Әлияның тігін әлемі

- Еңбек адамы
Әлия Өткелбаеваның есімі Ойыл өңірі жұртшылығы үшін жақсы таныс. Киім тігудің сан түрлі әдістері мен қыр-сырын меңгеруді, әсіресе ұлттық оюлардың қаншама құпиясын хас шеберге өмір тәжірибесі үйретті. Осы салада қырық жыл еңбек етіп, зейнетке шықса да, өзінен кейінгілерге әлі де мол тәжірибесін бөлісіп жүрген кейіпкеріміз үшін тігіншілік — оның сүйікті кәсібі, абыройлы еңбегі.
Комбинаттан басталған кәсіп
Әлия Өткелбаева Ойыл ауданының«Құрман» совхозында туып-өсті. Оның мамандығы — тігінші, пішуші. Әрине, киім тіккенге қарағанда, пішудің маңызы зор. Себебі тапсырыс берушімен кездесу кезінде киім пішуші оны мұқият зерделейді, модельдік және құрылымдық сызықтарға қатысты ұсыныстарын тыңдап, ондағы жекелеген элементтерге дейін басты назарда ұстайды. Ең бастысы — пішуші тапсырыс берушінің жасына, бойына ерекше мән беруі қажет. Міне, тігіншілік өнердің осындай техникасын шебер меңгерген кейіпкеріміз Әлия Өткелбаев қырық жыл бойы осы кәсіптен нәсібін тапты.
— Кеңестік заманда халықтың тұрмыс қажетін өтеу комбинаты деген мекеме болды. Мен Ойыл ауданының орталығындағы осындай мекемеде 1972 жылы еңбек жолымды бастадым. Мұнда киім тігу, шаштараз, фотоателье, аяқкиім жөндеу, ат әбзелдерін жасау сияқты халықтың тұрмыс қажетіне не керек, соның бәрі болды. Қазір оның жұрнағы да жоқ. Жұмысқа кірген жылдары мені жолдамамен Шымкент қаласына пішіп-тігу курсына жіберді. Онда бізге екі жыл ер адамның киімдерін, әсіресе костюм-шалбар тігудің қыр-сырын үйретті. Еңбекке араласқан кезде жас болдым, тәжірибем де аздау болатын. Оның үстіне жұмысқа жаңадан кірген жас маманға төленетін жалақы да тым аз болды. Сол кездегі комбинат директоры Ғани Есниязовқа тікелей барып, Алматы қаласына пішіп-тігу курсынан өтуге сұрандым. Комбинат басшылығы сұранысымды қабыл алып, Алматыда екі жыл мықты-мықты тігіншілерден дәріс алып, елге оралдым, — дейді Әлия Өткелбаева.

Қойшыларға тігілген қоржын
Тігін саласының барлық техникасын меңгерген кейіпкеріміз 1977 жылы «Құрман» совхозында ашылған тігін цехын басқарады.
— Қарамағымда 7 тігінші келіншек болды. Ол үшін совхозда бір ғимараттан арнайы бөлме беріліп, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Цехта балалар мен әйелдер киімдерін тіктік. Комбинатта еңбек еткен жылдарықойшыларға қоржын, масахана, олардың әйелдеріне халат та тіктік. Ол кезде басшылық бізді қой төлдету науқанына да жіберетін. Осындай науқандық жұмыстардың өзінен өмірлік көп тәжірибе жинақтадық, — дейді тігінші.
Осы тұста ол өмірлік серігі Жәукен Дарғалиевті жолықтырып, тұрмыс құрады. Бұл шаңырақта үш қыз дүниеге келді. Алайда ортаншы қызының мезгілсіз өмірден өткені ата-ананың қабырғасын қайыстырған ауыр қаза болды. Қыздары Ақмарал мен Сәуле ұстаздық етеді. Екеуі де — тұрмыста. Бүгінде жиен-немерелердің сүйікті ата-әжесі ұрпағының жетістігімен мақтанады.
Еңбек пен өнер — егіз ұғым
— Елде жекшелендіру басталған тұста комбинат та өз жұмысын тоқтатты. Жиырма жылдық еңбек өтілмен бір мен ғана емес, тұтас ұжым жұмыссыз қалдық. Ол кездегі комбинат директоры болған Осман Жүнбергеновтен осы салада еңбек етуімізді жалғастырып, бір бөлме сұрағанымызда, ол кісі үкіметтің мүлкін талан-таражға салуға болмайтынын айтты. Сөйтіп,жеті ай жұмыссыз жүрген маған аудан орталығында бұрын арнайы кәсіптік-техникалық училище, қазіргі Ойыл аудандық колледжіне өндірістік оқу шебері болуға ұсыныс түсті. Себебі сол кезде оқу орнында тігіншілер даярлайтын үш жылдық курс ашылатын болды. Бұл жерде 9-сыныпты бітірген қыздар үшін тәлімгерлік еттім. Кейін колледж жанынан бухгалтерлік, құрылыс курстары да ашылды. Тігіншілік курсқа қызығып келетін қыздардың саны азая бастағасын, бір жылдай құрылыс курсына басшылық еттім. Мұнда оқушылар кәсіби сылақшы мамандығын игеріп шығатын. Дегенмен кейін еурожөндеудің қыр-сырын да үйрете бастадық. Өзіміз де біраз нәрсені өндірістік тәжірибе кезінде үйрендік.Ол кезде 54 жаста едім. Кәсіби біліміммен қоса, басқарушылық қабілеті мол колледж директоры болған Ғазиз Займолдиннің қарамағында 15 жыл еңбек етіппін, — деді кейіпкеріміз.
Әлия Өткелбаева 2008 жылдың күзінде аудандық Мәдениет үйінде еңбек жолын жалғастырады. «Мұндағы міндетім — театр суретшісі және қойма меңгерушісі. Ескі қоймадағы мүлікті санап, түгелдеп алдым. Өзіме үлкен бөлме берілді. Онда тігіншілік іспен айналыстым. Жеке тігін мәшенкемді осында орнатып, ескі кәсібіме қайта кірістім. Бұл жерде театр артистерінің киімін тіктім. Шапан, оюлы шапан, киіз үй жабдықтарын, жаңа жыл қарсаңында Аяз ата, Қар қызының, тіпті балаларға түрлі ертегі кейіпкерлерінің киімін де тігетінмін», — дейді тігінші.
Тігіншінің нағыз шеберлігі өзі сияқты қолөнершілердің бәйгесінде сыналады. 2012 жылы Әлия Өткелбаева облыс орталығында «Еңбек пен өнер — егіз ұғым» тақырыбында 13 ұжымнан қатысқан тігіншілер байқауында жүлделі орынға ие болды.
— Байқауға аудандық Мәдениет үйі атынан қатыстым. Таныстыру кезеңінде өз қолымнан шыққан аңшының киімін қазылар алқасының назарына ұсынып, бұл туындының тігілу жолын, ондағы әрбір детальға жеке-жеке тоқталуым керек болды. Бұл — тымағына дейін сәтті шыққан образ еді. Бұдан бөлек байқауда әр шебердің қолынан шыққан туындылардан дефиле ұйымдастырылды. Сол жерде менің 7,5 жыл тіккен түрлі сахналық киімдерім көпшілік назарына ұсынылды. Бұл жерде Ойыл аудандық Мәдениет үйі басшылығының ұйымдастыруымен жастар түрлі образдарды көпшіліктің алдына алып шықты, — дейді Әлия Өткелбаева.
«Шебердің қолы ортақ». Шынайы шебердің қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс жыл өткен сайын арта түседі. Себебі ол зейнеткерлікке шықса да, оған тапсырыс көптеп түскен. Осылайша Әлия Өткелбаева құрбысы екеуі аудандағы «Қазпошта» ғимаратының бір бөлмесін жалға алып, іс тігуді жалғастырады.
— Бұл жерде зейнеткерлер үшін жалға алатын бөлмеге төленетін төлемақыда жеңілдік қарастырылған екен. Оның өзі қырық жыл еңбек етіп, сол кезде 29 мың теңгемен зейнеткерлікке шыққан адамға үлкен жеңілдік болды. Тігіншілік — тапсырысқа қарай төленетін жұмыс болғандықтан, бұл жерде бос уақытымызды тиімді пайдалануға жұмсадық, — дейді кейіпкеріміз.
«Алтын оймақ» немесе 200 әйелдің тәлімгері
Әлия Өткелбаева 2017 жылы отбасымен Ақтөбе қаласына қоныс аударады. Мұнда да төрт қабырғаға қарап отырмай, «Азая» тігін ательесіне жұмысқа тұрады. Ол шеберханада тігінші емес, тәлімгер ретінде төрт жыл қыз-келіншектерге өндірістік оқу шебері болды. Кейін аталған ательенің Байғанин ауданында филиалы ашылып, ауыл әйелдеріне де бұл өнердің қыр-сырын үйреткен кездерді кейіпкеріміз есіне түсірді.
Бүгінде жасы жетпіске таяған Әлия Өткелбаева әлі де болса кәсібінен нәсібін тауып жүр. Ол — әр бастаған ісінің лайықты бағасын, адал еңбектің нәтижесін ала білетін жан. Бүгіндеоблыс орталығындағы «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы жанынан ашылған «Алтын оймақ» кабинетіне жетекшілік ететін ардагер тігінші әлеуметтік топтағы 200-ге тарта әйелге іс тігуді үйреткен.
— «Алтын оймақ» кабинеті ашылғаннан бері жұмыс істеймін. Бұл — Ақтөбедегі дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығы жанынан ашылған кабинет. Бұл жерде біз көпбалалы, жалғызбасты, ерекше бала тәрбиелеп отырған әлеуметтік топтағы аналарға қолдау көрсетеміз. «Алтын оймақ» кабинетінде тігіншілік өнердің қыр-сырын үйренгісі келетін жандар алдын ала жазылады. Кейін шақырту бойынша курсқа келеді, мықты шеберханаларда өндірістік тәжірибеден өтеді. Қолдарына сертификат алған курс тыңдаушыларының арасында өз кәсібін бастаған оқушыларым да бар. Біз бұл жерде оларға тігін мәшенкесін қалай іске қосудан бастап, құрақ құраудың, іс тігудің барлық техникасын үйретеміз. Мұнда олардың өз мата, мақтасынан көрпе, көпшік тігіп алуына жағдай да жасалған, — дейді тігінші Әлия Өткелбаева.
Орталықта күніне екі ауысыммен 15 адамға дейін іс тігудің қыр-сырын меңгертіп, өзінің бай тәжірибесін өзгеге үйретуден жалықпай жүрген Әлия Өткелбаеваның бұл ісі — қарапайым еңбек адамының шынайы үлгісі.
P.S. Ол ең алғаш анасы Әдемінің іс мәшенкесін меңгерді. Бүгінде заманауи үлгідегі тігін мәшенкелерін бес саусағындай білетін Әлия Өткелбаева қазір үйінің төрінде тұрған «Чайканы» көненің көзіндей сақтап отыр. Заманында бұл құралмен ою басып, талай істе тапсырысты сенімді қабылдауға мүмкіндік берген ескі техника шебер үшін әлі де болса құнын жойған емес.
Арайлым НҰРБАЕВА.



