Экономика

Қымбатшылықтан құтқаратын қойма

Ақтөбеде алдағы қыста көкөніс бағасы қымбаттап кетуі мүмкін деген алаңдаушылық болмауы тиіс. Облыстың үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған тың жобалар картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз бағасының «ұшынып» кетпеуіне мүмкіндік береді. Мысал үшін айтсақ, былтырғы қыста «екінші нан» санатындағы картоптың келісі қара базарда 80 теңгеден 160 теңгеге бір ақ көтеріліп, сатып алушыларды алаңдатып, атқарушы билікке шаруасын ширатуға тура келген. Енді бұндай берекетсіздікті болдырмаудың бір жолы — «Ақтөбе-көкөніс» акционерлік қоғамына қарасты заманауи көкөніс қоймасы жуырда ғана пайдалануға берілді. Сонымен, жаңа қойманың мүмкіндіктері мен берекелі тұсына шолу жасап көрейік…

 

Бағаның қымбаттауы бақылаусыздықтан емес

 

Әлбетте, базардағы бағаны белгілейтін — нарық пен нарықтық экономика. Оның басты қағидаты — сауда пайда келтіруі тиіс. Тиісінше, сұраныс ұсынысты тудырады. Бұны білу үшін асқан математик болудың керегі жоқ. Дегенмен, тоқсаныншы жылдардың дүрбелеңімен ауызданған отандық саудагерлердің әлі де өнім өндіру мен қайта өңдеуді қолай көрмейтіндігі рас. Себебі ақшаны күреп табуға мүмкіндік бере қоймайды. Міне, қыс мезгілінде көкөніс бағасының қымбаттауының бірінші себебі — осы.

Тарқатып айтар болсақ, бау-бақшасы жоқ қала қазағының қапшықтап картоп сақтайтын қоймасы да болмайды. Демек, күзгі жиын-терімнен соң да ала дорбасын арқалап бұл өнімді базардан келілеп таситындығын бала да біледі. Ал оның сұранысын оңай қанағаттандырудың жолы жері құнарлы көршілес облыстардан, тіпті, мемлекеттерден машиналап арзанға тасып, жергілікті жерде бағасын еселеп сату. Ал ол жақтағы өнім қоры таусылғанда қайтеді? (Айтпақшы, көкөніс өсіруге табиғаты қолайлы облыстар да санаулы) Дәл сол сәтте Ақтөбедегі көкөніс бағасы аспандайды. Пайдасын мыңдап санап отырған базардағы саудагер жаңа жылға қамданатын дүрмек кезінде өз қорындағы картобының бағасын қиялы жеткенше шарықтат-а-ады. Бұл — бір.

Екіншіден, сол тасымалдауды кәсіп қылғандардың көліктері де бұзылмай тұрмайды, Ақтөбенің ақтүтек борандары да жүк машиналарын тұсаулайды. Мейлі, керосиндері қатып қалса да, әйтеуір біздің базарға кешеуілдеп жетеді. Сыртқы факторларға тәуелділіктен бағаның «құлпыратыны» осы кез. Бұл — екі.

Үшіншіден, бәріміздің зығырданымызды қайнататын — тойымсыз, қанағатсыз, ел алдындағы азаматтық жауапкершіліктен жұрдай алыпсатарлар мен олардың етегін ұстаған есепсіз делдалдар. Бәсекелестіктің абыройсыз түрін таңдап, тер төгіп қиналмастан, оңай олжаны көздейтін жылмақалайлардың аңдығаны да — нарықтағы сұраныс.

Міне, сатып алушының қалтасын орталайтын негізгі себептер осы. Бірақ, жергілікті атқарушы органдар ай қарап отырған жоқ. Осы себептермен күресудің жолы табылды. Ол — көкөніс қоймалары. Ақтөбеде оның бірнешеуі бар. Ең белдісі — жуырда ашылған «Ақтөбе-көкөніс» акционерлік қоғамына қарасты қойма.

 

Инновациялық қойма — уақыт талабы

 

«Ақтөбе-көкөніс» акционерлік қоғамының иелігіндегі көкөніс қоймасының сыйымдылығы 2 мың тонна өнім сақтауға лайықталған. Теңдесі жоқ бұл нысанда көкөністің сақталуына қолайлы жағдай жасалған. Алты бөлікті қойманың желдеткіш, салқындатқышқа қолданылатын заманауи жүйелері әрбір өнімнің түріне байланысты температуралық тәртіпті сақтап, көкөністің бұзылмауына және ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді.

Акционерлік қоғам директоры Сауромбек Рахиевтың айтуынша, жобаның жалпы құны 233,2 миллион теңгеге шыққан. Бұл қаржының  66 миллион теңгесі жоғарыда айтылған жоғары сапалы жабдықтарды сатып алуға жұмсалған.

— Қойма технологиясы бойынша тонналап түскен көкөніс алдымен іріктеуден өтеді. Қаптың аузы ашылған соң көлеміне, сапасына қарай бөлінген картопты құрғату үшін желдеткіш қосылады. Содан соң арнайы жәшікке салынып, бірқалыпты температураға қойылған салқындатқыш  жұмыс жасайды. Бұл заманауи технологияның барлығы Еуропадан әкелінген. Соңғы үлгідегі жабдықтар әрбір өнімнің бұзылмай сақталуына мүмкіндік береді. Мұздатқыш көкөніске қажетті ылғал берсе, салқындатқыштар оның сапасын ұстайды. Сөйтіп, қазан айында қоймаға келіп түскен өнім келесі жылдың өніміне қол жеткенше күшін, құнарын, дәмін жоғалтпайды,— дейді С. Рахиев.

Алмания мен Италияда, Израильде шығарылған жабдықтар шаруалардың қолын ұзартты, көкөніс өсірудің пайдасыз болмайтындығына, қойма іздеп сарсылмайтындықтарына кепілдікті қалыптастырды. Ең басты жетістіктердің бірі —жабдықтардың тілін меңгеру үшін жергілікті мамандардың шығарушы зауыттарда іс-тәжірибеден өтіп, шеберліктерін шыңдағандықтары болып отыр.

Бүгінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың тапсырмасы бойынша аймақта қабылданған инновациялық бағдарламаның жемісі бұл. Оның салалық бағыттары бойынша көкөністі өсіруді ұйымдастырудан бастап, құнарын жоғалтпай сақтау, кейін саудаға шығару тетіктеріне дейін қамтылған. Сондықтан да, бұрындары қала көлемінде нәтижесін көрсеткен мұндай құрылымның игілігі жалғаса бермек.

Енді қаланың белді супермаркеттері мен коммуналдық базарларынан қақаған қыстың өзінде жергілікті арзан өнімдерге қол жеткізу бұйым емес. Бұл — келесі мәселеге бастама.

 

Еңбектің дәмі мен сәні

 

Қазіргі болжамдар бойынша келесі жылдары облыс аумағында көкөніс өсіруге, суармалы өнім алуға бет бұрған шаруашылықтар саны күрт көбейіп жатса, таңданудың қажеті жоқ. Бүгіннің өзінде «Пригородный кеңшары» ЖШС, «Шаңды» ЖШС мен «Садик» шаруа қожалығынан бақшашылардың да еңбегін еш кетірмейтін, бюджетке де аса салмақ түсірмейтін бағаға сатып алынған өнімдер осы «Ақтөбе-көкөніс» қоймасында сақтаулы.

— Жергілікті өнімдерге басымдық беруіміздің себептері құпия емес. Біріншіден, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау — міндетіміз. Одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Облыс басшыларының қойып отырған міндеті де осы. Өйткені, табиғаты егіншілікті жүргізуге тәуекелді қажет ететін біздің аймақта жергілікті сұранысты қамтамасыз етуге өз шаруашылықтарымыздың әлеуеті жетеді. Екіншіден, жергілікті өнімдердің ботаникалық сорттары ұзақ сақтауға лайықталған. Тұқымының сапасы өте жақсы әрі ешқандай химиялық қоспалары жоқ. Тіпті, ақтөбеліктердің денсаулығы үшін өз топырағымызда өсірілген өнімнің жақсы әсері бар екендігі медициналық тұрғыда әлдеқашан дәлелденген, — дейді акционерлік қоғам басшысы.

Өткен аптаның соңындағы дерек бойынша көкөніс қоймасында 500 тонна картоп, осындай көлемде қырыққабат, 300 тонна пияз және 250 тоннадай сәбіз сақтаулы. Бағаны тұрақтандыру, базар бағасы ырыққа көнбейтіндей болған уақытта бұл межеден де артығырақ жиналатын көкөніс қоры облыс тұрғындарына демеу болмақ. Айтпақшы, осы қойманың ашылуы алдында аралап көрген облыс басшысы Архимед Мұхамбетов: «Биылғы жұмыс ырғағы да үдемелі, өйткені, қаржымыз жеткілікті. Осындай жобаның күшімен аудандардағы жұмыс қарқынын да өзгерте алдық. Қойманы толтыру — солардың міндеті. Ауыл-ауылдан жиналған ауылшаруашылығы өнімдері осы жерде сақталуы тиіс. Көкөніс пен картоп өте қолайлы жағдайда сақталып, баға құбылған сәтте артылғанымен шағын қалаларды қамтамасыз етуге дайынбыз. Ақтөбе қаласындағы ресми тұрғындар саны 400 мыңнан асады, ал күн сайын азық-түлік алуға облыс орталығына келіп жатқандар қарасы да көп.  Сондықтан, Ақтөбедегі бағаны тұрақтандыру — басты міндет», — дегені оқырмандардың есінде болар.

Бүгінде осы тектес қоймаларды толтыруға құлшыныс білдіріп отырған Алға, Мәртөк, Хромтау, Қарғалы ауданы шаруаларының енді өнімді қайда сақтаймын деген мәселеден құтылғаны анық. Және бұндай тұрақтылықты өзге аудандар да іліп әкетердей сезіледі.

 

Бағаны тұрақтандыру кілті — қойма

 

Акционерлік қоғам басшысы Сауромбек Романұлының айтуынша, шаруалар өндірген өнімді сатып алу бағасына қос тарап та риза. Өйткені, сату-сатып алу бағасы өзара ынтымақты келісім негізінде бекітіліп, барлық шығындар есепке алынады. Бағаның табиғи өсімі де қаперде. Бұған дейін де коммуналдық базарларға жетекшілік етіп отырған басшы тараптардың түсінігі арқасында баға саясатын қалыптастыруда әкімшілік тетіктерді қолдануға қажеттілік жоқ.

Шынтуайтына келсек, бағаны тұрақтандыру ұғымының мәнісін көпшілік жете түсінбейтін де сияқты. Еркін экономикалық қоғамда бағаның билігі — сұраныс пен ұсыныста.

Дегенмен, бағаның жөнсіз секірісіне атқарушы билік тойтарыс беруге әзір және қауқары да жеткілікті. Оның ең қарапайым жолы — осы қоймалар.

Мақсатымыз жергілікті шаруаларға қолдауымызды көрсете отырып, тұтынушылар мүддесіне сай келу, — деп Сауромбек Рахиев әңгімесін түйіндеді.

 

P.S. Ақтөбелік дихандардың әлеуеті ішкі нарықты көкөніспен қамтуға жетіп қалды. Биліктің мүддесі — осы. Тұтынушы, сіз бен бізге осы тірліктің, түсіністіктің рахатын көруге жазсын!

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button