Басты жаңалықтар

Жаңа оқу жылына дайынсыз ба?

Жазғы демалыс аяқталуға жақын. Сабақтың басталуына екі аптадай уақыт қалды. Ата-аналардың дені базар мен дүкен аралап, баласының киімі мен керек-жарағын іздеп әлек. Отбасында мектепте оқитын баласы бар ата-аналар қажетті оқу құралдарының бағасы жыл сайын құбылып тұратынын, биыл да өскенін айтады. Сонымен,баланы мектепке дайындау қаншаға шығады?Мектеп формасын ательеге тіккізген дұрыс па? Сатып алса ше? Оқушы киімі мен оқу құралдарын интернет-дүкендерге онлайн тапсырыс беріп алған тиімді ме?

Мектеп формасы — оқушы сәні

Білім беру ұйымдары үшін міндетті бірыңғай мектеп формасы — зайырлы қоғам талабы. Бұл орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған. Форманың пішіні, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, түстерді үштен асырмай араластыруға рұқсат етілген. Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен реттелген. 2024-2025 оқу жылында осы №26 қолданыстағы бұйрық басшылыққа алынатын болады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие беру жұмыстары бөлімінің басшысы Гүлдана Бакиева айтты.

— Мектеп формасы

— оқушы сәні, ол күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.

Ұлдардың мектеп формасы пиджак, жилет, шалбар, күнделікті жейдеден тұрса, қыздардың мектеп формасы пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейдеден тұрады. Ұлдардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ жейдеден, қыздар үшін ақ түсті блузкадан тұрады.Осы жерде шалбарға қатысты айта кететін болсам, ұлдардың да, қыздардың да шалбары еркін тігілген, ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы қажет.Сонымен қатар кейбір мектеп формасына білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін орналастыра алады. Ал оқушының спорттық формасына спорттық костюм, яғни спорттық шалбар, куртка, жейде, кроссовка, кеды секілді спорттық аяқкиім жатады. Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар орта білім беру ұйымдарының фойесінде, интернет-ресурстарында жарияланады. Оқушылар белгіленген мектеп формасын сақтауға, ал ата-аналар және өзге заңды өкілдер  білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға міндетті,— дейді Гүлдана Бакиева.Сондай-ақ ол мектеп формасы туралы мәселелерді талқылауға балалардың ата-аналары және өзге де заңды өкілдері, мектептің өзін-өзі басқару мүшелері, қамқоршылар кеңесі мен ата-аналар комитеті қатысатынын және бұйрық талаптарына сәйкес ұсыныстар енгізе алатынын айтты. Мектеп формасының түсін, фасонын таңдау, юбканың немесе сарафанның ұзындығын бекітудібілім беру ұйымдары мен қамқоршылық кеңесі немесе ата-аналар комитеті, мектептегі өзін-өзі басқару ұйымы айқындап, сосын жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.

— Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға рұқсат етілмейді және жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарлар киюге тыйым салынады.Әрине, ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер мектеп формасын тігетін кәсіпорынды немесе оқушы киімдерін сататын сауда желісін өздері таңдап, сатып алуына да болады, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Бакиева.

Тігіншінің әңгімесі

Бүгінде жергілікті базарлар мен сауда үйлерінде мектеп формасының сан алуан түрі самсап тұр, қандайы керек: қара көк, ашық көк, қара, қоңыр, қызғылт қоңыр, сұр. Алайда кейбір мектептер ательеге немесе тігін цехына тапсырыс бергенді қалайды.

Мәселен, №51 гимназия білім алушылары былтырғы оқу жылында қара көк түсті мектеп формасын киді. Бастауыш сынып оқушылары сол маңдағы ательеге тапсырыс беріп, тіккізіп киген болатын. Биыл да бұл білім ордасында мектеп формасының түсі сол күйі қалмақ, өзгермеді. Ата-аналардың кейбірі жилетті ғана тіккізіп, ал шалбар немесе юбканың дайын түрін базардан сатып алғанды тиімді санайды.

Біз де 12-шағын аудандағы «Аида» сауда үйінде орналасқан, біраз жылдан бері мектеп формасын тігіп келе жатқан «Сұлулық» ательесіне хабарластық. Тігіншісі Аружан Балмұхатова анасының тігінші екенін, тігін ісін кішкентайынан көріп өсіп, үйреніп алғанын айтты.

— Біраз жылдан бері анам екеуміз мектеп формасын тігеміз. 1-4 сыныптың оқушыларына мектеп формасын былтыр 14500 теңгеге тіккенбіз, биылғы баға — 17 мың теңге. Ал 5-11 сыныптың оқушысының киімінөткен жылы 16 мыңға тіксек, биыл 18500 теңгеге тігіп жатырмыз. Баға матаның сапасына байланысты, мәселен,форма костюмдік матадан тігілсе, қымбаттау болады. Біз тігіп жатқан ұлдардың мектеп формасының жиынтығына шалбар-жилет, галстук кіреді, қыздарға да юбка-жилет, галстук тігеміз. №56 орта мектептің оқушыларына 6-7 жылдан бері мектеп формасын тігіп жүрміз. №51 гимназияның білім алушыларына мектеп формасын соңғы екі-үш жылдан бері тігетін болдық. Сосын бізге мектеп формасында эмблемасы бар Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназия, «Bilim» және «Smart Bilim» мектептерінен де тапсырыстар түседі, — дейді Аружан Балмұхатова. Тігіншінің айтуынша, маусым-шілде айларында мектеп формасына тапсырыс болмайды. Есесіне, ательеге тапсырыс берушілер тамыз айында көбейеді екен. Ата-аналардың кейбірі баласының бойы өсіп кететінін ойлап, ерте жазда тапсырыс беруге  асықпайтын көрінеді.

— Бала күні бойы мектеп формасын киіп жүреді. Сол үшін де матаның сапасына қатты көңіл бөлеміз. Синтетикалық материалдан тігілсе, бала терлеп, тез салқын тиіп, ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан матаның таза, табиғи болғаны маңызды. Елімізде мата өндіретін өнеркәсіп жоқтығы тігіншілерге қиын боп тұр. Амалымыз болмағандықтан, Түркия мен Бішкектің маталарын сатып алуға мәжбүрміз, — дейді ақтөбелік тігінші.

Дүкен саудасы қызған шақ

Қазір тұрғындардың көпшілігі маркетплейстегі заттарға онлайн тапсырыс береді. Ол жақта да таңдау көп, бағасы да орташа. Онлайн дүкендерге тапсырыс берудің тиімді тұсы — қаланы шарлап, керек-жарағыңды іздеп, жүйкеңді шартшатпайсың, уақытыңды да тиімді пайдалануға көмектеседі. Тек киіміңнің мөлшерін дәл көрсетсең болғаны, жеткізілу мерзімі де қаланың қашықтығына қарай бес күннен артық. Қабылдау пунктіне барған кезде тауарды тексеріп, кем-кетігі бар-жоғын қарап алғаныңыз жөн, әйтпесе, ақауы бар киім не затты бірден қайтармасаңыз, кейін кері қайтару қиынға соғады.

Жаңа оқу жылы жақындаған тұста кейбір сауда орталықтары әжептәуір жеңілдіктер ұсынады. Мәселен, спорт тауарларын сататын белгілі дүкеннен денешынықтыруға арналған кроссовканы 8 мың теңгеге, ал қысқа жеңді жейдені 2,5 мың теңгеге сатып алуға болады.

Ал «Детский мир» дүкенінде  ұлдың ақ көйлегін немесе қызға арналған ақ блузканы 3 мың теңгеден табуға болады. Бұл дүкеннің арнайы қосымшасы бар, смартфоныңыздан алатын затыңыздың түр-түсі мен бағасын алдын ала қарап, таңдап қоюға ыңғайлы. Бірақ ол үшін де аналарға уақыт пен шыдамдылық керек. Бүгінде «Керуен сити» ойын-сауық орталығындағы мектеп формасын жыл бойы сататын «Glasman kids» бутигіне баратындардың қарасы көбейген. Ол жерде сатылатын мектеп формасы —  «Made in Kazakhstan». Әрі юбка мен жилет, костюм-шалбардың бәрі — қара көк түсті. Бір жақсысы, осы жерден мектеп формасын сатып алған көпбалалы аналарға  10 пайыз жеңілдік бар. Мәселен, 9 мың теңгенің ақ блузкасын, 8100 теңгеге ала аласыз. Ал 40 мың теңгеге киім алсаңыз, 36 мың теңгесін төлейсіз.

Айтпақшы, 1 тамыздан бері қаладағы «Далида» сауда үйінде мектеп базары өткізіліп жатыр екен. Мұнда кәсіпкерлер мен саудагерлер кеңсе тауарлары мен оқушы сөмкесін сөреге самсатып шығарып қойыпты. Ателье өкілдері өздері тіккен мектеп формалары мен бантик, галстуктерін көпшілік назарына ұсынып тұр. Бұл жерде дайын киімді де сатып алуға да, тіпті тапсырыс беруге де болады. Сондай-ақ тауарларды мұнда қала базарларындағы бағадан төмен ала аласыз. Бір жерден көп зат алсаңыз, сатушылармен келісіп, жеңілдікпен де алуға болады екен.

Сатушылар тамыз айының алғашқы екі аптасында адам аз келгенін, адам қарасы енді ғана көбейіп, сауда да қыза бастағанын айтты.

Байқағанымыздай, облыстың, тіпті еліміздің біраз білім беру ұйымдары қара көк түсті мектеп формасын киеді екен.

ОҚУШЫ КИІМІ ҚАНША ТҰРАДЫ?

Ұлға

Ақ көйлек— 3 мың теңгеден

Классикалық шалбар — 7 мың теңгеден

Пиджак, бомбер, кардиган — 10 мың теңгеден

Жилет — 7 мың теңгеден

Белбеу — 2,5 мың теңгеден

Ішкиімі — 1000 теңгеден

Туфли 10 мың теңгеден басталады.

Қызға

Ақ блузка — 4-5 мың теңгеден

Юбка — 6 мың теңгеден

Жилет — 8 мың теңгеден

Шалбар — 7 мың теңгеден

Сарафан — 8 мың теңгеден

Пиджак — 14 мың теңгеден

Ішкиімі — 1200 теңгеден

Туфли 12 мың теңгеден басталады.

 

Оқу құралдары да қажет

Көптеген мектептер қажетті оқу құралдарының тізімін жасап, жаңа оқу жылының қарсаңында ата-аналар чатына салады. Мәселен, бастауыш сынып оқушысына 10  дара жол, 10 торкөз дәптер, дәптер мен кітаптың қаптары, күнделік, пенал, екі қалам, екі жай қарындаш, өшіргіш, ұштағыш, сызғыш, желім, қайшы мен түрлітүсті қағаздар мен картондар, сурет салуға арналған альбом, акварель бояуы қылқаламымен, суы төгілмейтін ыдыс, ермексаз, циркуль керек. 1-сынып оқушысына да шамамен осындай құралдар қажет. Оған қоса бірінші сыныпқа арналған 10 дәптер керек.

Ал орта буын мен жоғары сынып оқушыларына  шығармашылыққа арналған құралдардың қажеті жоқ, есесіне қалың және пәндік дәптерлер, жаратылыстану ғылымдарына және сызу мен бейнелеу өнеріне арналған кеңсе тауарлары қажет. Кеңсе тауарларын сататын арнайы  дүкендерде оқу құралдарын таңдап алуға мүмкіндік бар. Тіпті баға жағынан да базардағыдан гөрі тиімдірек.

Оқушы сөмкесіне салынатын заттардың бағасын санап көрейік: торкөз, дара жол, 1-сыныпқа арналған дара жол дәптердің күңгірттеу парақты түрі — 17 теңге, ал ақ парақты түрі — 25 теңге. Дәптер қабы (20 дана) — 300 теңге. Кітап қабы (20 дана) — 600 теңге. Қалың дәптер (пәнге арналған) парақ санына байланысты 120 теңгеден басталады. Сурет салуға арналған альбомның 8 беттігі 145 теңге болса, түрлі түсті қағаздың 8 беттігі — 120 теңге. Түрлі түсті картон жиынтығы бет санына байланысты 150 теңгеден өсе береді. Қаламның ең арзаны 20 теңге болса, түрлітүсті қарындашты 600 теңгеге алуға болады. Ермексазды — 400 теңгеге, ішінде 3 қылқалам бар жиынтықты — 305 теңгеге, акварель бояуын — 250 теңгеге, ұштағышты — 50 теңгеге, өшіргішті — 70 теңгеге, желімді — 80 теңгеге, фломастерді 700 теңгеге алуға болады. Әрине, бұл бастапқы бағасы, сапасына, санына қарай бағасы да өсе бермек. Пенал бағасы 200 бен 1500 теңгенің аралығында болса, күнделікті — 500 теңгеге, рюкзакты 5 мың теңгеге сатып ала аласыз. Орталық базар мен кеңсе тауарларын сататын дүкендерді аралап шыққаннан кейінгі орташа бағаны ұсынып отырмыз. Әр жерде әрқалай, таңдауыңыз бен қалтаңызға қарайтыныңыз анық.

Айтпақшы, ата-аналар екінші аяқкиімді немесе спорттық аяқкиімді ауыстырып салатын дорбаны да алуды ұмытпағаны жөн. Оның да бағасы  матасының сапасына қарай 600 теңгеден жоғарылай береді.

Демеушілер көмегі

Елімізде біраз жылдан бері өткізілетін республикалық «Мектепке жол» акциясының мақсаты —  мектеп оқушыларын жалпыға бірдей міндетті біліммен қамтамасыз ету. Сонымен қатар аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу.

Жыл сайын біздің өңірде аталған акция 1 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін ұйымдастырылады.

Облыстық білім басқармасының бас маманы Ардақ Мырзағалидың айтуынша,

«Мектепке жол» акциясы аясындабиыл 1 тамыздан бастап өңірдегі 4145 балаға демеушілер тарапынанмектеп формасы, спорттық киім, күрте, оқу құралдары түрінде көмек көрсетілді. Бұл мақсатта 157 миллион теңге жұмсалған.

Сауалнама

  1. Мектепке баруға дайынсыздар ма?
  2. Балаңызды киіндіруге және керек-жарағын алуға қанша теңге жұмсадыңыз?

Ботакөз ІЛИЯСҚЫЗЫ, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

— Үш баламыз мектепке, ал біреуі балабақшаға барады. Жыл сайын бойлары өсіп жатқандықтан балаларға жаңа киім алуға тура келеді. Баларымыз оқитын мектепте бекітілген мектеп формасының түсі — қара көк. Қызымыз өзіне үйлесетін оқушы киімін «Glasman kids» бутигінен тапты. 35 мың теңгеге киінді. Оның ішіне костюм мен юбкасы, ақ блузкасы кіреді. Ал аяқкиімді интернет-дүкендерден таңдап, онлайн тапсырыс беріп қойдық. Пәндік қалың дәптерлерін де қаладан алып келді. Ұлдарға киімді енді қараймыз. Оларға да қос-қостан аяқкиім керек. Оқу құралдарынан тек дәптер мен қалам алып қойдық. Одан басқа да қаншама кеңсе тауары әлі алынбады.

Мәншүк БЕКТҰРСЫНОВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Төрт баламыздың екеуі мектепте оқиды, біреуі — балабақшада, біреуі әлі екіге толған жоқ. Үшінші сыныпта оқитын ұлымды киіндіруге 45 мың теңге жұмсадық. Онда да киімдерді «Аида» сауда үйіндегі бір бутиктен жеңілдетілген бағада алдық.Сол жерден аяқкиім, кроссовка, туфли, екі шалбар, үш рубашка, жилет, ақ футболка  алдық. Ал кейбір оқу құралдарына интернет-дүкендерге онлайн тапсырыс бердік. Екі балаға дасолжерден оқушы сөмкесін, қарындаш, фломастер, циркуль алатын болдық. Тауар — әлі жолда. «Аида»сауда үйінен 550 теңгеге бес күндік оқуға арналған күнделік алдық. Балабақшаға баратын ұлымызға да түрлі түсті қағаз, қылқаламы бар акварель бояу, қайшы, қалам, дәптер секілді оқу құралдары керек. Оны оқу жылы басталарда алып береміз.

Айнұр ЕСЕНӘЛИЕВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Алты баланың анасымын.Оның үшеуі — мектеп оқушылары. Балаларымыз жетінші, төртінші, екінші сыныпқа көшті. Тағы бір баламыз биыл мектепке даярлық сыныбына баруы керек еді, апарып-алып келетін адам болмағандықтан, келесі жылы бірінші сыныпқа бірден барар деп отырмыз. Үш баланы да киіндірдік. Үшеуіне 250 мың теңгеден артық ақша жұмсадық. Онда да «Аида» сауда үйіндегі балалар киімін сататын бутикте жеңілдетілген бағада тұрған тауарлар арасынан қарадық. Сөмкелері, бантиктері, колготкилері, костюм-шалбар, юбка-жилет, ақ көйлектер мен ақ блузка, оқу құралдарының да біразын алдық.

  Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button