Спорт

Тең текетірес бізді бірінші орыннан сырғытты

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Қайсар» — 1:1

 17-18 тамыз күндері Премьер-Лиганың 17-тур кездесулері өтті.

Бұл турда «Елімай» командасы ерекше назар аудартты, Түркістанның «Тұран» командасын қабылдаған семейлік футболшылар 6:0 есебімен жеңіске жетті. Тағы бір ірі есепке сырт алаңда «Жетісумен» ойнаған «Тобылдың» қолы жетті (0:3). Ал бұған дейінгі турларда «Шахтер» мен «Елімайды» ірі есептермен жеңген «Қайрат» сырт алаңда, Петропавлда, сәл басым есеппен «Қызылжарды» ұтып, қатарынан үшінші рет жеңіске ие болды. Алғашқы үштікте келе жатқан «Ордабасы» да Қарағандыда үш ұпай олжалады. Ал өз алаңымызда «Қайсармен» тең ойнаған «Ақтөбе» бірінші орында «Қайратқа» ұсынуға мәжбүр болды.

*   *   *

Бұл турда жерлестеріміз өз алаңымызда Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады.

Еске сала кетсек, «Ақтөбе» биылғы маусымдағы ең алғашқы ойынын 1 наурызда Қызылордада осы «Қайсармен» өткізген болатын. Сыр бойының футболшылары 1:3 есебімен жеңіліс тапты. Ыдырыс Умаев екі гол соқса, оған Максим Самородов бір гол қосқан. Сол алғашқы ойындарында «Қайсар» қатарынан үш рет ұтылды. Дегенмен кейін «Қайратты» ұтты (1:0), «Тобылды» ұтты (2:1), «Астанамен» тең ойнады (1:1). Әйтсе де лидерлерге көрсеткен «мінезін» қызылордалықтар тұрақты ұстап тұра алмады. Жалпы биыл командалар ала-құла ойнады. Сөйтіп, тамыздың басында «Қайсар» бесінші орынға табан тіреді. Онда да соңғы екі кездесуде жинаған төрт ұпайдың пайдасы зор болды.

Айтпақшы, осы кездесу алдында берген сұхбатында Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Евгений Аверченко: «Бүгін «Ақтөбе» үш ұпайды оңай олжалайды деп ойламаймын. Алаң иелері үшін кездесу тіпті де жеңіл болмайды. Айтсайдерлер чемпионат лидерлеріне бой бермейтін кездері болатынын көріп жүрміз. Рас, «Ақтөбенің» деңгейі «Қайсардан» жоғары. Бірақ ойын барысында барлығы да өзгеруі мүмкін. Қызылордалықтар, қай кездегідей де, стандартты жағдайларды тәп-тәуір пайдаланады. Оның үстіне бұлар соңғы кезде жап-жақсы екпін ала бастады», — деді.

Ал Ақтөбедегі ойын алма-кезек шабуылдармен басталды. Бірде алаң иелері, бірде қонақтар бір-бірінің қимылын аңдап бақты. Футболшылардың бір-біріне доп асырумен болған есепті қимылдары жанкүйерлерді жалықтырып жібергендей де болған. Дегенмен 22-минутта гол соғылып, стадион гу ете түсті. Жан Жайро сол қапталдан жасаған қуатты соққы қақпаның маңдайшасына тиіп кері серпілген болатын, сол бойда дәп осы маңайда жүрген Арман Кеңесовтің аяғына тап келді де, Арман ойланбастан және бір соққы жасады, қызылордалық қақпашы Степан Сикач аңырып қалды — 1.0.

Бұдан соң да ақтөбеліктердің есепті ұлғайта түсерлік мүмкіндіктері болмай қалған жоқ. Бірақ, ең бастысы, қызылордалық қақпашы Степан Сикач қатесіз ойнады. Осы бірнші таймда да, одан соң екінші таймда да Жан Жайро, Дорни Ромеро, Әлібек Қасым бірінен соң бірі жасаған қауіпті соққыларды Степан жанқиярлықпен қайтарумен болды. Мейлі ғой. Сол күйімен қалса ештеңе емес еді. Ең өкініштісі, біздің футболшылардың өз қақпамызға гол соққызып алуы болды. 60-минутта қызылордалық футболшылар алаң ортасынан айып добын орындады да, қорғаныста жүрген жігіттеріміздің бірі Уче Агбо дәл төбесінен ұшып бара жатқан допты баспен одан әрі аулаққа асырып жібермек болып талпынғанмен, екпіні бәсеңсіп қалған доп біздің қақпамыздың дәл алдына келе қалды. Мұндай жағдайды қалт жібермейтін қызылордалық футболшылар допты қақпаға енгізді де жіберді — 1:1.

Нағыз аласапыран осыдан соң басталды. Алаң иелері гол соқпақққа үздіксіз тырысып бақты, «Қайсар» футболшылары тас түйін қорғанумен болды. Расы керек, жерлестеріміздің тағы бір гол соғарлық мүмкіндіктері болды, бірақ бірде қақпаны дәл нысанаға ала алмады, нысанаға алса Сикач қақшып алумен болды.

Осылайша ойын тең аяқталды.

Бұған таңғалуға да болмайды. Маусымның соңына таман ақтөбелік футболшылар шаршай бастай ма, әйтеуір, жылда турнир кестесін бастап келеді де, тықыр таянған шақта ортақол командалардан жеңіліп, чемпиондықты басқа командаларға беруге мәжбүр болады. Биыл да солай болатын түрі бар. Өткен турда «Атыраумен» тең ойнадық, оны сырт алаң деп есептесек, ал мына өз алаңымыздағы тең ойын түсініксіз болды. Шеберлігі сырттай анық көрініп тұрған жерлестеріміздің жауапты гол соғуға келгендегі пұшаймандығы қауіп ойлатпай қоймайды екен. Ойыннан соң бас бапкері Дмитрий Парфенов: «Қауіпті сәттер тудыруда бұл ең үздік кездесулердің бірі болды. Егер қандай да бір айып тағуға тура келсе, тек гол соға алмағанымызды ғана айтуға болады» деген ыңғайда ақталғансып үлгерді. Әңгіме де сол гол соғуда болып тұрған жоқ па? Гол — басты көрсеткіш, ал алаңда әрлі-берлі нәтижесіз ойнақтау — тіпті де басқа мәселе. Өткен жылы соңғы турларда «Ақсумен», «Жетісумен», «Оқжетпеспен», «Каспиймен», «Мақтааралмен» тең ойнап үшінші орынға әзер іліккеніміз есте шығар. Ал 2022 жылы 24-турға дейін көш бастап келіп, соңғы ойындарда абыройдан айрылғанымыз да ұмтылған жоқ. «Ақтөбе» биылғы маусымды да солайша аяқтауды жоспарлап отыр ма екен?

«Ақтөбе»-«Қайсар» — 1:1

Гол авторлары: Арман Кеңесов, 32-минут (1:0), Горан Милойко, 60-минут (1:1).

Ескерту қағазын алғандар: Василий Совпель, 33-минут; Думан Нарзильдаев, 80-минут, Уче Агбо, 90-4 минут.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Әділхан Таңжарықов, Әлібек Қасым, Габи Кики, Богдан Вэтэжелу, Уче Агбо, Хосе Севальос, Арман Кеңесов (Фредди Гондола, 61-минут), Амаду Думбия (Дмитрий Бессмертный, 77-минут), ​Дорни Ромеро, Жан Жайро.

Бас бапкер — Дмитрий Парфенов.

18 тамыз 2024 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Жетісу»-«Тобыл» — 0:3

«Қызылжар»-«Қайрат» — 0:1

«Шахтер»-«Ордабасы» — 2:3

«Елімай»-«Тұран» — 6:0

«Астана» мен «Атырау» кездесуі кейінге қалдырылды.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5 гол;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 5;

Дорни Ромеро, жартылай қорғаушы — 3.

Габи Кики, қорғаушы — 2;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 2;

Жан Жайро, жартылай қорғаушы — 2,

Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 2,

Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;

Матео Барач, қорғаушы — 1;

Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1;

Хосе Севальюс, жартылай қорғаушы — 1;

Богдан Вэтэжелу, қорғаушы — 1;

Арман Кеңесов, қорғаушы — 1.

*   *   *

Жерлестеріміз 15 кездесу өткізіп, 8 рет жеңді, 6 рет тең ойнады, 2 рет жеңілді. Ұпай саны — 30. Доп айырмашылығы — 27-15.

*   *   *

17-турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:

  1. «Қайрат» (Алматы) — 31 ұпай;
  2. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 30 ұпай;
  3. «Ордабасы» (Шымкент) — 29 ұпай;
  4. «Елімай» (Семей) — 25 ұпай;
  5. «Тобыл» (Қостанай) — 22 ұпай;
  6. «Қайсар» (Қызылорда) — 21 ұпай;
  7. «Атырау» (Атырау) — 19 ұпай;
  8. «Қызылжар» (Петропавл) — 19 ұпай;
  9. «Астана» (Астана) — 18 ұпай;
  10. «Жетісу» (Талдықорған) — 18 ұпай;
  11. «Тұран» (Түркістан) — 12 ұпай;
  12. «Жеңіс» (Астана) — 9 ұпай;
  13. «Шахтер» (Қарағанды) — 8 ұпай.

*   *   *

18-тур ойындары

24 тамыз, сенбі:

«Атырау» — Шахтер»

«Елімай» — «Қызылжар»

«Қайсар» — «Жетісу»

25 тамыз, жексенбі:

«Қайрат» — «Тобыл»,

«Жеңіс» — «Астана»

«ОРДАБАСЫ» — «АҚТӨБЕ»

*   *   *

14 тамыз күні «Астана» өз алаңымызда Румынияның «Корвинул» (Хунедоара) командасымен кездесті. Бұдан бір апта бұрын сырт алаңдағы кездесуде астаналықтар 2:1 есебімен жеңген болатын. «Бұл жеңіс түптің-түбінде Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінде ойнап жатқан «Астананың» плей-офф кезеңіне өтуге мүмкіндік беретін тәрізді» деп жазған едік. Солай болды да.

Кездесу 6:1 есебімен аяқталды. «Астана» тарапынан гол соққандар: Чинеду Джеффри, 13,68-минуттар, Марин Томасов 57,75-минуттар, Назми Грипши, 73-минут, Эльхан Астанов, 84-минут.

Енді 22 тамыз күні жерлестеріміз плей-офф кезеңінде Норвегияның «Бранн» командасымен бірінші кездесуін өткізеді. Қарымта кездесу 29 тамызда Қазақстанда өтуге тиіс. Осы екі кездесудің қорытындысы бойынша «Астана» жеңіске жетсе, Конференция лигасының топтық кезеңінде ойнайтын болады.

Ал 15 тамыз күні осы Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында Ереван қаласында Шымкенттің «Ордабасы» командасы Арменияның «Пюник» командасымен қарымта кездесу өткізді.

Бар мәселені 66-минутта Юсуф Отубанджо соққан гол шешіп кетті. Бұл жігіт бірінші кездесу барысында да Шымкентте 56-минутта дәл осындай жалғыз голды соғып командасына жеңіс әперген еді. Қанша тырмысқандарымен шымкенттік команда қарсыластар қақпасына жауап доп соға алмады. Сөйтіп, жалпы есеп бойынша (0:2) «Пюник» плей-офф кезеңіне өтті де, жерлестеріміз Еурокубок ойындарына биылша нүкте қойды.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button