Басты жаңалықтарМереке

Елдіктің берік тұғыры

                                                                                                                                                                               «Ата Заң — мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі әрі еліміздің саяси және қоғамдық құрылысын, айнымас құндылықтары мен даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз. Жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылған Конституциямыз ұлтты ұйыстырудың нағыз символына  айналды. Сондай-ақ негізгі заңымыз елдің саяси жүйесін  демократияландыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін ауқымды өзгерістердің берік тұғыры саналады», — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр ел халқын Конституция күнімен құттықтауында. Президентіміздің айтуынша, Конституциялық Соттың құрылуы — осындай институционалды реформаның бірі. Бұл құрылым азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына әрдайым кепілдік беретін Ата Заңымыздың рөлін мейілінше арттырды.

Мемлекет басшысы жалпыға бірдей жол ашатын Әділетті Қазақстанды құру үшін Конституция қағидалары қатаң сақталып қана қоймай, қоғамның сана-сезіміне біржола орнығуға тиіс екенін айтады. ««Адал азамат» деген атқа лайық әрбір адам Ата заңның биік мұраттарын қолдайтынына және оны өмірлік ұстанымына айналдыратынына  нық сенімдімін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан РеспубликасыныңКонституциясы 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 99 баптан тұрады.

Конституция — мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Бұл — тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші Конституциясы. Алдыңғы Конституция 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған болатын.

Қазақстан Конституциялары

1926 жылҚазақ АКСР Конституциясы

Алғашқы Қазақстан Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда КСРО құрылғаннан кейін 1925 жылғы РСФСР Конституциясы ескеріле отырып, ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен түпкілікті редакцияда қабылданды. Өйткені бұл кезде Қазақстан РСФСР-дың бір бөлігі еді. Бұл негізгі заң басқару нысанын, мемлекеттік құрылысты, саяси режимді, мемлекеттік билік органдарының құрылымын, атқарушы-өкім беруші органдарын бекітті. Сайлау құқығының, бюджеттік құқықтың негізгі бастаулары белгіленді. Осы Конституцияға сәйкес Қазақстан РСФСР құрамындағы толық құқықты республика болып танылды.

1937 жыл Қазақ КСР Конституциясы

1937 жылдың 26 наурызында Кеңестердің Бүкілқазақстандық Төтенше Х Съезінде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 бөлім мен 125 баптан тұрды. Онда: «КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ КСР өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өздігінен жүзеге асырады» делінген. 1937 жылдың Конституциясында экономикалық, саяси қорғаныс салалары бойынша өзара ықпалдастықты іске асыру мақсатында басқа да тең құқылы республикалармен еркін түрде одақтасуға құқылығы (13-бап), Қазақ КСР келісімінсіз территориясын өзгертуге тыйым салу (16-бап), жоғарғы республикалық және мемлекеттік биліктің жергілікті органдары қалыптастыратын, заңнаманы жүзеге асыру, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және де азаматтар құқығын, салық салу, т.б. мәселелерді қорғау бойынша республика саясатын жүргізу құқықтары бекітілген.
Сонымен қатар сот пен прокуратура жүйесі қамтылған. Халық соттары аудан азаматтарының тарапынан құпия сайлау жолымен жалпы, тікелей және тең сайлау құқығы негізінде сайланып, сот ісін жүргізу қазақ тілінде, ал басқа ұлт өкілдері шоғырланған аудандарда олардың ана тілдерінде жүргізілуге тиіс болған (83-90баптар).
1937 жылдың Конституциясында азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері анықталған: еңбек етуге құқылығы (96-бап), демалысқа құқылығы (97-бап), қартаю, ауру болу және еңбекке қабілетсіз болып қалу жағдайларында материалды қамтамасыз етілуге құқылығы (98-бап), денсаулық сақтау, сөз, баспасөз, жиын, митинг, көше шерулері мен демонстрацияларға еркіндік берілуі кепілдігі, тұлғаға, тұрғынжайға, азаматтардың хат жазысу арқылы жеке хат алысуға дербес құқықтары, шетел азаматтарына саяси баспана беру құқығы.

1978 жыл Қазақ КСР Конституциясы

ІХ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы кіріспеден, 10 бөлім, 19 тарау және 173 баптан тұрады. Конституцияға сәйкес бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы таптарына жататын халықтың қолында болды.

1993 жыл Қазақстан Республикасының Конституциясы

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрады.
Конституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық нормаларды:халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, Президентті Мемлекет басшысы деп тану, сот органдарын — Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды.

1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынды.

1995 жыл Қазақстан Республикасының Конституциясы

1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдум өтті, нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы — оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы саналады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл —  президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады.

1995 жылы желтоқсанда екі палаталы (жоғарғы палата — Сенат, төменгі палата — Мәжіліс) Парламентке сайлау өткізілді.

 Конституция құрылымы

I бөлім. Жалпы ережелер

II бөлім. Адам және азамат

III бөлім. Президент

IV бөлім. Парламент

V бөлім. Үкімет

VI бөлім. Конституциялық сот

VII бөлім. Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл

VIII бөлім. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару

IX Бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер

Өзгертулер мен түзетулер

1998 жыл

Конституцияның 19 бабына түзету енгізілді. Президенттікке кандидаттың жас шегі 40-қа дейін көтеріліп, 65 жасқа дейінгі шектеу алынып тасталды. Президент бес жыл емес, жеті жыл мерзімге сайланады деген өзгеріс енді. Мәжіліс депутаттарының саны 67-ден 77-ге дейін артты.

2007 жыл

Қазақстанның елордасы Астана қаласы деп түзетілді. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленді. Президент енді жеті жыл емес, бес жыл мерзімге сайланатын болды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанда кемiнде 15 жыл емес, соңғы 15 жыл бойы тұруы керектігі айқындалды.  Бiр адам қатарынан екi реттен артық президент болып сайланбайтыны, бірақ бұл шектеу ҚР Тұңғыш Президентіне қолданылмайтыны жазылды. Республика Президентi өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұрады деген тармақ алынып тасталды.

2011 жыл

41-бап «Президенттің кезектен тыс сайлауы Президент шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі» деген тармақпен толықтырылды.

2017 жыл

Президенттің бірқатар өкілеттігі биліктің басқа тармақтарына берілді. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол берілетіні жазылды.

2019 жыл

19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев мерзімінен бұрын президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. 20 наурызда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, уақытша Президент болды. Сол күні ол ел астанасына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынып, парламент жедел түрде Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдады.

2022 жылғы 8 маусым

5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Соның ішінде:

— Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені атап өтілді.

— Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға және Президент өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуына тыйым салынды.

— Мемлекеттік хатшы лауазымы жойылып, орнына мемлекеттік кеңесші лауазымы құрылды.

— Конституциялық сот қайта құрылды.

— Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып құрылды.

— Өлім жазасына тыйым салынды.

— Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады.

— Мәжіліс депутаттары 107-ден 98-ге қысқарды.

— Сенаттағы президенттік квота қысқарды, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды.

— Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді.

— Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды.

2022 жылғы 17 қыркүйек

Қазақстанның елордасына бұрынғы Астана атауы қайтарылуына байланысты өзгерістер енгізілді.

 

Конституция — егемен Қазақстанның берік іргетасы, азаттығымыздың айшықты айғағы әрі құндылықтарды ұлықтаған қастерлі құжат. «Қасым ханның қасқа жолынан», «Есім ханның ескі жолынан», Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысынан» бастау алып, жалпы демократиялық принциптерге негізделген Ата Заң — ел халқының пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат. Конституцияны қалыптастыруға қалың жұртшылықтың қатысуы Ата Заңның әлеуетін арттырды. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Конституциясы уақыттың сынынан сүрінбей өтті. Сәйкесінше, бұл құжат өзінің заман талабына лайықтығын дәлелдеді.

ЕЛДІҢ ЕЛДІГІН АЙҚЫНДАЙТЫН ҚҰЖАТ

Алтай ТАЙЖАНОВ,

Философия ғылымдарының докторы, профессор,

Ақтөбе облысының құрметті азаматы.

Талай қиындықты бастан кешкен көшпенділер, оның ішінде қазақтар, екі мәңгі құндылықты сақтап қалды. Ол — сөз құдіреті мен Заң құдіреті.Бүгінгі өркениетті қоғамды заңсыз, заңмен қорғалған құқықсыз елестету қиын. Себебі өркениетті қоғамды заңға негізделген құқықтық  нормалар қалыптастырады. Сондықтанәр мемлекеттің жалпыға тән жүйеленген ортақ заңы болуға тиіс, сонда ғана қоғам ортақ мақсатпен бірігеді.

Мемлекет —  Конституцияның жемісі, ал Конституция — қасиетті ұғым, негізгі заң, мемлекетіміздің мызғымас тұғыртасы, біздің тәуелсіздігіміз бен еркіндігіміздің  мемлекетіміздің  тұрақты дамуының кепілі. Біз жыл сайын Конституция күнін елдіңнегізгі заңына деген құрмет үшін ғана емес, ең алдымен, өзімізге деген құрмет үшін атап өтеміз.Біз, Қазақстан халқы, оның ішінде мемлекет құрып отырған қазақтар, өз басымыздан өткеріп, өзіміз анықтаған өмір ережелері мен нормалары  үшін атап өтеміз. Конституция бойынша заң бойынша өмір сүру жай ғана қажеттілік пен азаматтық міндет емес, бұл — азат адамдардың артықшылығы. Өз құқықтарының бағасын біліп, басқалардың да осындай құқығын мойындайтын адамдардың артықшылығы. Осындай жағдайда ғана біз — жеке азаматтар емес, Қазақстан халқымыз, тұрғындар емес,қоғамбыз, азаматтық қоғамбыз, Қазақ еліміз. Алайда біз Конституцияның бай құндылықтарын тек Конституция күнінің қарсаңында ғана еске аламыз. Ал, шын мәнінде, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Конституция қағидаларын халықтың бойына үнемі сіңіріп отыруымыз керек.

ХХІ ғасырдағы  табысты қоғам — заң тұрғысынан сауатты адамдар қоғамы. Ал заң тұрғысынан сауаттылықтың бастауы, бірінші кезекте — Конституцияны білу. Бізге жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін мүмкіндігінше саяси сауаттылық керек. Біздің көптеген азаматтарымыз, тіпті жоғары білімділеріміздің өзі Конституцияны жетік білмейді. Өйткені Конституция бізде заңгерлер мен кейбір әлеуметтік-гуманитарлық сала мамандықтарында ғана оқытылады. Біздің ойымызша, жоғары оқу орындарында қандай мамандыққа даярласақ та, Конституцияны оқытқанымыз, жастардың санасына  терең сіңіргеніміз жөн. Сонда біз жастардың бойына мемлекеттік саясат пен құқықтық сананы да, ұлттық құндылықтарды да сіңіреміз.

Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырмай, әрбір азаматтың бойында Ата Заңға деген терең құрмет сезімін тәрбиелемей, оның нормативтік ережелері күнделікті тұрмысымызға сіңіруге тікелей және белсенді араласуға дайындықты қалыптастырмай, экономикалық, саяси және әлеуметтік міндеттерді шешуге болмайтынын уақыт көрсетті. Өйткені құқықтық мәдениет жоқ жерде құқықтық жүйе де қауқарсыз. Ал Заңы мықты елдің экономикасы да мықты болмақ.

Мемлекеттің тұрақты қызметінде қоғамдық сананың да рөлі зор. Қоғамдық сана өз кезегінде құқықтық мәдениеттің бір элементі саналатын құқықтық сананы да қамтиды. Сондықтан қоғамдық сананы ойдағыдай жаңғырту барлық субьектілердің, мемлекеттік институттардың да, азаматтардың да құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған шараларды және нақты жобаларды әзірлеуді қажет етеді. Бұл тұрғыда әділетті Қазақстанда Конституцияны бағдарға ала отырып, кең ауқымды дүниетанымдық және идеологиялық жұмыстар жасалуға тиіс.

Елдің елдігі, мемлекеттіліктің темірқазық бағдары айқындалған Ата Заңымызды, ардақтау — әрбір қазақстандықтың абзал борышы.  Біз еліміздің әрбір азаматының, оның ішінде біздің Ақтөбе облысы ел-халқының да жемісті де жасампаздық еңбегі Қазақстан Республикасының лайықты болашағын қамтамасыз ете отырып, Конституциялық нормалар мен принциптерді  әлі де ауқымдырақ жүзеге асыруға мүмкіндік беретіндігіне сенеміз.

НЕГІЗГІ ЗАҢҒА ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАУ — ОРТАҚ ПАРЫЗЫМЫЗ

Дәурен САЙЫНОВ,

«Ақбөбек» халықаралық мектебінің

тарих пәнінің мұғалімі, «Дін мәселелері және

қоғаммен байланыс»

орталығында теолог маман.

Қазақ тарихында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның Жеті Жарғысы» атты заң үлгілері болды. Ал осыдан бір ғасыр бұрын Алаш қайраткерлеріміз парасатты қоғам, прогрессивті, ұлттық мемлекет құру мақсатында Әлихан Бөкейханның тапсыруымен заңгер Барлыбек Сырттанов жазған «Қазақ елінің уставы» деген құжат дүниеге келді.

Алаш партиясы алғаш рет заманның даму үдесінен шығатын, мемлекеттілік талаптарына сай келетін конституциялық сипаттағы бағдарламасын жасады. Алаш партиясының саяси бағдарламасының жобасын жасауға ұлт қайраткерлері — Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Ғұмар, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжановтар бастаған қазақтың сол кездегі алдыңғы қатарлы, озық ойлы азаматтары атсалысты. Он бөлімнен тұратын бағдарламада мемлекеттің формасы, жергілікті билік пен оны басқару жүйесі жөнінде, құқық негіздері, дін бостандығы, сот билігі, елді қорғау, салық салу, еңбекшілердің құқығы және жер мәселелері тұтастай қамтылды. Басты ерекшелігі — бағдарлама Қазақ автономиясын өзге халықтармен бірге демократиялық сипаттағы мемлекетті құруға бағыт алған негізгі құжатқа айналды.

Бұрын одақ кезінде мемлекеттік маңызды мәселелерді шешу Мәскеуде елбасында отырған шағын бір топтың қолында болды. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң, мемлекет, халық болып, маңызды мәселелерді бірлесе, дауыс беру арқылы шешіп, демократиялық бағытта заңдар жазылып, қоғамның дамуына қызмет жасай бастады. Елді нығайту үшін, ең алдымен, Конституциясын (Ата Заңын), Мемлекеттік рәміздерін анықтап бекітті. Әр мемлекеттің қалыпты өмір сүріп, тұрақты дамуы үшін өз заңдары болуы қажет болды. Сондықтан Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Президенттің төрағалығымен Ата Заңды дайындау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Ол комиссия 1,5 жыл бойы жұмыс істеді. Шетелдік мамандар да қатыстырылып, әзірленген жобаны бүкіл халық 4 ай бойы талқылады. Түскен ұсыныстар мен ескертулер ескеріліп, 1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Ол 4 бөлімнен, 21 тараудан тұрды. Алайда уақыт өте келе бұл Конституция заманның талабына сай келмегендіктен, өзінің «өмір сүруін» тоқтатты.

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстанның жаңа екінші Конституциясы қабылданды. Мұнда сайлауға келген халық тек бір сұраққа не «иә», не «жоқ» деп жауап берді.

Бұл Конституция қазір де бүгінгі күннің өміршең талабына толық жауап береді. Еліміз Президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет саналады.  Конституцияға сәйкес ел  демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, жоғары құндылықтар — адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Біздің Ата Заңымыз — дүниежүзіндегі ең жас Конституциялардың бірі. Негізгі Заңға құрмет таныту — біздің ортақ  парызымыз. Конституция күні — Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық өмірінде мәні мен маңыздылығы жағынан ерекше орынға ие, халқымыздың ең жоғары дәрежеде атап өтетін басты мерекелерінің бірі.

Конституцияда Қазақстанда өмір сүретін халықтардың достығына, еліміздің әлеуетті де баянды өмір сүруіне мүмкіндік беретін барлық бостандық қамтылған. Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет деп атап көрсетілген. Құқықтық демократиялық мемлекетте азаматтар құқықтары мен бостандықтары ең басты орында тұрады.

                                                     Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button