Басты жаңалықтар

Мерейлі отбасы — елдің тұтқасы

Ата заң күні

Өнер орталығында Қазақстан Республикасы Конституциясыкүнінеарналған «Ата Заңым — айбыным» атты мәдени іс-шара өтті.

Тақырыпқа сай безендірілген сахнаға әуелі мемлекеттік Ту әкелініп, одан соң мемлекеттік Гимн орындалады.

Конституция — халқымыздың бостандығының кепілі, болашағымыздың айқын бағдары. Осыдан 29 жыл бұрын ел тұрғындары Конституцияның қабылдануы үшін бірауыздан дауыс беріп, өзінің тарихи таңдауын жасады.Осылайша халқымыздың асыл арманы жүзеге асып, тәуелсіз еліміздің жаңа Заңы қабылданды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңымыздың маңызы туралы:  «Жалпыға бірдей жол ашатын Әділетті Қазақстанды құру үшін, Конституция қағидалары қатаң сақталып қана қоймай, қоғамның сана-сезіміне біржола орнығуға тиіс», — деген болатын.2022 жылы Жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылған Конституциямыз ұлтты ұйыстырудың нағыз символына  айналды. Мемлекетіміз жаңа кезеңге қадам басып, бүкіл қоғамның дамуына тың серпін берді.

Облыс әкімі Асхат Шахаров ақтөбеліктерді мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтады.

— Халқымыздың «Заңын құрметтей білген, заңына бағына білген ел ғана озады», — деген дана сөзі бар. Кешегі тарихтан тамыр алған, ертеңгі тарихқа тұғыр болған Ата Заңымыз салтанат құрып тұрғанда еліміз толағай табыстарға одан әрі жете бермек. Қазақстанның бүгінгі бағындырған биіктерінің ең басты тұғыры — бірлік пен береке. Бірлігі жарасқан елдің ғана босағасына береке ұялайтыны белгілі. Еліміздің Конституциясы әрбір отбасын қорғауға және қамқорлық жасауға кепілдік береді. Біз отбасылық құндылықтарды, дәстүрлерді жалғай отырып, тұғыры биік, бірлігі бекем ел құра аламыз.Өнегелі құндылықтарды, отбасы мен некенің жағымды бейнесін санаға сіңіру, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында жыл сайын өткізіліп отырған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Бүгінгі марапат — көп жылғы отбасылық өмірдің еңбегі мен төзімі, сабырлығы пен мейірімділігі, ізгі махаббаты мен адалдығының жемісі. Сол себепті өңірімізден үздік шыққан әулеттердің қай-қайсысы да ел мақтанышы.«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне жетіп, жеңімпаз атанған отбасылардышын жүректен құттықтаймын. Баршаңызды Ата Заңымыздың төл мерекесімен құттықтап, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін, — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Одан соң өңір басшысы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттауға көшті. Аталған байқаудың облыстық кезеңінің бас жүлдесін қалалық кезеңнің жеңімпазы Нұрбаевтар отбасы жеңіп алды. Сахнаға көтерілген жеңімпаз әулетке диплом, 500 мың теңге сыйақы табыс етілді. Бірінші орынға ие болған Өтемісовтер отбасына диплом, 400 мың теңге сыйақы табысталды. Жүлделі ІІ орынның дипломы, 300 мың теңге сыйақы Мұстафиндер мен Төлебаевтар отбасына берілді. Жүлделі ІІІ орынның дипломы мен 200 мың теңге сыйақысын Елеуовтер, Толочко және Көптілеуовтер отбасы алды. Жеңімпаз отбасының мүшелерін әңгімеге тарттық.

— Аллаға шүкір, балаларымыз ержетті, барлығы да жоғары білімді, ұлымыз — дәрігер, келініміз бен екі қызымыз — мұғалім, кенже қызым — журналист. Бәрінің де отбасылары бар. Әке-шешем еңбек етпегеннің тілегіне жетпейтінін санамызға әбден құйған. Ел қатарлы еңбек еттік. Жарасымды отбасына керегі — сыйластық, бірлік және еңбек. Еңбек еткен адам көркейеді, жарқырайды, — деді Қыдырбай Нұрбаев.Отағасының сөзін жалғастырған зайыбы Лиза:

— Биыл екеуміздің отбасын құрғанымызға 50 жыл толып отыр. Алтынтойға жетіппіз. Алланың берген сыйы шығар, үш қыз, бір ұлымыз бар. Біздің байлығымыз — балаларымыз. Солар аман болсын. Бүгінде ата-әже атандық, немеренің алды университет бітіріп, маман болды. Бізді құрметтеп, төрге шығарып жатқан ұйымдастырушыларға ризашылығымызды білдіреміз, — деді.

Кеш соңы Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концертіне ұласты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button