Ұшқыштар «Ұстаханасына» — 50 жыл
Ақтөбе қаласында орналасқан екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе Қорғанысы күштері Әскери институтының құрылғанына биыл — 50 жыл. Мерейтойға арналған салтанатты іс-шара оқу орны алаңында басталып, Өнер орталығында жалғасын тапты.
Іс-шараға мәртебелі қонақтар — Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, еліміздің Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы Дәурен Қосанов, офицерлер, курсанттар, еліміздің Қарулы Күштерінің ардагерлері қатысты.
Жиналғандар әуелі Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің рухына тағзым етіп, бюстіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды.
Қорғаныс күштерінің әскери институтының идеология-әскери-патриоттық жұмыс бөлімінің бастығы,подполковник Әділ Қозбағаровтың айтуынша, 1974 жылы негізі қаланған оқу орны бастапқыда азаматтық авиация мамандарын даярлаған.
— Ақтөбе азаматтық авиация жоғары ұшу училищесіне 1992 жылы Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің есімі берілді. Оқу орны кейін әскери институт болды, содан бері әскери авиация мамандарын даярлап келеді. Бүгінде жойғыш ұшқыштар,тікұшақ ұшқыштары, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаратындар және диспетчерлер, сонымен қатар инженерлер, авиацияық құрылғы, қару-жарақ, радиоэлектроника мамандары даярланады. Соңғы екі жылда біз ұшқышсыз ұшу аппаратын басқару мамандығына көп көңіл бөліп жатырмыз. 2025 жылы осы мамандық бойынша алғашқы түлектер бітіріп шығады. Әскери дәрігерлерді де оқытып жатырмыз. Былтыр 22 қыз баланы қабылдадық. Теңізшілерді де даярлаймыз. Көпсалалы институтымыз болашақта әскери авиациялық академия болады деп жоспарланып отыр, — дейді подполковник Әділ Қозбағаров.
Әуелі әскери институттың Туы әскери оркестрдің сүйемелдеуімен ортаға әкелініп, Әнұран орындалды.
Мерейтойдың мәртебелі қонағы — қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров алғашқы боп сөз сөйледі.
— Құрметті әріптестер! Ақтөбеге келіп, сіздермен жүздескеніме өте қуаныштымын. Сіздер үлкен іс-шараға куә боп тұрсыздар. Бүгін ардақты азамат Талғат Бигелдинов есімі берілген Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты 50 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Ұшқыштар «ұстаханасына» айналған оқу орнын түлектерінің 80 пайызы Қазақстанның Қарулы Күштері қатарында қызмет етіп жүр.
Талғат Жақыпбекұлы осы оқу орнын жақсы көрді, алғашқы түлектерімен кездесіп, батасын берген болатын. Мен соған куә болдым.
Айналайын ақтөбеліктер! Сіздер бақыттысыздар! Қай кезден де Ақтөбе ұшқыштарды өз жерінде даярлады. Ақтөбе — қасиетті жер. Батырлар мекені.
Құрметті жастар! Сіздер де үлкен дәрежеге жетесіздер.
Сіздерді оқытып жатқан профессорлар мен оқытушылардың білім-білігі жоғары. Институтымыздың түлектері көп болсын! Осы оқу орнынан шыққан екі космановт бар: бірі — Юрий Лончаков, екіншісі — Талғат Мұсабаев. Әскери институттың мерейі әрқашан үстем болсын! 50 жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын! — деді Тоқтар Әубәкіров.Одан соң сала ардагерлері — Әуе қорғанысы күштері әскери институтының бірінші бастығы, авиация генерал майоры Тұрар Нұрғалиев, әскери қайраткер, авиация генерал майоры Алтай Жұманов, Қазақстан Қарулы Күштері ардагерлерінің Ақтөбе филиалының төрағасы, запастағы полковник Қажымұқан Сәтенов, Ақтөбе жоғары әскери авиациялық училищесінің бірінші штаб бастығы запастағы полковник Сағижан Қайыров институт ұжымы мен курсанттарды оқу орны мерейтойымен құттықтады. «Қазақстан инжениринг» ЖШС бас директоры, запастағы полковник Ғани Байсейітов құттықтау сөз сөйлеп, институттың 50 жылдығына компаниясы атынан 10 ұшқышсыз ұшу аппаратын сыйға тартты.
Одан соң әскери қызметшілерге кезекті шендері табысталды. Жеке құрамға мерейтойлық медальдар тапсырылды.Кезекті шенін алып жатқан Асылбек Сахиұлының иығына анасы Қатира Шалабаева погонын тақты. Ақ жаулықты анамен тілдестік.
— Алты баланың анасымын. Төрт қызым, екі ұлым бар. Екі ұлдың үлкені осы — Асылбегім. Әскерден келген соң осы жерге жұмысқа орналасты. Әскер қатарында болғанда ефрейтор болып келіп еді. Осы оқу орнында жұмыс істегеніне де 7-8 жылдай болды. Сержант шеніне ие болды. Үйленді. Келінім мен екі немерем бар. Институттың 50 жылдығы құтты болсын! Алла азаматтарға денсаулық пен абырой берсін! — дейді Қатира Шалабаева.
Іс-шараға қатысушылар әскери институт аумағында орналасқан Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы мұражайды аралады. Бұл мұражай осы оқу орнын 2002 жылы бітірген түлектердің тартуы болатын.
Әуе қорғанысы күштерi әскери институтының 50 жылдығына арналған салтанатты іс-шара Өнер орталығында да өтті. Зал погоны бар, әскери киінген офицерлер мен курсанттарға толы болды. Бұл жерде де ортаға Ту әкелініп, Әнұран шырқалды. Жиналғандарды әуелі облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтады.
— Бүгінгі басқосу еліміздің мақтанышына айналған әскери ұшқыштар мен авиация мамандарын даярлайтын екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерiәскери институтының елу жылдық мерейтойына арналып отыр. Баршаңызды осынау мерейлі белеспен құттықтаймын. Дана халқымыз«Елу жылда ел жаңа»дейді, осы жылдар ішінде бұл оқу орнында көптеген маңызды тапсырмалар орындалды.Әскери институтты осы уақытқа дейін 5 мыңнан астам түлек бітіріп, азаматтық авиация саласын дамытуға өз үлестерін қосып отыр. Еліміздегі Авиациялық басшылық құрамның 80 пайыздан астамы — осы оқу орнының түлектері.Олардың бірі, Халық қаһарманы, ғарышкер, авиация генерал-лейтенанты Талғат Мұсабаев екендігін айтып өткім келеді.
Осында білім алған авиация мамандары бүгінде Қазақстанның, ТМД елдері мен алыс-жақын шетелдердің әртүрлі авиация саласында табысты еңбек етіп, еліміздің әуе қорғанысын дамытуға да ерекше үлес қосып келеді. Орта Азиядағы жалғыз әскери институттың қасиетті Ақтөбе төрінде орналасқандығы кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатады. Институтты материалдық-техникалық жағынан нығайту мақсатында әскери қызметкерлер жатақханасын жөндеу және Мәртөк ауданы аумағында орналасқан оқу-жаттығу ғимараттарын газбен жабдықтау мәселесі қарастырылып жатыр.
Мемлекет басшысы да өз сөзінде: «Мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін арттыру — негізгі стратегиялық мақсатымыздың бірі және ол туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі» деген болатын. Осы орайда Әскери институттың мамандары көктемгі су тасқыны кезінде әуе кемелерімен халықты құтқару, эвакуациялау және жол қатынасы үзілген елді мекендерге гуманитарлық көмекті жеткізу жұмыстарына өлшеусіз көмек көрсетті. Күрделі кезеңде әуе кемелерінің көмегімен 35 адам құтқарылып, 3 мыңнан астам адам эвакуацияланды және 150 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.
Құрметті офицер мырзалар! Қызметтеріңіз қашанда құрметке лайық. Халық еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Сол абырой биігінен түспеңіздер!Барлығыңызға мол бақыт, зор денсаулық, сәттілік тілеймін.Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! — деді облыс әкімі Асхат Шахаров. Одан соң өңір басшысы су тасқынының алдын алу шараларына қатысып, атсалысқан 7 әскери қызметкерге «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.
Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы Дәурен Қосанов та әріптестерін мерейтойларымен құттықтады.
Салтанатты іс-шара соңы «Достық сазы» ансамблі мен «Аққу» би ансамблінің концертіне ұласты.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.