Қалалық жарыс өтті
Волейбол
№2 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Ақтөбе қаласының дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығының ұйымдастыруымен әйелдер жамағаты арасында волейболдан қалалық спорт турнирі өтті.
Аталған турнир Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай өткізіліп отыр. Жарысқа қатысу үшін 6 команда өтініш білдірген. Турнирдің ашылуы мемлекеттік Әнұранмен басталды. Кейін орталықтың сектор меңгерушісі Айгүл Қанафия сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ойын алдында команда капитандары арасында жеребе тасталып, төреші нұсқауына сәйкес ойын тәртібі бекітіліп, ойын ережелері де ескертілді.
— Спорттық жарыстың бұл түрі жыл басынан бері екінші рет өткізіліп тұр.Бұл жарысқа әйелдер жамағатының қызығушылығы басым. Ойын өте тартысты өтіп жатыр. Осындай спорттық іс-шараларға Ақтөбе қаласының дене тәрбиесі және спорт бөлімі қолдау көрсетіп келеді. Жыл басынан бері жамағат арасында түрлі спорттық, мәдени іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Басты мақсат —әйелдер жамағатының ауызбіршілігін арттыру, ынтымақтастығын нығайту және салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, дәстүрлі емес дін ұстанушыларын зайырлы қоғамға тарту,—деді орталықтың сектор меңгерушісі Айгүл Қанафия.
Әр команда алаңда барын салып қызықты ойын өрнегін көрсетті. Спорттық додадағы тартысты бәйгеде І орын «Медина» командасына, ІІ орын «Ән-Нұр» командасына және ІІІ орын «Тасним» командасына бұйырды. Жеңімпаз және жүлдегер атанған командалар кубок, диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ