Сырт алаңдағы тең текетірес

Премьер-Лига
«Атырау»-«Ақтөбе» — 1:1
11 тамыз күні 14-турдың кезінде кейінге қалдырылған екі кездесуі өтті.
«Атырау» «Ақтөбемен», «Тобыл» «Қызылжармен» ойнады.
* * *
Бұл турда жерлестеріміз сырт алаңда «Атыраумен» кездесті.
Турнир кестесінде бел ортада деуге келерлік тұста келе жатқан атыраулықтар ешуақытта лидерлерден сескенген емес. Реті келсе тең ойнап («Елімай» — 0:0; «Ордабасы» — 1:1; «Тобыл» — 0:0;) тіпті ұтып («Астана» — 1:0) «мінез» көрсететін сәттері бар. 7 сәуірде Ақтөбе стадионында жерлестерімізбен де тең ойнағанын жанкүйерлеріміз ұмыта қоймаған болар. Оған қоса «Атырау» биыл ірі есеппен ұтылған да емес. Николай Сигневич, Игорь Стасевич тәрізді белоруссиялық футболшылары 3-4 голдан соғып, мерейленіп жүр. Тек осының алдында ғана, 5 тамызда өз алаңында «Қайсарды» қабылдаған шақта ұтып тұрып, 90+6 минутта пенальтидің кесірінен (2:2) үш ұпайдан айырылып қалған өкініші бар еді. Рас, «Серый кардинал» телеграм-арнасы «Ақтөбе» кейінге қалдырылған 14-турдан соң таза бірінші орынға шығуы мүмкіндігін болжады. «Қазір олардың қарсыласы «Атырау» бұдан бірер ай бұрын ғана авторитеттерге қауіп төндіріп жүретіндей жағдайда емес», — деп жазды. Дегенмен бұлар да чемпионат лидерлері «Атырауды» өз алаңында биыл еш жеңіп көрмегенін мойындады.
Қалай дегенде де, «Атырау» тіпті ұтпағанның өзінде де қарсыластары үшін оңай шағылмайтын жаңғақ екені рас еді.
Жерлестерімізбен кездескен мұнайшылар командасының осындай өзгешеліктері бар-тұғын.
Танымал футбол маманы Алмас Құлшынбаев «Спорт кз» порталына берген сұхбатында осыны айтты. «Ақтөбе» — чемпиондықтан басты үміткерлердің бірі, бірақ бұл командаға тұрақтылық жетіспейді. Тамаша ойындар еш эмоциясыз ойындармен жалғаса салатыны бар. Ал «Атырау» — мығым жаңғақ, қай команданы да тойтара алады. Егер бүгінгі кездесуде олар ұтып жатса, еш таңғалмаймын. Өткен ойында «Қайсармен» кездесуде ұпай жоғалтқан олар соның орнын толтырғысы келеді. Мәселе енді «Ақтөбенің» алаңға қандай көңіл күймен шығатындығына байланысты», — деді ол.
Ал «Ақтөбе» тәуір көңіл күймен шықты. «Атыраудың» да ұнжырғасы түскені байқала қойған жоқ. Алаңда бірден алма-кезек шабуыл басталып кетті. Бірде қонақтар, бірде алаң иелері допқа иелік етумен болды. 15-минутта футболшылар іске шындап кірісті. Атыраулықтар допты біздің қақпаның төменгі бұрышына бағыттап, тосын соққы жасады. Дегенмен Игорь Шацкий өз орнынан табылды. Ал 19-минутта Әлібек Қасым орындаған айып добынан соң теңбіл доп біздің жігіттерге қайтып оралып, ақтөбелік футболшы жасаған соққыны атыраулық қақпашы қиындықпен қайтарды. 22-минутта атыраулық Николай Сигневич өте ұрымтал сәтті қапы жіберіп алды, ол тепкен доп қақпаның үстінен әлдеқайда биік ұшып кетті.
34-минутта есеп ашылды. Алаң ортасынан пас тасталды да, алда жүрген Ыдырыс Умаев допты қақпаның алдына қарай теуіп үлгерді, атыраулық қақпашы сол Ыдырысқа атыла ұмтылды да, қақпа алдына құлдилай жеткен Богдан Вэтэжелу баспен соғып, бос қалған қақпаның кілтін ашып жіберді, қорғаушылар бөгет бола алмай қалды — 0:1.
Бұған дейін қалай қимылдаса да атыраулықтардың тас қорғанын бұза алмаған ақтөбеліктерге жол ашылған секілді еді. Бірақ табысты одан әрі жалғастыруға ешкімнің шамасы жетпей қойды.
Екінші таймда алаң иелері батыл қимылдарға көшті, кей тұстарда қонақтарды едәуір састырды да. Соның әсері болар, сасқалақтап жүріп Дорни Ромеро біздің айып алаңымыздың ішінде атыраулық футболшыны шалып құлатты да, пенальти белгіленді. 49-минутта нүктеге келген Александр Нойек қателескен жоқ — 1:1.
Мығым қорғанумен болған алаң иелері бұл голдан соң қауіпті шабуылдар жасауға көшті. Әсіресе 60-70 минуттар аралығында қонақтар кәдімгідей абдыраумен болды.
Дегенмен үшінші рет гол соғылған жоқ. Бір-бір ұпайға ие болған командалар бейбіт тарқасты. Әрине, бір ұпай да олжа дейік. Әйтсе де алдымызда, басқаларын айтпағанда, «Ордабасы», «Тобыл», «Қайрат», «Астана» тәрізді азулы командалар күтіп тұрғанын, олардан айламызды қалай асыратынымызды ойламасқа да болмайды екен.
Бұл кездесуде «Ақтөбе» сапында алаңға 1995 жылы туған панамалық Фредди Гондола алғаш рет шықты. Оған небәрі 5 минут қана бұйырғандықтан «Танк» деген лақап аты бар футболшының шама-шарқын анықтап біле алмай қалдық. Дегенмен алдағы ойындарда зор табыстар тілейміз.
«Атырау»-«Ақтөбе» — 1:1
Гол авторлары: Богдан Вэтэжелу, 34-минут (0:1), Александр Нойек, пенальти, 59-минут (1:1).
Ескерту қағазын алғандар: Әділбек Жұмаханов, 42-минут, Николай Сигневич, 84-минут («Атырау»), Матео Барач, 21-минут, Уче Агбо, 67-минут, Игорь Шацкий, 69-минут, Леонел Струмия, 88-минут («Ақтөбе»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Дмитрий Бессмертный (Амаду Думбия, 74-минут), Әлібек Қасым, Габи Кики, Матео Барач, Богдан Вэтэжелу, Уче Агбо, Хосе Севальос, Леонел Струмия, Ыдырыс Умаев (Жан Жайро, 63-минут), Дорни Ромеро (Фредди Гондола, 85-минут).
Бас бапкер — Дмитрий Парфенов.
11 тамыз 2024 жыл. Атырау қаласы, «Мұнайшы» стадионы.
* * *
Бұл күні «Тобыл» Қостанайда «Қызылжарды» қабылдады. Алғашқы голды 26-минутта қостанайлық Ислам Чесноков соққанымен, «Қызылжар» футболшылары Лука Имнадзе мен Рафаиль Оспанов екі гол соғып, жеңісті бөктеріп әкетті.
* * *
Біздің мергендеріміз:
Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5 гол;
Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 5;
Дорни Ромеро, жартылай қорғаушы — 3.
Габи Кики, қорғаушы — 2;
Әлібек Қасым, қорғаушы — 2;
Жан Жайро, жартылай қорғаушы — 2,
Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 2,
Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;
Матео Барач, қорғаушы — 1;
Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1;
Хосе Севальюс, жартылай қорғаушы — 1;
Богдан Вэтэжелу, қорғаушы — 1.
* * *
Жерлестеріміз 15 кездесу өткізіп, 8 рет жеңді, 5 рет тең ойнады, 2 рет жеңілді. Ұпай саны — 29. Доп айырмашылығы — 26-14.
* * *
Қазір турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:
- «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 29 ұпай;
- «Қайрат» (Алматы) — 28 ұпай;
3.«Ордабасы» (Шымкент) — 26 ұпай;
- «Елімай» (Семей) — 22 ұпай;
- «Қайсар» (Қызылорда) — 20 ұпай;
- «Атырау» (Атырау) — 19 ұпай;
- «Тобыл» (Қостанай) — 19 ұпай;
- «Қызылжар» (Петропавл) — 19 ұпай;
- «Астана» (Астана) — 18 ұпай;
- «Жетісу» (Талдықорған) — 18 ұпай;
- «Тұран» (Түркістан) — 12 ұпай;
- «Жеңіс» (Астана) — 9 ұпай;
- «Шахтер» (Қарағанды) — 8 ұпай.
* * *
17-тур ойындары
17 тамыз, сенбі:
«Қызылжар» — «Қайрат»
«Елімай» — «Тұран»
18 тамыз, жексенбі:
«Жетісу» — «Тобыл»,
«Шахтер» — «Ордабасы»
«Астана» — «Атырау»
«АҚТӨБЕ» — «ҚАЙСАР».
* * *
8 тамыз күні «Астана» мен «Ордабасы» Конференция лигасының үшінші ірктеу кезеңінің бірінші ойындарын өткізді.
Әуелі алаңға «Ордабасы» шықты. Бірақ Арменияның «Пюник» командасымен кездескен шымкенттік клуб Алматыдағы Орталық стадионға келген 7860 жанкүйерді қуанта алмады. 56-минутта Юсуф Отубанджо соққан голға «Ордабасы» жауап қата алмады. Енді мәселе Арменияда өтетін қарымта кездесуде шешілетін болды.
Ал Румынияның «Корвинул» (Хунедоара) командасымен ойнаған «Астана» 37-минутта қақпасына гол кіргізіп алғанымен, біржола есе жібермеді. 62,80-минуттарда қарымта екі гол соғып, жеңіске жетті (Усман Камара, Чинеду Джеффри). Сырт алаңдағы бұл жеңіс түптің түбінде Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінде ойнап жатқан «Астананың» плей-офф кезеңіне өтуге мүмкіндік беретін тәрізді.
Қарымта кездесулер 15 тамыз күні өтеді.
Е.АХАТҰЛЫ.



