Басты жаңалықтар

Сәнге айналған сабын гүлдер

Кәсіп

Бүгінде ұзаққа шыдамды, айналаға хош иіс беретін сабын гүлдердің саудасы қызып тұр. Мұны кәсіп етіп, қосымша табыс тауып жүргендердің қатары да көбейді. Әйтеке би ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Ақмарал Маханова қазір ауылда сабынды гүл сатумен айналысады.

Сәтті қорғалған жоба

Ақмаралдың бизнес бастағанына небәрі екі-ақ ай болды. Сабын гүлді қолдан жасап, безендіріп, арнайы қорапқа салып және шоқ гүл етіп дайындайтын оның бұл өніміне сұраныс артып келеді. Гүл саудасын қосымша табыс көзіне айналдырған Ақмаралдың мамандығы — экономист-бухгалтер. Ол — Шығанақ Берсиев атындағы жоғары аграрлық-техникалық колледжінің түлегі.

Аудандық статистика басқармасында мамандығым бойынша еңбек етемін.Алайда қосымша табыс көптік етпейді. Қазір кәсіп бастаушыларға мемлекеттен берілетін қолдау да, көмек те бар. Тек соның тетігін тауып, қызығушылық танытсаң ғана болғаны. Бұған дейін аудандық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша жалпы мағлұмат алып, мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру бағытында жасаған бизнес жобамды қорғаған болатынмын. Алайда сол кезде мемлекеттік грант ала алмадым. Биыл тәуекелге бел буып, кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасына қатысып, бағымды сынап көргенмін. Бұл жолы майлы құрт өндіру бағытында қорғаған бизнес жобам көптің қызығушылығын тудырып, нәтижесінде 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткіздім, — дейді бизнес бастаушы Ақмарал Маханова.

Сиыр алып, сабын сатып…

Ақмарал Маханова Әйтеке би ауданының Т.Жүргенов ауылында тұрады. Жолдасы Ержігіт теміржол саласында еңбек етеді. Жас отбасында дүниеге келген төрт баланың үлкені — 13-те, кенжесі — 1,5 жаста. Шаңырақта ата-әженің мейіріміне бөленіп, өсіп келе жатқан немерелердің басы бүгінде ата-анаға қолғабыс етіп те жүр.

Грант қаражатына 3 сиыр сатып алдым. Майлы құрт жасау туралы бизнес бастамамды сәл кейінге шегеруге тура келді. Себебі бұл кәсіпті мал төлдеп, сүт көбейген шақта қолға аламын. Осы аралықта уақыт өткізбей, қосымша табыс тапқым келді. Көп ізденіп, ойланып, сабыннан гүл жасап сатуға тоқталдым. Әрине, бұл кәсіп біреулер үшін таңсық емес шығар, алайда ауылда мұндай бизнеспен ешкім шұғылданбайды. Бұл, бір жағынан менің ұтқан тұсым болса, екіншіден, өнімге күн өткен сайын сұраныс та артып,  тапсырыс берушілер көбейіп жатыр. Бір аптада 4-5 шоқ гүл сатылады, — дейді кейіпкеріміз.

Соңғы жылдары сабын гүлдер сату бизнесі трендке айналды. Ақмарал Маханова ұзақ сақталатын, хош иісті әрі күнделікті тұрмысқа пайдалы мұндай гүлдер мереке күндері көп сатылатынын айтады. Кейіпкеріміз ауылда бұл өнімді өткізудің де жолын тауыпты.

Қазір ауылымызда торт сататын екідүкен бар. Екеуінің де иесін жақсы танимын, олар да өзім сияқты— бизнес бастаушылар. Құрбыларыммен келісіп, өз қолыммен жасаған сабынды гүлдерімді сол дүкендерге қоямын. Туған күн иелеріне, болмаса түрлі мерекелік іс-шараларға торт сатып алатындардың қасына гүл алатына белгілі. Өнімдерімді осылай өткізіп жатырмын. Тапсырыс беріп, жасататындар да бар. Менің бизнесім жайында көпшілік инстаграм парақшамнан көріп, хабарласып жатады. Өйткені әрбір жасаған туындымды әлеуметтік парақшама салып, көптеген ватсап чаттарда бөлісіп, жарнамалаймын, — деді Ақмарал.

Тараздан келетін гүлшанақтар

Ақмаралдан сабынды гүл жасаудың әдісін сұрадық:

Осы бизнесті бастарда мен әлеуметтік желіден шеберлік сабақтарын сатып алдым. Мақсатым — сабыннан гүл шоқтарын  жасаудың техникасын, әдісін меңгеру. Шикізатты Тараз қаласынан тапсырыспен алдырамын. Себебі онда «Мыльные розы» деген үлкен сауда орны бар. Қораптағы сабынды гүлшанақтарды көтерме бағасына алдыртамын. Сабын гүлдердің де түр-түрі болады. Көбіне раушан, таушымылдық, гортензия, камелия сияқты гүлдердің түрін сатамын. Бір қорапта мұндай гүлдердің 50 данасы болады. Оның бағасы — 7500 теңге. Әрине, бұл жерде гүлшанақтардың қабаты басты назарға алынады. Мәселен, 3 қабатты гүлшанақтардың бір қорабы 5500-6000 теңге тұрады. Ал гүлдің дайын сабағын базардан сатып аламын. Кейде сабақтың орнына жіңішке таяқшаларды (шпажка — авт.)  да пайдаланамын. Шоқ гүлдерді безендіру үшін жасанды жапырақтар да сауда орындарында сатылады, — дейді Ақмарал Маханова.

«Өшпейтін гүлдер», жасанды өнім

Кейіпкеріміздің айтуынша, мұндай өнімдер ерекше сыйлық саналады. Себебі сыйлыққа шағырмашылықпен қарау, оның қолдан жасалуы бірегей туындылар қатарына жатады.

Интернеттегіанық мәліметтерден сабыннан гүл жасау идеясы Оңтүстік-шығыс Азиядан бастау алғанын білдік. Тайланд тұрғындары, дәлірек айтсақ, Чианг Рай округінің тұрғындары сабын оюмен айналысқан. Уақыт өте келе олар өздерінің бос уақытын қолөнершілердің ұрпақтарымен бірге осы өнерді жете меңгеруге арнайды. Олар «мұндай гүлдер мәңгі «өмір сүре алады» дейді. Ал Оңтүстік Кореяда «сабыннан гүл жасау» идеясы дамыды және өнердің бұл түрін барлық флорист біліп, меңгерді. Сөйтіп, олар «солмайтын гүлдерді» ойлап тапты.

Бастапқыда бұл керемет декор элементі ұзақ уақыт бойы үйде танымал болса, ал қазір сабыннан жасалған раушан гүл шоқтарының сәні бүкіл әлемге таралды.

Мұндай гүлдердің бүршіктері арнайы сабын ерітіндісін қолдана отырып, мамандандырылған зауыттарда жасалады. Әрі қарайғы өндірісте гүлшоқтарға табиғи хош иісі бар қоспалар беріледі. Алуан түстер палитрасы және бүршіктердің әртүрлі өлшемдері барлық жағдайға арналған гүл шоқтарының түрлі нұсқаларын жасауға мүмкіндік береді. Сабынды гүл шоқтары үй интерьерлерінде, кеңселерде, таныстырылымдар мен өзге де мерекелік шоуларда айналаға көрік шашып, хош иіс береді.

Біз күнделікті тұрмыста сабын қолдануға дағдыланғанбыз. Алайда оның гигиеналық және косметикалық мақсаттармен шектелмейтінін білетіндер аз. Сабыннан гүл шоқтарын жасау барысында оны үйлестіре білу керек. Гүл композицияларын құрастыру, жалпы өнердің бұл түрі адамның ой-қиялын ұштап, шығармашылығын дамыта түседі. Әдетте табиғи гүл шоқтары қаншалықты қымбат әрі әдемі болса да, уақыт өте солып қалады. Ал сабынды гүлдер бөлмені ерекше таңдаулы парфюмерияның хош иісімен толтырады, — деді кейіпкеріміз.

Бизнес бастаушы Ақмарал Маханованың айтуынша, сабын негізіндегі гүлдер композициясының қызмет ету мерзімі оның қалай қолданылатынына байланысты болмақ. Егер сабын өзінің мақсатына сай қолданылса, онда мұндай шоқ гүл мөлшеріне байланысты 6 айдан 3 жылға дейінгі мерзімге жетеді. Ал егер ол тек сәндік мақсатқа қолданылса, онда өнімнің жарамдылық мерзімі ұзаққа шыдас береді. Кейіпкеріміз өз сөзінде сабыннан жасалатын мұндай бұйымның сапасы мен денсаулық үшін қауіпсіздігі де басты назарда екенін айтты.

P.S.Ақмарал сабын гүл шоқтарын ауыл тұрғындарының қалтасы еөтеретіндей етіп жасайды. Ішінде бес талы бар гүл шоғының бағасы — 3500 теңге, ал тоғыз тал гүл 8 мың теңгеге бағаланады. Ол аптасына осындай 4-5 шоқ гүлді өткізіп отыр.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button