Спорт

Тарихи жүлде!

Қазақстандық гимнаст Нариман Құрбанов Парижде өтіп жатқан ХХХІІІ жазғы Олимпиаданың күміс жүлдесіне ие болды. Еліміз үшін бұл — тарихи жүлде.

Өйткені Қазақстан бұрын-соңды спорттық гимнастикадан Олимпиада жүлдесін алып көрмеген. Биыл бұл спорт түрінен Парижге екі спортшымыз аттанған болатын. Бірі — Милад Карими болса, екіншісі — Нариман Құрбанов. Екеуі де жақсы өнер көрсетіп, финалға дейін жетті. Тіпті Милад екі бірдей финалға жолдама алды. Бірақ көпсайыс бойынша ақтық сында сәтсіз өнер көрсетіп, соңғы орында қалса, ал еркін жаттығудан бесінші орын алды. Ол Токио Олимпиадасында да тап осындай нәтиже көрсеткен болатын.

Нариман Құрбанов Олимпиадаға бірінші рет барды. Ол тұтқалы ат жаттығуы бойынша финалда 15,433 ұпай жинады. Бұл нәтиже екінші орын үшін жеткілікті болды.

Бірінші орын иегері — ирландиялық Рис Маккленаган 15,533 ұпай жинаса, үшінші орындағы АҚШ гимнасты Стивен Недорощик ұпай санын 15,300-ге жеткізді.

Нариман Құрбанов спорттық гимнастикамен 5 жасынан бері айналысып келеді. Соның ішінде оның тұтқалы ат жаттығуы бойынша бағдарламасы өте күрделі. Ол соңғы екі Азия чемпионатында осы жаттығу бойынша чемпион атанды, ал 2022 жылғы Азия ойындарында қола медаль алды.

Оның бапкері — өзінің әкесі Хусанжан Құрбанов.

Нариман Париж Олимпиадасының жолдамасын Әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысы бойынша жеңіп алды. Әлем кубогындағы нәтижелері бойынша да ол екінші орынға тұрақтаған еді.

ХХХІІІ жазғы Олимпиаданың 10 күні артта қалды. Жарыстар осы аптаның соңында аяқталады. Қазақстан әзірге 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 29-орында тұр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button