Басты жаңалықтарСу тасқыны

Ойылдағы қоныстой

Біз біргеміз

Ойыл ауданында су тасқынынан зардап шеккен 21 тұрғын жаңа баспаналарының кілттерін алды. Салтанатты рәсімге аудан басшылығы, құрылысты қаржыландыруға атсалысқан компания өкілдері қатысты.

Тұрғындарға кілтті табыстауға келген аудан әкімі Асқар Қазыбаев сөз тізгінін алып, сын сағатта сабырлылық танытқан ойылдықтарға өз алғысын жеткізді.

Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арнап салынған жаңа үйлерді табыстау мақсатында жиналып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, осыған дейін аудан көлемінде қалпына келтіру жұмыстары аясында Саралжын ауылдық округінде үйлер пайдалануға берілген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық жұмыс мерзімінде орындалып жатыр. Тұрғын үйлер құрылысында жерлестеріміздің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сапаға ерекше назар аударылғанын атап өткім келеді.Мемлекет басшысы айтқандай, су тасқынынан зардап шеккен әрбір азамат ескерусіз қалмайды. Материалдық шығындар толық өтелді. 358 отбасына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек және бүлінген дүние-мүлік үшін 150 айлық есептік көрсеткіш көлемін­де төлем толығымен өтелді. Сонымен қатар суға кеткен мал басының шығынын толтыру үшін 737,9миллион теңге қаржы бөлінді. Облыс бойынша біздің ауданымыз өте қиын жағдайға тап болды.

Демеушілік танытып, қаржылай көмектерін көрсеткен әрбір кәсіпкерге, компанияларға өз ризашылығымызды білдіреміз. Салынған үйлер Eurasian Resources Group (ERG) құрылтайшы-акционерлері бөлген қаражатымен іске асты. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр,—деді аудан әкімі.

30 жылдан бері елімізбен бірге дамып, жұмысын жүргізіп келе жатқан ERG компаниясы Ойыл ауданында Ойыл, Қаратал, Ақкемер, Кемер, Ақжар және Бестамақ ауылдарында 172 үйдің құрылысын қаржыландырды. Ырғыз ауданында Ырғыз, Нұра және Мамыр ауылдарында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 120 үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бөлінген қаражат Мұғалжар, Қобда, Темір, Ойыл және Ырғыз аудандарында, Ақтөбе қаласында тұрғын үйді сатып алуға және жөндеуге бағытталған.

Бізге сенім артқандардың сенімін ақтау – басты миссиямыз. Қиын жағдайға тап болған жерлестерімізді қолдауға әрқашан дайынбыз. Мүмкіндігімізше олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз. Бүгін тілсіз жаудан зардап шеккендердің жаңа тұрғын үй кілттерін алғанына қуаныштымыз,—деп атап өтті ERG компаниясының өкілі, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.

Жаңа үйдің кілттері Екпетал, Қаратал, Шығанақ Берсеев ауылының тұрғындарына табысталды. Қара шаңырақтары көз алдында қираған, бір күнде үйінің үйіндіге айналғанын көзімен көрген ауыл тұрғындары бүгінгі күнді асыға күтті.

Гүлмира Әжімұратова — Екпетал аулының тұрғыны. 66 үйден тұратын шағын ауылының бір күнде суға шөгіп кеткеніне әлі сене алар емес. Көз жасына ерік беріп, тамағына өксік тығылған келіншектің көргені әлі көз алдында.

— Жан қысылғанда дүниеге қарайлатпайды екен. Үстіміздегі киімнен басқа қолымызға ештеңе алмастан бала-шағамызды ертіп, бас сауғаладық. Жолдасым — ІІІ топ мүгедегі. Ауылда көбі малшаруашылығымен айналысады. Біздің отбасының да негізгі кіріс көзі — мал шаруашылығы. Су тасқыны кезінде малымыз суға кетті. Барлық шығынның орны толтырылды. Бастысы, отбасым аман. Қолдау көрсеткен мемлекет басшысына, ел азаматтарына алғысымыз шексіз, – деді «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана.

Кілтін алып қоныстойын тойлап жатқан Қарабалиндер әулеті де бұл қуанышты бес ай күткен.

Үйімізді наурыз айының аяғында тасқын су басты. Дегенмен арада көп уақыт өтпей жаңа баспаналы болып жатырмыз. Жарық, кең, 3 бөлмелі, барлық жағ­дайы жасалған баспанаға қол жет­кіз­генімізге өте қуаныштымыз. 28 наурыз күні ауылымызға су кіргеннен бері, бүгінге дейін аудан басындамыз. Бес ай уақыт ішінде не өзгермеді десеңізші? «Бір қиындықтың артында бір қуаныш бар» демекші, бүгінде жаңа үйдің кілтін алып отырмыз. Бәрінің орны толады, тек адам шығыны болмасын деп тіледік. Өзіміз Екпетал ауылынан көшіп келдік. 1997 жылы отбасы құрған сәттен бастап сол ауылда тұрдық. Өзім Екпетал мектеп-балабақшасында кітапханашы болып жұмыс істеймін. Қазір сол мектеп-балабақша кітапханасы Ойыл аграрлық колледжіне орналасты. Осы жақта тарамай, жұмысымызды жалғастырып отырмыз,–  деді тұрғын Ақерке Қитанова.

Аудан орталығынан дайын үй алған Екпеталдықтар 99 ауылдастарын қоолдауға келіпті.

20 жыл бұрын Екпетал ауылына келін болып түстім. Үлкен әулеттің кенже бала-келіні болған соң, қарашаңырақта отырған едік. Тілсіз жаудың қаупі басым болғандықтан, бізді бір күн бұрын аудан орталығына көшірді. Сол келгеннен осында қалдық. Бастапқы екі ай жалдамалы пәтерде тұрдық. Кейін 4 баламызды ойлап, мектепке қашық болмасын деп, орталықтан дайын үй алуды жөн санадық. Қазір Көкжар көшесінің тұрғынымын. Су кері қайтқан соң ауылымызға барып келдік.  Міне, бүгінде ауыл тұрғындары аудан орталығына көшіп келіп жатыр. Бір бірімізді көшеден көріп, мәре-сәре боламыз. Қазір кілттерін алуға келген ауылдастарымызды қолдауға келіп тұрмыз,— деді екпеталдық келіншек Ғалия Қарабалина.

Ойыл ауданы бойынша жалпы саны 328 үй суға кетіп, 307-сі жарамсыз болып танылған. 172 тұрғын жаңа үй салуға өтініш білдірсе, 133-і дайын үйді алуға келіскен. Аудан орталығында құрылыс жұмысын  бес мердігер компания атқарған. Олар— «МастерКомЛогистик», «Кереге 2023», «Комрад», «AiA build»,  «Муканов и К» ЖШС-тары. Әр үйге кіреберіс жол, ауызсу тартылып, газбен қамтамасыз етілген. Аталған компания өкілдері кілт табыстау рәсімінде жаңа үй иелеріне тұрмыстық техника табыстады.

— Біздің құрылыс компания осы ауданнан 9 үйдің құрылысына жауапты. Бүгінде 9 үйдің бесеуінің кілтін табыстағалы тұрмыз.Енді Қаратал ауылында 4 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Әзірге ол жақтағы үй құрылысының 80 пайызы дайын. Қыркүйек айында  кілт табыстау жоспарда бар. Құрылыстың әр бөлігіне жауапты бригадалар үш ауысыммен жұмыс істейді,—деді «МастерКомЛогистик» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Алпамыс Жаржанов.

Айта кетейік, қазіргі дерек бойынша Ойыл ауданында 19 мердігер компания жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта аудан бойынша 172 үй құрылысының 44-і толық аяқталған.Ш.Берсеев ауылындағы мектептің жөндеу жұмыстары әлі де жалғаспақ. 1 қыркүйек күні балаларды мектепке қабылдау үшін спортзалдар дайын. Одан бөлек аудан орталығында 150 орындық балабақша құрылысы басталған.

 Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button