсырылады

Біз біргеміз!

Көктемгі су тасқыны кезінде Темір ауданы бойынша 98 тұрғын үй жарамсыз күйге түсті. Атап айтсақ, Шұбарқұдық кентінде — 39, Құмсай ауылында — 45, Еңбекші ауылында — 10, ал Шитүбек ауылында — 4 баспана.
Су басқан 98 тұрғын үйге техникалық тексеру және бағалау жұмыстары жүргізіліп, мамандардың қорытындысының нәтижесінде 41 үйге жөндеу жұмыстары жасалатын болса, 57 баспана апаттық жағдайда деп танылды.
— 41 тұрғын үйдің иесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 224 миллион 300 мың теңге көлемінде қаражат аударылды. Сонымен қатар тұрғын үймен бірге бүлінген немесе жарақсыз болып қалған мүліктерге бағалау жүргізіліп, шығындар толық өтелді. Бұл бойынша 63 отбасына 26 миллион теңге төленді.
Ал бұзылуға жіберілген 57 тұрғын үйдің 36-сы дайын тұрғын үйді сатып алуға шешім қабылдаса, 21-і жаңа тұрғын үй құрылысын жүргізуге тілек білдірді.
Бүгінгі таңда 36 дайын тұрғын үйді сатып алуға келісім бергендердің барлығына баспана сатып алынды. Бұл мақсатта 635 миллион 400 мың теңге бөлінді.
Құрылысы жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерге келсек, барлығы Құмсай ауылында жүргізіліп жатыр, — дейді аудан әкімі Саламат Аманбаев.
Үйлердің құрылысына «Мұғалжар Строй» мен «Tuf Company» ЖШС-лар жауапты.
Аудан әкімінен білгеніміздей, қазіргі таңда барлық тұрғын үйдің құрылысы аяқталған, тек сыртқы электр, газ және су желілерін тарту жұмыстары қалған. Тапсырылу мерзімі жақын.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button