Ырғыз ауданында 120 үй салынып жатыр
Біз біргеміз!
Бүгінде Ырғыз ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін жаңа үйлер бой көтеруде. Ауданға жұмыс сапарымен келген облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев Нұра ауылындағы құрылыс жұмыстарын қарап шықты.
Аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновтің айтуынша, Нұра ауылында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде мұнда 11 мердігер компания үй салуда. Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан құрылыстың бір бөлігі шатырларын көтеру жұмыстарын бастап кетсе, енді бір бөлігі тұрғын үйлердің қабырғаларын көтеруде.
Аслан Жарасбаев компания өкілдерімен сөйлесіп, құрылысты межеленген уақытта аяқтауды тапсырды.
Жалпы, қазіргі таңда Ырғыз ауданында 120 үй салынып жатыр. Оның 51-і — Ырғыз ауылында, 63-і — Нұра ауылында, алтауы— Мамыр ауылында.
— Ырғыз ауылындағы 51 үйдің құрылысымен 10 мердігер айналысуда. Бүгінге дейін 51 үйдің іргетасының негіздемесі құйылып, қабырғалары көтерілді, 49 үйдің төбесін жабу жұмыстары басталды. 28 үйдің іші сыланып, 18 үйдің ішкі қондырғылары орнатылды, 7 үйдің іші ақталып жатыр. 36 үйге ішкі инженерлік желілер жүргізілуде. 37 үйдің терезесі және 13 үйдің есігі салынды. 2 үй эксплуатацияға берілді. Нысандарға құрылыс материалдары уақтылы жеткізіліп отыр. Құрылыс жұмыстарын жүргізуде ешқандай мәселе жоқ, — дейді Ырғыз ауданы әкімі аппаратының басшысы Ақалмас Тұртаев.
Сондай-ақ бүгінде баспаналары суға кеткен Нұра ауылының тұрғындары үшін Сарыоба аталатын жерде 74 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар мектептің және фельдшерлік амбулаториялық пункттің қазығы қағылды. Қазір мұнда 63 үйдің негіздемесі мен іргетасы құйылған. 46 үйде қабырға қалау және 5 үйдің төбесін жабу жұмыстары басталған.
— Бұл жерге қазір құрылыс материалдарын тасымалдау жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта нысанда барлығы 143 адам жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ Мамыр ауылында бір мердігер мекеме үйлердің іргетасын тұрғызуға дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бүгінге дейін 6 үйдіңорны қазылып, негіздемесі құйылды, 4 үйдің іргетасы қаланып жатыр. Бұл ауылдағы құрылыс жұмыстарына 15 адам жұмылдырылған, — дейді А.Тұртаев.
Д.ҚАЗИХАН,
Ырғыз ауданы.