БілімБасты жаңалықтар

Жаңа замандағы білім

Тамыз кеңесі

ҮЗДІКТЕР МАРАПАТЫ ЖӘНЕ ІЗДЕНІМПАЗ ОҚУШЫЛАР

Ақтөбедегі Өнер орталығында педагогтердің облыстық тамыз кеңесі өтті. Дәстүрлі жиын «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» тақырыбына арналды. Сала үздіктері марапатталып, жиын тақырыбы аясында цифрлық көрме ұйымдастырылды.

Облыстық тамыз кеңесі отырысына облыс әкімі Асхат Шахаров, білім саласының ардагерлері, салалық кәсіподақ мүшелері, балалар құқығын қорғау аймақтық өкілдері, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, мектептер мен колледждердің, қосымша білім беру ұйымдарының директорлары, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері, педагогтер қатысты.

1200 педагогтің басын қосқан кеңес Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаевтың бейнеқұттықтауымен басталды. Облыстық тамыз кеңесінде облыс әкімі Асхат Шахаров педагогтерді келе жатқан оқу жылымен құттықтап, өңірдегі білім беру саласының дамуына тоқталды.

Біздің өңірде 300 мыңға жуық бала бар. Бұл облыс халқының 30 пайызын құрайды. Ертеңгі ел болашағы — осылар. Жалпы, еліміздің әрбір азаматы  20 жыл бойы  білім беру жүйесінің аясында болады. Яғни 2 жасар бала балабақшаға келіп, 22 жаста кәсіби маман болып шыққанға дейін өздеріңіздің білімдеріңізбен сусындайды.Мемлекет тарапынан білім берудің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрі жасалып жатыр. Білім саласын қаржыландыру көлемі 250 миллиард теңгеге дейін немесе жалпы облыс бюджетінің 60 пайызына дейін өсті. Мұғалімдердің жалақысы едәуір артты, мектеп асханаларында балаларға тегін тамақтану ұйымдастырылды, білім беру инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Облыс әкімдігі жұмыс істеп тұрған білім беру ұйымдарын жарақтандыру және жаңғыртуға ерекше назар аударып келеді және қажетті қаражатты уақтылы бөледі. Біз күрделі жөндеу, апатты және үш ауысымды мектептерге қатысты мәселелерді жүйелі түрде шешетін боламыз. Бастысы әр педагогтен өз міндеттерін сапалы орындау талап етіледі. Мұғалімдер жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасауы керек. Оқу орындары баланың білімі үшін ғана емес, оның жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін де жауап береді. Біз Мемлекет басшысының сапалы адами капиталды қалыптастыруға қатысты жүктеген міндеттерін бірге орындауға тиіспіз, — деді өңір басшысы.

Асхат Шахаров «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға айырықша назар аударды. Бүгінде өңірде 13 150 орындық 14 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр.«Қазірдің өзінде құрылыстың аяқталғанын күтпей, осы мектептерде жұмыс істейтін сапалы мамандар дайын болуға тиіс. Бұл — өте маңызды міндет. Жұмыс бүгіннен басталуы қажет. Әрбір мектеп өзінің даму стратегиясын даярлауы керек. Онда мұқият зерделенген оқу жоспары мен Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім инновация лицейлерінде қолданылатын апробациядан өткен әдістемелерді пайдалану, нақты академиялық шыншылдыққа негізделген мектепішілік бақылау жүйесін қалыптастыру мәселелері де қарастырылуға тиіс. Сонда ғана жайлы мектептер инфрақұрылым жағынан да, мазмұны жағынан да орта білім берудің сапалы экожүйесін құруда өз міндетін атқарады»,—  деп атап өтті облыс әкімі. Өңір басшысы оқушылардың білім жетістіктерін халықаралық бағалау (PISA) нәтижелері бойынша біздің облыс математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылығы жағынан ең үздік өңірлердің қатарына енгенін алға тартты. Мұндай нәтиже көңіл қуантады. Алайда өңір мектептеріндегі үлгерім деңгейін теңестіру керек. Бұл мақсатта облыстың білім саласын дамытудың нақты Жол картасы әзірленген, оны іске асыру үшін алдағы уақытта біршама жұмыс істелуге тиіс. Сондай-ақ Асхат Шахаров балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды тапсырды және бұл міндетті педагогтерге жүктеді.

Одан соң 6 педагогке — «Ы.Алтынсарин», 12 педагогке — «Білім беру ісінің үздігі», тағы 6 педагогке «Еңбек ардагері» төсбелгілерін табыстады. Сондай-ақ 20 педагог облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. «Орта білім беретін үздік ұйым» грантына арналған байқаудың жеңімпаздары да осы жиында марапатталды.

Мұнда М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты бас жүлде мен 15 миллион теңгенің сертификатын жеңіп алды. Ал Ақтөбе қаласындағы №17 мектеп-гимназиясы, Қобда қазақ орта мектебі,  Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы №4 орта мектеп, Хромтау ауданы Дөң мектеп-гимназиясы жүлделі орындардан көрінді, олардың әрқайсысына 13 миллион теңгенің сертификаттары тапсырылды.

Сонымен қатар тамыз кеңесінде облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан білім беру процесін жақсарту үшін жалпыға ортақ қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Ауыл мектептері — үнемі назарда. Ғаламтор жоқ жерде Starlink спутниктік жүйесі пайдаланылды. Біз цифрлық білім беру ресурстарын енгізіп жатырмыз. Былтыр «Қазақстан халқына» қоры есебінен 134 шағын жинақты мектеп жабдықталды. Нәтижесінде қала мен ауыл арасындағы алшақтық 5 пайызға қысқарды. Біз өңірде цифрландыруды енгізу, атап айтқанда, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырамыз. Қала мектептеріне біртіндеп отандық IT-мамандар ойлап тапқан «Alaqan» жүйесімен жасайтын турникет орнатылады.Қазір бұл жүйе енгізілген мектеп оқушылары турникетке алақанды сканерлеу арқылы кіріп-шығады.Цифрлық жүйе мектепке бейтаныс тұлғалардың кірмеуіне және қауіпсіздік үшін маңызды, дейді Жайық Сұлтан.

Одан соң Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиева, Шалқар ауданы №3 орта мектебінің ағылшын пәні мұғалімі Гүлмира Зейнуллақызы, Қарғалы ауданы Жосалы орта мектеп-балабақшасының директоры Еркін Елеуов, Unicef Giga/DPG кеңесшісі Бағдат Кұлназаров, Knowledge Engineering компаниясының EDTECH бөлімінің басшысы, білім беру саласындағы Microsoft серіктесі Нартай Әшім, «Креативті бастамалар және мәдени мұра қоғамдық қорының құрылтайшысы, креативті экономиканың ұлттық сарапшысы Дина Әбдрахмет, Educoach тұлғалық даму орталығының негізін қалаушы, 125 Ақтөбе high school директоры Арман Темірқұл баяндама оқыды.

Кеңес барысында цифрлық көрме ұйымдастырылды. Көрмеде студенттер мен оқушылардың стартап, STEAM-білім беру саласындағы жобалары, сондай-ақ оқыту үшін жайлы және қауіпсіз цифрлық ортаны құрудың жаңа модельдері ұсынылды.Көрмені өңірдіңпедагогтерімен бірге облыс әкімі Асхат Шахаров та аралап көрді. Мұнда озық цифрлы технологияларды түсіндіретін, виртуалды әлемге шақыратын көрнекіліктер мен түрлі жобалар ұсынылды.

Көрмеге қатысқандардың ең кішкентайы — Алға ауданы Бестамақ орта мектебінің  4 а сынып оқушысы Ерсұлтан Жалғасбай екен. Ол өңір басшысы алдында жобасы туралы мәліметті мүдірместен айта жөнелді. Анасы Гүлзира Бердембаеваның айтуынша, Ерсұлтан робототехникаға қызығушылығының арқасында үшінші сыныпта жүргенде бірнеше жетістікке жетті.

— Былтыр қараша айында  Қарағанды қаласында ұйымдастырылған «VIII ROBOLAND-2023» Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалінде 6-9 жастағы балалар арасында екінші орынға ие болды. Жетекшісі — информатика пәнінің мұғалімі Жансая Қуатбаймен бірге зерттеу жұмысын одан әрі жетілдіре келіп, «Зерде» ғылыми- зерттеу жобалар байқауының аудандық, облыстық, республикалық кезеңдерінің жеңімпазы атанды, — дейді Ерсұлтанның анасы. Ал жас ғалымның өзі көрмеге үй жағдайында инкубатор жасап келгенін, сол арқылы табыс көзіне жетуді мақсат етіп отырғанын айтты.

— Инкубаторды жасауға жетекшім көмектесті, ал әкем керек құралды табуға жәрдем берді. Содан пенопласт, су құятын ыдыс, көне, жұмыс жасамайтын компьютердің желдеткішін, лего ойыншығының бөлшектері мен термореттегішті пайдаланып, инкубатор жасадым. Бұл бизнес өзіме ұнайды. Себебі жұмыртқа — табиғи таза өнім. Әрі денсаулыққа өте пайдалы. Бұл жобаны қорғаудағы мақсатым — ауылда тұратын кез келген адамның шағын бизнес ашып, әл-ауқатынкөтеруге мүмкіндігі бар екенін дәлелдеу, — дейді Ерсұлтан Жалғасбай. Сондай-ақ ол мамыр айында Алматы қаласына «Балапан» телеарнасының ғылымды дәріптеуге арналған «Ғылымға саяхат» тележобасының түсіріліміне бағдарлама қонағы ретінде  шақырылып,түсірілімге барыпкелген. Түсірілім барысында ол өзінің туған жері Ақтөбе облысы туралы қызықты мәліметтерді айтқанын, қорғаған жобасын таныстырғанын және болашақтағы армандарымен бөліскенін айтты. Көрмеге Ақтөбе қаласындағы Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның 5-сыныптың оқушысы Алижан Жарылқасын да қатысты. Ол «Ултьрадыбысты левитатор» жобасын әкеліпті.

— Ультрадыбыс толқындарының басты ерекшелігі — оларды дыбыс көзінен белгілі бір бағытта таралатындай етіп бағыттауға болады. Ультрадыбысты жануарлар да шығара алады. Мәселен, жарғанаттар. Мен онлайн тапсырыс беріп, левитатор құрылғысын алғыздым. Соның көмегімен ультрадыбыс шығаруға болады, оның шыққанын біз левитатордың үстіне пенапластың бір түйірін қойсақ, ауада қалқып тұрғанын көреміз, содан ультрадыбыс шыққанын байқай аламыз, —деген Алижан көпшілік назарына левитаторды ұсынды.

Жетекшісі Дария Байғазинаның айтуынша, Алижан 1-сыныптан бері физикаға қызығады. Кішкентай кезінен бері робототехника, модельдеумен айналысқан.

— Алижан — жанып тұрған бала, тіл-көзден аман болсын. Биыл бастауышты бітіріп, бесінші сыныпқа көшті. Мен қимай шығарып салып жатырмын. Көп ізденеді. Алғыр. Көшбасшы. Оқу озаты. Мектепке қабылданып, сыныпқа келген сәттен бастап өзін-өзі көрсете алды. 1-сыныпта біз «Зерде» байқауына қатыстық, орын алмадық. Екеуміз орын алмағанымызға ренжідік. Тақырыбымыз қоқыс туралы болатын. Екінші сыныпта кеме туралы ізденіп, қалалық кезеңнен екінші орын, облыстық кезеңненүшінші орын алдық. Ал үшінші сыныпта ғылыми жобаның өзектілігі маңызды екенін түсініп, қолында бар қалдық заттардан кеме жасап, су құйылған ыдысын алып барып, кемені жүзгізді.Бастауыш сынып  оқушысы физиканы оқымайды, бірақ оған мұғалімдер болып бағыт-бағдар беріп жібергенбіз, өзі әрмен қарай ізденіп, алып кетті, — дейді бастауыш сыныптағы жетекшісі Дария Байғазина.

 Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button