Су тасқыны

Қоныстой қуанышы

Біз біргеміз!

Ойыл ауданы Қаратал ауылында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін жалпы саны 126 үй салынып жатыр. Бүгінгі күні құрылысшылар толықтай салынып біткен үйдің кілттерін иелеріне табыстады. 38 отбасы жайлы әрі кең үйге көшіп, қоныстойларын тойлап үлгерді.

Қаратал ауылында пайдалануға берілген 38 үйдің бірі Таңсұлу Өскенбаеваға тиесілі. Жаңа баспанасына қоныстанған ол қиын сәттерді еске алып, бүгінгі қуанышымен бөлісті:

— Жаз бойы киіз үйде тұрдық, қолайсыздау болды. Қазір шүкір үйіміз бітіп, кіріп жатырмыз. Мердігерлерге,  құрылысшыларға, жауапты басшыларға рақмет. Жағдайымызды біліп, келіп тұрады. Ризамыз, ауылымыз көркейе берсін, енді қиыншылықтар болмасын. Бәрімізге жаңа қоныс құтты болсын!

Баспаналы болғандар арасында  Ықылас Қарабалиннің де отбасы бар.

— Биыл көктемде су тасқыны болып, елдімекеннің бәрін су алып, ауыл халқы баспанасыз қалды, мал шығыны болды. Қиын жағдайға тап болдық. Міне,3-4 айдан кейін баспаналы болып жатырмыз. Құдайға шүкір. Үкіметке, мына өзіміздің облыс, аудан басшыларына алғысымызды білдіреміз.  Жағдайымызды сұрап, қолдарынан келген көмегін беріп жатыр,— дейді ол.

Ал қалған 88 үйді мердігерлер қыркүйек айында пайдалануға береміз деп отыр. Қазіргі уақытта бұл үйлердің қабырғалары тұрғызылды, шатырлары жабылды, есік-терезелері салынып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Көктемгі су тасқыны кезінде Қаратал ауылында 210 үйге зақым келді. Бой көтерген 126 үйден бөлек, тағы 18 баспанаға жөндеу жұмыстары жасалды, 66 отбасы өздерінің қалауымен екінші нарықтан дайын үйді сатып алды.

Айтып өтейік, қаржыландыру «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоры арқылы жүзеге асырылуда. ERG компаниясы Ойыл, Қаратал, Ақкемер, Кемер, Ақжар және Бестамақ ауылдарында 172 үйдің құрылысын қаржыландырды. Оның 63-і халық игіліне берілді.

*  *  *

Ақтөбе қаласында су тасқыны салдарынан жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындар үшін қорлар арқылы 200 пәтер сатып алу жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгінгі күні оның 178-і сатып алынды.
Қазіргі таңда 178-і үйдің 14-і — BI Group, 66-сы — «Қамқор-Ақтөбе 2024», 98-і — Болат Өтемұратов қоры арқылы сатып алынған.
Сондай-ақ қорлардың көмегімен баспаналы болудан бөлек, Отбасы банк арқылы 100 пәтер сатып алуға несие рәсімдеуге мүмкіндік жасалуда.
«Бір қарыз алушыға ең көп дегенде 15 млн теңге беріледі. Несиелеу ставкасы — 5%. Бастапқы жарна сомасы — 10%. Қарыз мерзімі банк талаптарына сәйкес болады», — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев.
Айта кетейік, су тасқыны кезінде Ақтөбе қаласы бойынша 2990 отбасы зардап шегіп,2790 үйге жөндеу жұмыстарына қаражат аударылған. Ал облыс көлемінде екінші нарықтан сатып алынған дайын үй саны — 495.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button