Экономика

Борыштың өтемі бар

Қаржы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту комитеті қаржы және қор нарықтарының негіздері  туралы мақалалар легін әзірлеген болатын. Бүгін сол мақалалардың бірін ұсынып отырмыз.

Банк  құралдарының бірі – кредит туралы сөз қозғамай  тұрып, бір  оқиғаны айта кетуді жөн көрдік. Қуат пен Алина — жас отау иелері. Өздері  бөлек  тұрады, пәтері бар, әзірше балалары жоқ. Екеуіне бөлгенде табыстары шүкір — 150 000 теңге, олар  оны  ешқайда инвестицияламайды, тек өздерінің қалауы бойынша толығымен жұмсайды. Ағымдағы шығыстарды жауып отыру  үшін  ақша  үнемі жеткілікті  болғандықтан, олар  жаңа автомобиль алуға  мүмкіндігіміз бар ғой деп шешті.

Сөйтіп өздеріне  ұнаған машинаны  сатып алу  үшін кредит (2 жылға жылдық 12 пайызбен 8000 доллар) алды. Қуат пен Алина бұл кредитті толық өтей аламыз, өйткені отбасының  табысы бізге заем бойынша  ай сайынғы төлемдер жасауға мүмкіндік береді деп ойлады. Алайда мұндай жеңіл көзқарас бірден қателікке соқтырды автомобильді сатып алған мезеттен бастап ақша тіпті  жетпей жатты. Істің  мәні мынада – жас отау иелері өздерінің бастапқы өмір салтын өзгерткен жоқ, оған енді машинаға қызмет көрсету шығындары – бензин, сақтандыру, машинаны автотұраққа қою және басқа шығыстар  қосылды. Белгілі бір кезеңге дейін олар бұл жағдайға  төзіп-ақ келсе, күндердің  бір күнінде жастар  ақшаның  мүлдем  жоқ екенін ұқты. Яғни бензин немесе киноға ғана емес,  ең қажетті деген тамақ өнімдерін және т.б.  сатып алуға   ақша қалмады десек те болады.

Олардың енді тапқан жолдары банктен тағы да бір кредит алу  болды. Бұл жолы олар тұтыну кредитін алмақ болды. Бірінші кредитті өтеуге  ешқандай табыс болмағандықтан, олар осыдан артық жол жоқ деп шешті. Тұтынушылық мұқтаждарға кредитті банк оларға жылдық 20 пайызбен  ұсынған болатын.

Адамдардың  бір кредиттің пайызын өтеу  үшін екінші кредит  алған кезі —қаржылық құлдырауға түскен жол деген сөз. Бұл борыштық шұңқырдан  шығу  өте  қиын.

Дегенмен бұл жас отауға  ата-аналары  көмектесіп, олар екінші кредиттен бас тартты. Ал осыдан кейін Алина мен Қуат өздерінің отбасылық  бюджеттерінің есеп-қисабын жүргізе бастады. Бірақ бұл — басқа  оқиға.

Соңғы жүргізілген зерттеулерге сәйкес, кредиттер анағұрлым танымал  қаржы  құралы болып табылады. Қазақстандықтардың көбі өздерін қаржы тығырығынан шығаратын жолдың бірі  кредит деп ойлайды. Оғаштау естіледі, бірақ шындық — осы. Ал банк қайырымдылық ұйымы емес, оның мақсаты — сізге көмек көрсету ғана емес,  басым  түрде көрсетілген қызметі  үшін  пайда  табу.

Бірақ, сіз, қалай  болғанда да, банк заемын алуға бекінсеңіз, онда  кредит бойынша сіздің шығыстарыңызды барынша азайту жөніндегі төмендегі кеңестерге назар аударыңыз.

1. Кредитті  барынша  мүлдем алмауға тырысыңыз. Өзіңіздің қаржы  мүмкіндігіңізді қайта қарап шығыңыз, өзіңіздің  сатып алмақшы болған заттың қаншалықты қажет екендігін, ең болмағанда, шығыстарды қысқартуды және аз соманы алуды  ойластырыңыз. Жалпы  кредиттің сізге қажеттілігі туралы  соңғы шешімді қабылдамас  бұрын  тағы да  бір ойланыңыз.

2. Егер мәселеңіз тіпті кредитсіз шешілмейтін болса, бірнеше әртүрлі кредиттік баламаларды  мұқият салыстырыңыз. Міндетті түрде барлық ерекше жағдайларды ескере отырып, тауар үшін өзіңіздің түпкілікті төлейтін сомаңызды есептеңіз.  Кез келген банктің менеджері сізге барлық ақпаратты беруі тиіс. Нәтижесінде сіз кредиттің жалпы сомасын, ай сайынғы  төлемдер көлемін  ғана емес,  сол сияқты  банкке қанша артық  сома төлейтіндігіңізді  білетін боласыз.

3. Бастапқы жарнасыз тұтыну кредитін алмауға тырысыңыз. Мұндай кредиттің ставкасы әрқашан жоғары, «тәуекел үшін үстемесі» болады.  Сондықтан «экспресс-кредиттер» кәдімгі кредиттерге қарағанда қымбат.

4. Кредит бойынша бастапқы жарнаны барынша  көп салыңыз.  Осылай ғана кредиттің «құнын» қысқартуға  болады, осының салдары ретінде нәтижесінде  сіз  артық соманы аз төлейсіз.

5. Ақшаны  барынша аз мерзімге алыңыз. Бірдей пайыздық ставка кезінде  уақыт сізге қарсы жұмыс істейді, яғни сіз кредитті көп уақыт пайдаланған сайын, көп ақша төлейсіз. Алайда бұл жерде өте маңызды  бір жайт бар – егер сома үлкен болса, тек нан жеп, су ішіп қана отырғанша, кредит төлеуді  анағұрлым ұзақ мерзімге созған және артық төлеген дұрыс, өйткені жоғарыдағы біздің кейіпкерлердің басына түскен жағдайға, яғни бірінші заем бойынша жоғары төлемдерді төлеу үшін  екінші кредит алуға тура келетін  жайтқа  ұшырауыңыз мүмкін.

6. Егер сіздің ойыңызда қымбат тұратын затты сатып алу болса, міндетті  түрде  сауда  нүктесі мен банктегі кредиттеу шарттарын салыстырыңыз.  Әдетте,  банктен алынатын «шұғыл мұқтаждарға» деген кредит, дүкенге қарағанда арзанырақ болады. Әрине, бұл жағдайда уақыт және анықтама көп қажет етілетіні және рас.

7. Шартты мұқият зерделемей, оған қол қоймаңыз! Сіздің артыңызда бір километр болатындай кезек тұрса да, менеджерден шарт талаптарын оқып танысу мүмкіндігін сұраңыз. Бұл — сіздің заңды  құқығыңыз. Ұсақ қаріппен жазылған орындарға назар аударыңыз, қандай жағдайда банк айыппұл алуға құқылы екендігін және даулы мәселелерді қарау тәртібін нақтылаңыз.

8. Кредит алған соң, соңғы мерзімге дейін ең  болмаса бір апта қалғанда, ай сайынғы  жарналарды жоспарлаңыз. Сонда төтенше жағдай туындаған кезде сіздің айыппұл санкцияларына ұшырамай, біреуден ақшаны қарызға алуға уақытыңыз болады.

 

Раушан БІРМАҒАМБЕТОВА,

Жанар МАЗЕМБАЕВА,

сарапшылар.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button