Атом электр станциясы: мамандар пікірі

«Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер.
Қазақстан — әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше, өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды.
Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек.
Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі — еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ
«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауынан.
Қазіргі таңда еліміз бойынша жер-жерде Қазақстанда атом электр станциясын салу турасында қоғамдық талқылаулар өтіп жатыр. Оған Қазақстанның Азаматтық Альянсы, сарапшылар, қоғамдық ұйым өкілдері мен тұрғындар қатысуда.
Атом электр станциясын салудағы басты қажеттілік — еліміздегі электр энергиясына тапшылық мәселесін шешу. Дей тұрғанмен халықтың ой-пікірімен санасу үшін осы күзде бұл мәселе бойынша референдумның ұйымдастырылатыны белгілі. Осы тұста біз АЭС-ке қатысты сарапшы мамандардың, құзырлы орган өкілдерінің, т.б. пікірлерін ұсынуды жөн көрдік.
Әлқисса…
Ақтөбедегі басқосудан…
Таяуда Ақтөбе қаласында облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен Қазақстанда атом электр станциясын салу жөніндегі жоспарлар бойынша жария талқылау өтті. Басқосуға тұрғындар мен белсенділер, Энергетика министрлігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, Ұлттық ядролық орталық және Ядролық физика институтының өкілдері қатысты.
Талқылау барысында қазіргі атом электр станцияларының қауіпсіздігі, олардың жұмыс істеу принциптері және қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі бойынша мәселелер сөз болды.
Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова өз сөзінде атом электр станциясының құрылысы елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызды екенін атап өтті.
— Белсенді генераторлық көздер ең жоғары жүктемелерді қамтымайды. Қазақстандағы электр станциялардың көпшілігі — көмір электр станциялар, өткен ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап жұмыс істейді. Олар өз ресурстарын сарқып жатыр. Қазірдің өзінде олардың тозуы 70 пайыздан асады. Ал энергия тұтыну жыл сайын өсуде. АЭС — көмірсутек ресурстары мен энергияны сырттан тұтынуды азайтатын сенімді энергия көзі. Энергия тұтынудың артуы және төмен көміртекті экономикаға көшу қажеттілігі кезінде атом энергетикасын дамыту — ең оңтайлы шешім, — деді Гүлмира Мурсалова.
Өз кезегінде «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин қазіргі уақытта атом электр станциясының құрылысы қай жерде болатыны турасында зерттеулердің жүргізіліп жатқанын айтты.
— Біздің компания екі ауданды зерттеді. Бұлар — Абай облысындағы Курчатов ауданы және Алматы облысына қарасты Үлкен ауылы. Зерттеу нәтижелері бойынша екі аудан да электр станциясын орналастыруға жарамды. АЭХА қорытындысына сәйкес АЭС-ті Балқаш көлінің жанында орналастыруға кедергі келтіретін факторлар жоқ. Бұған дейін АЭС-тің 13 түрлі жобасы ұсынылған болатын. Олардың төртеуі таңдалды. Бұл — барлық қауіпсіздік талаптарына жауап беретін және экономикалық көрсеткіштері жақсартылған 3 немесе 3+ буынының реакторлары, —деп атап өтті Тимур Жантикин.
Сондай-ақ сарапшы АЭС құрылысы экономиканы және өнеркәсіптің аралас салаларын дамыту үшін мультипликативті әсер беретінін, жұмыс орындарын құруға ықпал ететінін тілге тиек етті. Мәселен, атом электр станциясын салу кезінде 8 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылады, ал станцияны пайдалану кезінде тікелей 2 мыңға дейін жаңа жұмыс орны құрылмақ. Оның айтуынша, АЭС құрылысы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын да арттырады.
«Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиев те атом электр станциясын салу идеясын қолдайды. Ол Ядролық физика институтының базасында суды зерттеу реакторы — болашақта Қазақстанда салынатын атом электр станциясының прототипі жұмыс істейтінін алға тартты.
— АЭХА-да АЭС және зерттеу реакторлары үшін қауіпсіздік талаптары бірдей. Сондықтан біздің реакторға қатысты 57 жылдың ішінде бірде-бір оқиға болған жоқ. Сонымен қатар атомдарды экономиканың барлық саласында: өнеркәсіпте, медицинада, ауыл шаруашылығында, азық-түлік өңдеуде, басқа да мақсатта пайдалануға болады, —деді ол.
Ол атом электр станциясы экологиялық таза, ел тұрғындарын 100 жыл бойы үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ететін негізгі электр энергиясы екенін баян етті.
Министр не дейді?
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкіметте өткен баспасөз конференциясында АЭС салынған жағдайда ол қаншалықты қауіпсіз болатыны туралы айтып берді:
— Бүгінгі таңда Біртұтас электр энергетикалық жүйеде, негізінен, ең көп тұтынған уақытта тапшылық байқалады. Тапшылық электр энергиясын бірыңғай сатып алушы жүзеге асыратын іргелес мемлекеттердің энергия жүйелерінен электр энергиясын жоспарлы импорттау жолымен жабылады. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті ұлғайту мақсатында министрлік электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын қабылдады, оған сәйкес қолданыстағы жобаларды жаңғыртудың бірқатар жобаларын іске асыру, сондай-ақ шамамен 26 ГВт жиынтық қуатқа жаңа қуаттарды енгізу көзделген.
Еуропаның өзінде атом электр энергиясын жасыл электр энергиясы деп мойындады. Біріккен Араб әмірлігінде қоршаған ортаға тигізетін зиянды зерттеу жайлы өткен конференцияда 60 ел атом энергиясын пайдалануды кеңейту жайлы келісімшартқа қол қойды. Алдағы үш жылда атом электр энергиясын пайдалану 3 есеге артады деп отыр. Қазақстан да осы тұрғыда ортақ ережелерді пайдалана отыра жүзеге асырады.
Шешім қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірі ескерілетін болады. Ол қандай формада болатындығын қазір айта алмаймын. Әртүрлі пікір бар екенін білеміз. Бірақ атом станциясы құрылысын қолдайтын адамдардың саны едәуір өсті. Өйткені олар қандай технологиялар қолданылатыны, станцияның қауіпсіздігі, елдің дамуы үшін де, аймақтың дамуы үшін де болатын мүмкіндіктер туралы ақпарат алды.
Біз баршаны азаматтық ұстанымын білдіруге және референдумға қатысуға шақырамыз. Референдум тиімді өтуі үшін халықтың 50 пайызы қатысып, олардың кем дегенде 50 пайызы Қазақстанның атом энергетикасы мен атом индустриясын дамытуды қолдауы қажет. Өз тарапымнан процестің ашық, тиімді және транспарентті болатынына кепілдік беремін. Біз шешім қабылдау кезінде Қазақстан азаматтарының пікірін ескеретін боламыз. Референдумның критерийлері белгілі —қауіпсіздік, қоршаған ортаға минималды әсер, перспективалар және экономикалық факторлар.
Көршілес мемлекеттің үлгісі
Орталық Азия елдерінің АЭС салу ниеті туралы «Қазақпарат»ақпарат агенттігіне пікір білдірген сарапшы, Өзбекстан Ғылым Академиясының Мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері Равшан Назаров:
—Орталық Азия аумағындағы мемлекеттердің белсенді өнекәсіптік дамуы мен демографиялық жағдайы электр энергиясына деген сұранысты екі еселейді. Оны өндірудің ең белгілі екі жолы бар: бірі — жылу электр станциясы, екіншісі — су электр станциясы. Дегенмен аталғандардың алғашқысы экологиялық тұрғыдан тиімсіз саналады. Бұл ретте газды қолдануға болады, алайда бүгінде біздің аймақта көгілдір отынның дефициті байқалып отыр. Ал гидроэлектростанцияларға келетін болсақ, мұндай ауқымды мүмкіндік өңірдегі екі елде ғана бар, олар: Қырғызстан мен Тәжікстан. Бұл мемлекеттердің аумағында Орталық Азияға қажетті су жиналады.
Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан сияқты елдерде судан электр энергиясын өндіру мәселесі күрделі. Ал баламалы энергия көзі саналатын фотоэлектростанциялардың қуаты қажеттілікті жабуға жетпейді. Баламалы энергия көздері күн шықпаса немесе жел болмаса, жұмысын тоқтатады. Сондықтан қазіргі таңда үздіксіз энергия өндіруге қауқарлы атом электр станциясынан басқа балама жоқ деп санаймын.
Өзбекстан Орталық Азияда бірінші болып аз қуатты АЭС салу шешімін қабылдады. Осы тұрғыдан еліміз ұтымды жағдайда тұр. Өкінішке қарай, Қазақстанда жаппай радиофобияның белгілері бар. Өйткені ұзақ жылдар бойы бұл елде ядролық қарудың сынақтары өтті, адамдар оның зардабын тартты. Бұл ретте, менің ойымша, Қазақстан Үкіметі жалпыхалықтық референдум өткізу туралы өте орынды шешім қабылдады. Егер референдумның нәтижесі бойынша бұл шешім қолдау тапса, онда Қазақстан Өзбекстанның ізімен АЭС салуға кіріседі деп ойлаймын. Алайда оның қорытындысы бойынша көпшілік мұндай энергия өндіру көзіне қарсы болса, онда энергетика саласын дамыту оңай болмайтыны анық. Дефицит артса, Қазақстан көршілес мемлекеттерден, оның ішінде Өзбекстаннан электр энергиясын сатып алуы да мүмкін, — деді.
Әзірлеген Айәли АЙБЕК.



