Жаңалықтар

Тағдырлас қос құрдас

«Ердің атын ел шығарады, елдің атын ер шығарады» демекші, кешегі кеңестік заманда халық шауашылығын қалпына келтіруге атсалысқан іскер басшылар, жігерлі азаматтар жеткілікті. Солардың қатарында майдангерлер Тотан Алманиязов пен Ишан Турлиннің орны ерекше еді.

Қиын заманда ел қорғаған, бейбіт күнде халыққа жол көрсеткен осындай біртуар жандар туралы журналист Жақсылық Айжанұлының «Елдің адамы еді» атты кітабы жақында баспадан шықты.

Біз төменде сол жинақтан үзінді ұсынып отырмыз.

Түбі бір ағайынды болып келетін осы жаңатаңдық екі азамат — бала күнінен бірге өскен жан құрдастар. Екеуі де 1924 жылы өмірге келген. Мектепте бірге оқып, бір ауылда тай-құлындай тебісіп өскен.

Тотан мен Ишан — тағдырлас адамдар. Сонау дүбірлі заманда екеуі де жетімдік көрген. Ишан аштық жылдардың азабын тартып, ағайынның қолында тәрбиеленген.

Ал Тотан болса, оның әкесі Алманияз сол заманда Алуа әжеміздің айтуы бойынша орташа бай адам болған. 1925-1926 жылдары Кеңес үкіметі байлардың малын ортаға салу туралы шешім шығарғанда, Алманияз атамыз қашып та, көшіп те кетпей, жаңа үкіметке қарсыласпай, 400-дей жылқысын, 150-дей түйесін және мың қаралы қойы мен мүйізді ірі қарасын беріп, аз ғана малмен қалған. Үкіметтің сөйтіп, артель құруына өз үлесін қосқан. Ешкімнің ақысын жемеген Алманияз ақсақал тірлігінде адал ғұмыр кешкен.

Бұл жайлы менің әкем Айжан бірде ағайындар туралы сөз болғанда тілге тиек еткен-ді. Өйткені олар замандас болған.

Жалпы, Байғанин өңірінде қолында малы барлар көктем-жазға қарай Жем бойын жағалай жайлау қуса, қолдағы малын қыстан аман алып шығу үшін Сам жаққа көшіп-қонып жүрген. Ол жер жылы, әрі қар түспейді, малдың өз тұяғымен жайылып шығуына толық мүмкіндік бар.

1927 жылы қыс ерте түседі. Содан аз ғана малдың қамымен Алманияз ақсақал сол жаққа көшеді. Түгіскен деген жерге тоқтағанда қалың жауған қардың салдарынан түйесі тұра алмай, қойлары жүре алмай қалған. Малды қойы да сондай күй кешкен. Сөйтіп оларды аман сақтаймын деп жүргенде қатты суыққа ұрынған атамыз өмірден өтеді.

Өткен ғасырдың 1937-1938 жылдары қазақ үшін нағыз зұлмат жылдар болғаны анық. Бір ауылдастары Алманияздың отбасы кешегі байлардың бірі деп арызданған соң Алуа әжей балаларымен бірге біршама уақыт Темір қаласы жанындағы бір туысын паналап, кейін ауылға оралады. Әкеммен сырласқанда ақылды әже ол сырды бүгінгі ұрпаққа жария етпеймін, ол көкірегімде сақталар, өзіммен бірге ала кетер жай деп толқыныспен айтқан екен. Бұл Қаратастан ұшқан түлектің отбасының шерлі тарихының бір парағы ғана. Ержеткен Тотан Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан 1942 жылы алғы шепке аттанып, елге 1947 жылы оралады.

Оның замандасы Ишанның ғұмырнамасы да оған өте ұқсас. Соғыс басталғанда он жеті жастағы өндірдей жас жігіт ФЗО-ға алынады. Бұл еңбекке баулитын орынның бірі болған. Соғыс жүріп жатқанда ондағы жағдай да мәз болмай, ішерге тамақ таппай, аштықты көрген соң ауылдастары секілді ФЗО-дан қашады. 1942 жылы ол да әскерге шақырылып, ел қорғауға аттанады.

Сарбаз Тотан ФЗО-дан ба, әлде алғашқы әскери оқу барысындағы дайындықтан ба, майданда байланысшы қызметін атқарады. Тотан ағайдың замандасы, жерлесі, соғыс ардагері Айнағұл Қожанов «әскери радист болу өте қауіпті жұмыс. Өйткені алғы шепте болып, жағдайды баяндап, оны штабпен шұғыл түрде сөйлестіріп отыру өлімге басыңды тігумен бірдей. Дұшпан мен Кеңестік әскерлердің шабуылы барысында қосымша күш керек пе, әлде артиллериялық қаруды қолдану реттері қандай — осының бәрі радистің жұмысына қатысты. Мен білетін Тотан Алманиязов соғыста сондай қатаң талапты орындай білген азамат» деген болатын.

Тотан аға бірде майдан жайлы әңгіме болғанда «Біз окопта жатпаймыз. Байланыс үзілсе, еңбектеп барып жалғап, жағдайды баяндау біздің әскери борышымыз болды. Жау байқап қалса, нысанаға алып, қағып түседі. Қысқасы, майдан мен үшін қас қағым өмір мен өлім арасында болды» деген-ді.

«Кинода байланысшы радистерді көрген шығарсың. Аспаннан бомба, жерден оқ жауып тұрғанда жан ұшырып, шұңқырлар мен тасаны паналап, тапсырманы орындау — әскери борышың. Өйткені алғы шептегілердің тағдыры сенің дұрыс қызметіңе байланысты» деп сыр толғаған-ды.

Соғыс жылдарындағы Тотан Алманиязовтың әскери шені — ефрейтор. Талай рет берілген тапсырманы орындағаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Тағы бір ерлік жолы архивте қалған құжатта сақталған.

1945 жылы 10 ақпанда берілген бұйрыққа сәйкес КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы атынан неміс басқыншыларымен болған шайқастағы батырлығы мен ержүректігі үшін 1-дивизионның ефрейтор радисі Тотан Алманиязов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Тағы бір құжатта сол 1945 жылы Буле қаласында қарсыластың қарулы күші біздің солдаттарға тұтқиылдан шабуыл жасағанда Тотан Алманиязовтың әскери міндетін адал орындағаны көрсетілген. Қапелімде кенеттен жасаған шабуылдан сасып қалған біздің әскерлер кейін шегіне бастағанда ол қолындағы автоматымен немістерге оқ жаудырып, тойтарыс беріп қана қоймай, жаяу әскерлерді соңынан ерте білген. Немістің бірнеше солдатын нысанаға алып, атып өлтіріп, біздің жауынгерлердің рухын көтерген. Осы батыл қимылы үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі омырауына тағылады.

Жерлес құрдасы Ишан Турлин Сталинград майданына тап болады. Жаудың қарулы техникасы да, әскери күші де басым. Біздің солдаттардың ортасында Ишан аға талай шабуылға тойтарыс береді. Төбеден тасталатын бомба мен алыстан жететін снарядтар талайға өлім құштырды. Сондай бір шайқаста дәл қасына түскен снаряд Ишан ағаны қатты жарақаттайды. Жамбасынан, басынан тиген соққы қолын да жұлып кете жаздайды. Өмір мен өлім арасында жатқан ол сәлден кейін есін жиып, топырақ арасынан қолын шығарып тірі жатқандығын білдіреді. Қасындағы  майдандас жауынгер украиндық бұл көріністі байқап қалып, топырақтан ашып алып шығады. Бұдан кейінгі тірлік госпитальда емделумен жалғасады. Ақыры қолы мылтық ұстауға келмейді деп мүгедекке жатқызылып, елге қайтарылады.

Ишан аға бір әңгімесінде: «Сол украин жігітінің аты да, есімі де жадымда қалмапты. Басқа тиген соққыдан сондай халге түсіппін. Егер білген болсам, кейін борыштармын ғой деп іздестірген болар едім», — деп бір тебіренгені бар-ды.

Майданнан ауылға оралған соң Жаңатаңға келіп, ауылдың тірлігіне араласты. Ишанның барлық туысы сол 1943 жылы майданның алғы шебінде болғандықтан ол апасы Зәрудің үйінде болады. Зәру апай колхозда есеп-қисап жұмысында жасағандықтан бұл қызметін үйреніп, кейін апайы басқа жаққа қоныс аударғанда оның орнына жұмысқа тұрады.

Тотан мен Ишанның тағдырластығы еңбек майданында жалғасады. 1947 жылы әскери борышын өтеп келген Тотан Алманиязов та колхозда есепші болып жұмыс жасайды. Жастайынан бірге өскен қос азаматтың сол бір жылдардағы достығы, ағайыншылық қарым-қатынасы жалғаса түседі.

Елге келген соң да қиыншылықты көп көрген Ишан «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегенді ойға алып, отбасын құрып, тірлік кешсем дейді. Ауылда кітапханашы болып жұмыс жасайтын Ықымаш деген бойжеткенге көзі түседі. Бұл жайлы апасы Зәруге айтқанда: «Ниетің дұрыс, ол — ақылды қыз. Он саусағынан өнері тамған жас. Алуа әжеміздің тәрбиесін көрген. Қолында өскен, өмірден түйгені көп. Алға қойған мақсатың орындалсын» — дейді.

Сөйтіп, Ишан өзінің құрдасы Тотанның қарындасы болып келетін Ықымашқа үйленеді. Ағайын-бауыр дегенмен де, әрқайсысының үйіне қонып, күн кешу аяқталады. Жаңа тұрмыс басталады. Алғаш келінді қай үйге түсірерін білмеген Ишан ойлана келе өзі секілді майдангер Жиенғазы Молданиязовтың табалдырығынан аттатады. Жиенғазы ақсақал — майданға екі рет барып келген сарбаз. Көпті көрген Ілән әжемізден Ықымаш өмірлік сабақ алады. Бұл — бір бөлек әңгіме.

Бес жыл бойы майданның қиыншылығын көрген Тотан Алманиязов 1947 жылы ауылға оралған соң, шешесі Алуаның қолын ұзартуды ойластырады. Жем бойындағы Салық деген қарттың отбасындағы ақ-сары жүзді Момыш деген бойжеткенге көзі түседі. Көңіл жарастырып, сөз байласып, бір күні алып қашады. Болашақ қайын жұртының біреулері кеше ғана армиядан келген Тотан деген азамат біздің кәмелетке толмаған қарындасымызды алып қашқан деп шағымданады. Бұл әңгімені Ишан да естиді. Көп ұзамай ауылға бес милиция келіп, жауапкершілікке тарту керек деп тексеру бастайды. Жас та болса өмір көрген Ишан жағдайға араласады.

Тергеушілер келіншек болып түскен Момыш «әлі он сегіз жасқа толмаған. Бар болғаны он алты жастан енді асқан» деп ұйғарымға келіп, Тотанды алып кетпек болып жатқанда, Ишан әлгі келгендермен әңгімелесіп: «Сендер де елді қорғаушыларсыңдар. Біз кеше ғана қанды майданнан оралдық. Тексерулерің дұрыс. Бірақ сәл шыдамдылық таныталық. Күннің ыстық кезінде сендерге жол жүру де оңай емес, біздің үйден дәм татып шығыңдар», — деп ұсыныс жасайды. Олар оған келісе кетеді.

Ықымаш қонақ келді деп шай қойып жатқанда Ишекең бір тоқтысын сойып тастап, қазанға салып, келгендерді құрметтейді. Шай ішіледі, әңгіме жарасады. Сондай бір сәтте «кешегі майданда біздердің бір тамағымыз мына ыдыстағы ащы су болды. Сендер бұған қалай қарайсыңдар?» деп бір қояды. Ол кезде стакан жоқ. Кесеге құйып береді.

«Ал мен бір нәрсені айтайын, Момыштың куәлігі дұрыс емес. Самда дүниеге келген. Көшіп-қонып жүргенде туу туралы куәлігі уақытында алынбаған. Сөйтіп, екі жыл кешіктіріліп, Жем бойына келгенде алынған» деп бір сырды ашып, «сондықтан мәселені дұрыс түсініңіздер» деп даулы мәселені шешуді үйлестіреді және бірнеше адамды бұған куә қылып тартады. Содан соң тергеушілер бірнеше азаматтан түсініктеме алып, арыз жалған деп, риза болып ауданға аттанады.

Жасынан сөзге шебер Ишан құрдасы Тотанды солай бір жауапкершіліктен құтқарады. «Егер Ишан болмағанда, әлгі шенділер мені алып кететін еді. Бір шай, еттің үстінде мені құтқарып қалды» дегенін ауылдастары тілге тиек еткенін естігенмін.

Міне, осындай қарым-қатынастың арқасында жаңатаңдық қос азамат сыйластықтарын жалғастыра түседі.

Жарқамыс — сол жылдары ауданның орталығы. Колхоздардан басқармалар мен бас мамандар жиі келіп, Тотанның отбасымен жиі араласады. Әзілдесіп, бірі қайынаға десе, бірі біздің ауылдың күйеубаласы деп отбасында сөз жарыстырып, ақжарқын ниетпен талай кездескен.

Кейін Байғанин ауданының орталығы Жарқамыстан Қарауылкелдіге ауысқанда «Жданов» колхозынан ат сабылтып жететін Ишан мұнда да байланысын үзбейді.

Тотан Алманиязов туралы Байғанин, Темір ауданының азаматтары көп сырды әңгімеге арқау ететін-ді. Бірде Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіге барғанымда бұрын аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі болған Ауданбай Шахабаевқа жолығып тілдескенде, «Тотан біздің елдегі білікті байланыс маманы болды. Жарқамыста қызмет жасады. Қарауылкелді де аудандық байланыс торабы басшысының орынбасары болып тұрған кезінде ертеңгілік аудан басшылығының тапсырмаларын барлық совхоз директорлары мен партия ұйымдарының хатшыларына телефон арқылы беретін. Содан соң сол күні түс қайта деректерді жинап, жұмыстың бақылауға алынуына мүмкіндік жасайтын. Ол жылдары қазіргідей ұялы телефон жоқ. Құлағын бұрайтын қара телефонға тыным жоқ. Күнделікті жұмыс уақытында үнемі байланыста болатын.

Тотан өз ісіне адал, білікті радист еді. СССР-дің құрметті байланысшысы атағын алған бірден+бір адам болды. Кейін Темір ауданы байланыс торабының басшысы қызметін атқарып, бүкіл аудан өңірінде байланыс жұмысының жақсаруына ықпал етті және көптеген шәкірттерді тәрбиелеп шығарды.

 Жақсылық АЙЖАНОВ,

журналист.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button