Спорт

Аз үміттің ақыры

Премьер-Лига

«Ордабасы»-«Ақтөбе» — 1:1

24-25 тамыз күндері Премьер-Лиганың 18-тур ойындары өтті.

Алматыда «Тобылмен» кездескен «Қайрат» ойын бітер кезде қосымша минутта соққан голдың арқасында (2:2) бір ұпайға ие болды. «Атырау» өз алаңында «Шахтерді» ұтып және бір қадам ілгері басты. «Елімай» Семейде «Қызылжардан» басым түсті. «Қайсар» мен «Жетісу» бір-бірінің қақпасына гол сала алмады.

«Жеңіс» пен «Астананың» кездесуі кейінге қалдырылды.

*   *   *

25 тамыз күні «Ақтөбе» Шымкентте «Ордабасы» командасымен кездесті.

Шымкент десе, «Ордабасы» десе, көңіліміздің күпті болатыны рас еді. Алдына ала жүрегіміз өрекпумен болды. «Ордабасыдан» ұтылмақ түгілі, тең ойнасақ та, биыл бізге тағы да чемпиондық жоқ» дегенді жанкүйерлер алдын ала айтып үлгерді. Оның себебі де түсінікті еді. Өйткені соңғы жылдары осы «Ордабасы» жерлестеріміздің жігерін жасытумен келеді.

2022 жылы алтын медальға жетуімізге бір-ақ қадам қалған. 29 қазан күні 25-турда Ақтөбеде «Ордабасы» командасымен кездестік те, тең ойнауға мәжбүр болдық (1:1). Екі ұпай жоғалттық. Бізден бір ұпай ғана артық жинаған «Астана» чемпион болып шыға келді.

Өткен жылы да бір ойынды шымкенттік командамен тең аяқтадық (1:1). Рас, бұл жолы аяғымыздан шалған «Ордабасы» ғана емес еді. Екінші айналымдағы ойындарды «Жетісумен», «Оқжетпеспен», «Қызылжармен», «Атыраумен», «Ақсумен», «Каспиймен», «Тобылмен», «Мақтааралмен» тең дәрежеде өткіздік те, алтын медальға қолымыз жетпейтіні алдын ала белгілі болып қалды. Үшінші орынға шүкіршілік етті.

Биылғы жағдайымыз да оңып тұрған ештеңесі жоқ. Мысалы, соңғы екі турда қатарынан екі ойынды («Атыраумен», «Қайсармен») тең ойнағанымыз оптимизмен гөрі пессимизмге көбірек сүйреп еді.

«Ордабасы» мен «Ақтөбенің» ойынына ресейліктер де бейжай қарай алмады. Мысалы, «Soccer365» сайты Қазақстан чемпионатының басты кездесуі деп атаған бұл ойын алдында шымкенттіктердің бас бапкерімен қоштасқанын айта келе, ақтөбелік бапкер Дмитрий Парфеновтың да шаруасы шатқаяқтап тұрғанын ескерте кетті. Дегенмен бұл кездесуде «Ақтөбе» 2:1 есебімен жеңуге тиіс деген болжам жасады. Сірә, ресейлік сайт біздің жігіттердің бір голы есепке алынбай қалатынын білмеген тәрізді. Ал «Vseprosport.ru» басылымы «Ордабасы» қазір тәуір формада емес, сондықтан өз алаңында болса да мығым оппонентті жеңеді деу қиын, сондай-ақ шымкенттіктердің жеңілетініне де сенгің келмейді. Біздің болжам — тең ойын», — деп жазды.

Осыған жалғастыра айта кетсек, «Қайсармен» тең ойыннан соң жартылай қорғаушымыз, сол кездесудегі жалғыз голымыздың авторы Арман Кеңесов: «Көптеген тәуір сәттеріміз болды, алайда ойымызды іске асыра алмадық. Келесі ойында үш ұпай аламыз», — деп уәде берген болатын. Дәл қақпа қарсысында жүргенде алдына келген допты осы Арман дәл соққанда, шынымен де, үш ұпай олжалайтын едік.

Дегенмен Арман да, басқалар да қажетті голды соға алмады.

Үмітіміз онсыз да аз еді, ақыры осылай болды.

Ойын басталысымен екі команда да бірден шабуылға көшті.

Шымкенттіктер айып алаңы сыртынан айып добын орындап еді, ол бұрыштама допқа айналды. Ақтөбеліктер де қарап қалмады. Алаң шын мәніндегі қиян-кескі қимылдарға толы болды. Стадионға келгендер әрқимылды аңды да отырды. Тап мынадай жан алып, жан беріскен ойындар, расында да, көп кездесе бермейтін.

Гол да аса көп күттірген жоқ. 13-минутта ақтөбелік футболшы Хосе Севальос өзіне тасталған пасты тамаша қабылдап алды да, тоқтатпастан қақырата соққы жасады. Шымкенттік қақпашы Бекхан Шайзада ентелей ұмтылғанымен бөгет бола алмады — 1:0.

Ал бірінші тайм аяқталар сәтте шымкенттіктердің қақпасына Дорни Ромеро екінші голды тоғытқан еді. Төреші мұны ережеден тыс соғылды деген желеумен есепке алғызбай қойды.

Екінші таймда нағыз арпалыс өріс алды. Бауыржан Исламхан, Айбол Әбікен, Шахбоз Умаров, Асхат Тағыберген тәрізді шымкенттік футболшылар біздің қақпашымыз Игорь Щацкийді мазалаумен болды. Ақыры гол соғылды. 72-минутта Бауыржан Исламхан сол қанаттан тамаша пас тастады да, айып алаңында жүрген Шахбоз Уваров допты тоқтатпастан теуіп, жібек торды желп еткізді — 1:1.

Бұдан әрі қонақтар ерекше ештеңе жасай алмады. 80-минутта дәл қақпа алдында жүрген Арман Кеңесовке тамаша пас келген еді, бірақ Арман допты өкшесімен көңілсіздеу тепті де, шабуыл нәтижесіз аяқталды.

Әттең, алаңның о басы мен бұ басының арасында желе жортып жүретін Максим Самородовтың жоқтығын ойладық та қойдық.

Сонымен, «Ақтөбе», міне, қатарынан үшінші рет тең ойнады. Ал «Ордабасы» мен «Тобылдың» запаста екі ойыны, «Астананың» тіпті бес ойыны бар екенін ескерсек, жерлестеріміздің биыл да алтын медальдан үміт үзе беруіне болатын сияқты. Ойыннан соңғы сұхбатында бас бапкер Дмитрий Парфенов та жарытып ештеңе айта алмады. «Ойын қызықты болды ғой деп ойлаймын» деген сияқты жауыр болған әңгімені одан әрі жалғастырды да тынды. Сірә, өзінің бапкер ретіндегі дәрменсіздігін мойындаса керек. Алаңға ойын бітер кезде ғана шыққан Ыдырыс Умаев қана: «Үш ұпайдан үмітті болып едік, бірақ біздің бұл кездесуде жиғанымыздан гөрі жоғалтқанымыз көп болды» деп тұйықтады сөзін. Иә, жетінші ойынды тең аяқтау аса абыройлы нәтиже емес. Жеті ойынды тең аяқтаған бес команданың бірі болдық та қалдық. Енді келесі ойынды да тең өткізіп, осы бестіктің «алдына шығуымыз» ғана қалып тұрған сияқты. Тек жеңіліп қалмасақ онда да…

«Ордабасы»-«Ақтөбе» — 1:1

Гол авторлары: Хосе Севальос, 13-минут (0:1); Шохбоз Умаров, 72-минут (1:1).

Ескерту қағазын алғандар: Ғафуржан Сүйімбаев, 27-минут, Сұлтанбек Астанов, 63-минут («Ордабасы»), Габи Кики, 62-минут, Леонел Струмия, 77-минут, Әлібек Қасым, 82-минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Әділхан Таңжарықов (Дмитрий Бессмертный, 88-минут), Әлібек Қасым, Габи Кики, Богдан Вэтэжелу, Уче Агбо, Хосе Севальос (Ыдырыс Умаев, 88-минут), Леонел Струмия, ​Фредди Гондола (Амаду Думбия, 67-минут), Дорни Ромеро, Жан Жайро (Арман Кеңесов, 79-минут).

Бас бапкер — Дмитрий Парфенов.

25 тамыз 2024 жыл. Шымкент қаласы, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Атырау»-«Шахтер» — 1:0

«Елімай»-«Қызылжар» — 2:1

«Қайсар»-«Жетісу» — 0:0

«Қайрат»-«Тобыл» — 2:2

«Жеңіс» пен «Астана» ойыны кейінге қалдырылды.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5 гол;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 5;

Дорни Ромеро, жартылай қорғаушы — 3.

Габи Кики, қорғаушы — 2;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 2;

Жан Жайро, жартылай қорғаушы — 2,

Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 2,

Хосе Севальос, жартылай қорғаушы — 2;

Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;

Матео Барач, қорғаушы — 1;

Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1;

Богдан Вэтэжелу, қорғаушы — 1;

Арман Кеңесов, қорғаушы — 1.

*   *   *

Жерлестеріміз 17 кездесу өткізіп, 8 рет жеңді, 7 рет тең ойнады, 2 рет жеңілді. Ұпай саны — 31. Доп айырмашылығы — 28-16.

*   *   *

18-турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:

  1. «Қайрат» (Алматы) — 32 ұпай;
  2. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 31 ұпай;

3.«Ордабасы» (Шымкент) — 30 ұпай;

  1. «Елімай (Семей) — 28 ұпай;
  2. «Тобыл» (Қостанай) — 23 ұпай;
  3. «Атырау» (Атырау) — 22 ұпай;
  4. «Қайсар» (Қызылорда) — 22 ұпай;
  5. «Қызылжар» (Петропавл) — 19 ұпай;
  6. «Жетісу» (Талдықорған) — 19 ұпай;
  7. «Астана» (Астана) — 18 ұпай;
  8. «Тұран» (Түркістан) — 12 ұпай;
  9. «Жеңіс» (Астана) — 9 ұпай;
  10. «Шахтер» (Қарағанды) — 8 ұпай.

*   *   *

19-тур ойындары

31 тамыз, сенбі

«Тобыл» — «Атырау»

«АҚТӨБЕ» — «ЕЛІМАЙ»

«Қайсар» — «Ордабасы»

1 қыркүйек, жексенбі

«Қайрат» — «Астана»

«Жетісу» — «Тұран»

«Шахтер» — «Жеңіс»

*   *   *

22 тамыз күні «Астана» Бергене қаласында Конфренция лигасының плей-офф кезеңінде Норвегияның «Бранн» командасымен кездесті. Футбол мамандары сырт алаңда өтетін бұл кездесудің бірінші ойынында жерлестеріміздің үш ұпай олжалау мүмкіндігі төмен екендігін айтқан болатын. Солай болды да. «Астана» 0:2 есебімен жеңіліске ұшырады. Үмітіміз аз болса да, амал жоқ, 29 тамызда Алматыда өтетін қарымта кездесуді күтеміз.

*   *   *

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов УЕФА Ұлттар лигасы аясында 6 қыркүйекте Норвегия, 9 қыркүйекте Словения құрамаларымен ойнауға шақырылған футболшыларымыздың жалпы тізімін жария етті. Бұл тізімде 36 футболшы бар. Үш футболшы — ақтөбелік.

Қақпашылар: Игорь Шацкий («Ақтөбе»), Александр Заруцкий («Астана»), Стас Покатилов («Тобыл»), Темірлан Анарбеков («Жеңіс»);

Қорғаушылар: Сергей Малый, Темірлан Ерланов, Сағадат Тұрсынбай, Сұлтанбек Астанов («Ордабасы»), Роман Асранқұлов, Еркін Тапалов («Тобол»), Александр Марочкин, Ян Вороговский, Марат Быстров («Астана»), Михаил Габышев («Елимай»), Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Лев Скворцов («Шинник», Ресей), Талғат Кусяпов («КАМАЗ», Ресей), Асхат Балтабеков («Жетісу»), Ұлар Жақсыбаев («Қызылжар»);

Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Айбол Әбікен («Ордабасы»), Рамазан Оразов («Силькеборг», Дания), Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Арман Кеңесов («Ақтөбе»), Бактиер Зайнутдинов («Бешикташ», Түркия), Исламбек Қуат, Абзал Бейсебеков («Астана»), Александр Зуев, Ислам Чесноков («Тобол»);

Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Адана Демирспор», Түркия), Айбар Жақсылықов («Қайсар»), Оралхан Өміртаев (БАТЭ, Беларусь), Эльхан Астанов, Рамазан Каримов («Астана»).

Нақты тізімге өзгерістер енгізілуі де мүмкін.

Оқу-жаттығу жиыны 1 қыркүйекте Алматыда басталады.

Алғашқы ойын 6 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында жергілікті уақытпен 19.00-де басталады.

Ал үш күннен соң, 9 қыркүйекте жерлестеріміз Люблян қаласының «Стожице» стадионында Словения құрамасымен күш сынасады. Басталуы — Астана уақытымен 23.45-те.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button