Спорт

«Жеңісті» тағы да жеңдік

Премьер-Лига

«Жеңіс»-«Ақтөбе» — 1:2

3-4 тамыз күндері 16-тур ойындары өтті.

«Қайрат» «Елімайды» 4:1 есебімен ұтса, «Астана» өз алаңында жеңіс голын «Тұранның» қақпасына тек 91-минутта ғана салды. «Қайсар» да ұтып тұрған кездесуін 90+6 минуттағы пенальтидің салдарынан қолдан сусытып алды. Ал «Қызылжар» жеңіске 90+6 минуттағы пенальти арқылы қол жеткізіп үлгерді.

Бұл турдан соң бірінші орынға «Ақтөбе» көтерілді.

*   *   *

Бұл турда жерлестеріміз сырт алаңда ойнады.

«Тобыл» мен «Шахтердің» кездесуі кейінге қалдырылған соң ба екен, ойын Қарағанды қаласында өтті. Дегенмен қай қалада өтсе де, жерлестеріміз көш басшылыққа қайтадан көтерілуден кәдімгідей үмітті еді. Тағы бір себеп, «Жеңіс» командасы, міне, тоғыз кездесу бойы жеңіске жете алмай келе жатқан. Ал көш соңындағы клубтардың біріне үш ұпай ұстата салу «Ақтөбенің» есебінде тіпті де жоқ-ты.

Дегенмен алғашқы минуттар жерлестерімізді тіксіндіріп тастағанын мойындауымыз керек. Небәрі 4-ші минутта алаң иелері есеп ашып кете жаздады. Бұрыштама доп орындалған сәтте алдына доп келе қалған Матия Ром біздің қақпаның алыс бұрышын көздеді. Барша футболшылардың үстінен асып түскен доп тек маңдайшаға тиіп кері серпілді. Әйтпесе бұған қорғаушылардың да, қақпашының да істей қоятын шарасы жоқ еді.

Алғашқы таймның орта тұсында, дәлірек айтқанда, 27-минутта осыған ұқсас жай «Жеңіс» қақпасының алдында орын алды. Бұрыштама арқылы келген допты, обалына не керек, қақпашы Мирослав Лобанцев қағып түскен еді, бірақ сол сәтте қайтадан қолынан түсіріп алды. Сәл ұрымтал сәтті күтіп жүрген алаң иелері бұл тосын сыйды еш қапы жібермеді. Уче Агбо дәл соққы жасап, жібек торды дір еткізді — 0:1.

Бірақ «Жеңіс» оңай берілмейтін команда екенін байқатты. Сол бірінші таймда, 39-минутта Марин Беланчич сол қанаттан айып алаңына тамаша пас тастады да, Бруно Мигел допты баспен ұрып қақпаға оңай енгізе салды — 1:1. Қақпашымыз Игорь Шацкий дереу атыла ұмтылғанымен кедергі жасаудан кеш қалды.

Екінші таймда бапкерлерінен қосымша сабақ алып шықты ма, әлде «Ақтөбенің» де қақпасына гол соғуға болатынын пайымдап үлгерді ме, әйтеуір, «Жеңіс» шабуылды күшейтіп жіберді. Адило, Сағи Совет, Жоа Оливейра, екі рет Владислав Прокопенко біздің қақпамызға шүйілумен болды. Бірақ доп бірде қағыс кетті, келесі жолы дуэльде Игорь Шацкий жеңіп шықты, әйтеуір, қақпамызға доп кіре алмады.

Әрине, қонақтар тым еркінсіп кеткен алаң иелерінің сазайын тартқызуды ойлай қимылдағаны даусыз. Оның да сәті түсті. 87-минутта «Жеңістің» айып алаңын жағалап жүрген Ыдырыс Умаевтың алдына Арман Кеңесовтен тамаша пас келе қалды. Кәнігі футболшы мұндай мүмкіндікті қалайша қалт жібере қойсын. Допты ыңғайлап алды да дәл соққы жасады — 2:1.

Бұдан әрі есепті өзгертуге «Жеңістің» шамасы да, уақыты да жетпеді.

Ал жеңіске ие болған «Ақтөбе» турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.

«Жеңіс»-«Ақтөбе» — 1:2

Гол авторлары: Уче Агбо, 27-минут (0:1); Бруно Мигел, 39-минут (1:1); Ыдырыс Умаев, 87-минут (1:2).

70-минутта Игорь Шацкий ескерту қағазын алды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Әділхан Таңжарықов (Дмитрий Бессмертный, 67-минут), Әлібек Қасым, Матео Барач, Богдан Вэтэжелу, Уче Агбо, Хосе Севальос (Габи Кики, 90-минт), Леонель Струмия, Амаду Думбия (Ыдырыс Умаев, 67-минут), Жан Жайро (Арман Кеңесов 67-минут), Дорни Ромеро.

Бас бапкер — Дмитрий Парфенов.

4 тамыз 2024 жыл. Қарағанды қаласы, «Шахтер» стадионы.

 

***

Басқа кездесулер:

«Атырау»-«Қайсар» — 2:2

«Қайрат»-«Елімай» — 4:1

«Қызылжар»-«Жетісу» — 2:1

«Астана»-«Тұран» — 2:1

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5 гол;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 5;

Дорни Ромеро, жартылай қорғаушы — 3.

Габи Кики, қорғаушы — 2;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 2;

Жан Жайро, жартылай қорғаушы — 2,

Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 2,

Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;

Матео Барач, қорғаушы — 1;

Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1;

Хосе Севальюс, жартылай қорғаушы — 1.

*   *   *

Жерлестеріміз 14 кездесу өткізіп, 8 рет жеңді, 4 рет тең ойнады, 2 рет жеңілді. Ұпай саны — 28. Доп айырмашылығы — 25-13.

*   *   *

Бұл кездесуде алаңға Максим Самородов шыққан жоқ. Оның Грозныйдың «Ахмат» командасымен келісім шартқа қол қойып жатқаны айтылып жатыр. 22  жастағы Максим биыл 13 кездесуге қатысып, бес гол соқты, екі нәтижелі пас берді. Ал Конференция лигасында гол соға алған жоқ. «Transfermarkt» интернет порталының хабарлауы бойынша біздің футболшының бағасы — 1,2 миллион еуро. Ал «Ахмат» командасы қазір ресейлік Премьер-Лигада екі ойыннан соң екі ұпаймен 11-орында келе жатыр.

*   *   *

Он алтыншы турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:

  1. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 28 ұпай;
  2. «Қайрат» (Алматы)— 28 ұпай;

3.«Ордабасы» (Шымкент) — 26 ұпай;

  1. «Елімай (Семей) — 22 ұпай;
  2. «Қайсар» (Қызылорда) — 20 ұпай;
  3. «Тобыл» (Қостанай) — 19 ұпай;
  4. «Атырау» (Атырау) — 18 ұпай;
  5. «Астана» (Астана) — 18 ұпай;
  6. «Жетісу» (Талдықорған) — 18 ұпай;
  7. «Қызылжар» (Петропавл) — 16 ұпай;
  8. «Тұран» (Түркістан) — 12 ұпай;
  9. «Жеңіс» (Астана) — 9 ұпай;
  10. «Шахтер» (Қарағанды) — 8 ұпай.

*   *   *

1 тамыз күні «Ордабасы» Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында Шымкентте люксембургтің «Дифферданж 03» командасын қабылдаған болатын. Бірінші кездесуде 0:1 есебімен ұтылып қалған шымкенттіктер бұл ойында 4:3 есебімен басым түскенімен, жалпы есеп тең болып шықты да, футболшылар пенальти сериясына жүгінді. Бұл сында «Ордабасы» тағы да басым түсті. Енді «Ордабасы» үшінші іріктеу кезеңінің бірінші ойынын Арменияның «Пюник» командасымен 8 тамыз күні өткізетін болады.

Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде Молдованың «Милсами» командасымен ойнаған «Астана» 49-минутта Марин Томасов салған голдың арқасында келесі кезеңге шықты. Бұлардың бірінші ойыны 1:1 есебімен аяқталған болатын. «Астана» енді Румынияның «Хунедоара» командасымен күш сынасады.

«Тобыл» Конференция лигасында екінші кезеңнен аса алмады. Қостанайда болған ойында Шейцарияның «Санкт-Галлен» командасынан 1:0 есебімен ұтылған олар жалпы есеп бойынша да (1:5) бұл додамен биылғы жылға біржола қоштасты.

*   *    *

17-тур ойындары

17 тамыз, сенбі:

«Қызылжар» — «Қайрат»

«Елімай» — «Тұран»

18 тамыз, жексенбі:

«Жетісу» — «Тобыл»,

«Шахтер» — «Ордабасы»

«Астана» — «Атырау»

«АҚТӨБЕ» — «ҚАЙСАР».

*   *   *

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button