Басты жаңалықтарДенсаулық

Аллергиядан қалай құтыламыз?

Соңғы жылдары маусымдық аллергиямен ауыратындар саны күрт көбейді. Әсіресе өсімдік гүлдейтін маусым айынан бастап қазан айының соңына дейін аллергия симптомдары өршиді. Бұндай кезде  адамдар әлсін-әлсін түшкіріп, тұмауға шалдыққандай күй кешеді. Мұрны мен тамағы бітеліп, көзі қышиды.  Тіпті маусымдық аллергия қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Ал мамандар не дейді? Бұл аурудан құлан-таза айығуға бола ма? Осы ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас аллерголог маманы Замза Хайруллинамен тілдестік.

Неден пайда болады?

Замза Хайруллинаның айтуынша, маусымдық аллергия дегеніміз  — өсімдіктердің тозаңына төзбеушілік. Яғни ағаш, шөп, гүл және түрлі дәнді-дақыл тозаңдары аллергияны қоздырады. Мәселен, сәуір, мамыр айының ортасынан бастап  терек, қарағай, қайың ағаштары гүлдейді. Осы кезде ауа райы неғұрлым жылы желді болғандықтан тозаң ұшып, аллергиясы бар жандарға қолайсыздық тудырады.

Маусым айынан бастапшілдеайыныңсоңына дейін дәнді-дақылдар, шілдеден қыркүйек, қазанға дейін арамшөптер гүлдейді. Мәселен, бетеге, көкпек, жусан секілді өсімдіктер аллергияны қоздырады. Бір  ғана жусанның көпжылдық, ащы жусан секілді бірнеше түрі бар және тек далада емес, қаланың ішінде де көп өседі. Олар желмен ұшып, тозаңданып, бірнеше шақырымға таралады. Аллергиясы бар адамдар осы кезде қиналады. Бұл ауру алғашқы уақытта қарапайым ринит сияқты басталады. Адамның мұрны, тамағы бітеледі. Жиі түшкіріп, мұрнынан су ағады. Құлағы, көзі қышиды. Кейде қызуы көтерілуі мүмкін. Мұрын бітелгесін дұрыс тыныс ала алмайды, ұйқысы қанбайды. Соның кесірінен басы ауырады. Тұмау тигендей мең-зең күй кешіп жүреді. Егер аллергия жыл сайын қайталанатын болса, дұрыс емделмесе, соңы бронхит секілді күрделі ауруға ұласып кетуі мүмкін, — дейді Замза Хайруллина.

Маманның айтуынша, соңғы жылдары аталған ауруға шалдығушылар саны көбейіп барады. Оның ішінде балалар да көп. Дәрігер арудың алдын алудың бірден бір жолы — иммунитетті күшейту дейді.

— Егер адамның иммунитеті төмен болса, аллергияға бейім болады. Бұдан бөлек ауру тұқымқуалаушылық арқылы беріледі. Мәселен, ата-анада аллергия болса, тек маусымдық емес, тағам, дәрінің аллергиясы болса да, балаға әсер етеді. Баланың аллергияға бейімділігі сәби кезінен білінеді.  Диатез болады, мойны, беті қызарады. Осындай белгілер байқалса, ата-ана ойланғаны жөн. Тағы бір ескеретін нәрсе, аллергия дұрыс тамақтануға да байланысты.  Өкінішке қарай, ата-аналардың көпшілігі балаға табиғи тамақ бермейді. Супермаркетте, дүкенде тұрған қызыл-жасылды сусындарды, мармелад, шоколад секілді тәттінің түр-түрін балаға алып береді. Құрамы белгісіз тәттілер тіпті көп. Ал құрамында  бояғыштар, қанты бар тағамдар  баланың денсаулығына өте зиян. Әрине, бұндай өнімдер бірден әсер етпеуі мүмкін.  Әрі өсіп келе жатқан баланың организмі барлығын оңай қабылдайды. Бірақ уақыт өте келе зардабын көреді.  Баланың иммунитеті әлсіреп, ауруға бейім болады. Мен ата-аналарға неғұрлым қарапайым тамақтану керектігін үнемі айтамын. Балаға түрлі ботқаларды беріп, күнделікті асқа  жергілікті жерде өскен көкөністерді тұтынған дұрыс, — дейді Замза Хайруллина.

Сондай-ақ маман соңғы кезде тұрғындардың дәрі-дәрмекті өз беттерінше қолдануы да аллергияға әкеліп жатқанын айтты. Сондықтан  сәл бас ауырып, іш түйілсе, дәріханаға жүгірмеген жөн.

Емі қандай?

Маманның айтуынша, аллергияның түрі көп.  Тағамдардан, дәрілік препараттардан да аллергия туындайды. Жалпы, аллергияға шалдыққан науқастарға  аллерген-спецификалық иммунотерапия (АСИТ) арқылы ем жүргізіледі. Бұл — аурудың себебін тауып, емдеу әдісі.

— Бұл аурумен бүкіл әлем күресіп келеді. Аурудың емі жоқ деуге келмейді. Қазіргі таңда диагностика жақсарды және емдейтін перепараттар да көп. Ақтөбе медициналық орталығында, №7, №3 емханада, «Дару» орталығында арнайы кабинеттер бар. Бұл жерлерде науқасқа толық диагностика жасауға болады. Егер аллергияның себебі анықталса, аурудан жазылуға болады. Ол үшін тек аллерголог маманға жүгіну керек.Учаскелік терапевтен жолдама алып, ақысыз түрде тексерілуге болады. Жалпы, науқас  аллергияға өз бетінше емқабылдауға болмайды, — деді Замза Хайруллина.

Сондай-ақ маман маусымдық аллергиясы барлар барынша қорғанып жүру керектігін ескертеді. Мәселен, өсімдік тозаңдары ауа арқылы тарайтын болғандықтан, есік-терезені ашпаған жөн. Ал күн ыссы болса, терезені тормен қаптау керек, осылайша үйге кіретін шаң-тозаңнан қорғанған абзал. Жасыл-желекті айналып өткен дұрыс. Орман, тоғайларға барып серуендеуге болмайды.

Аллергияны қоздыратын шөптер

Орман жаңғағы, үйеңкі, жұпаргүл, шаған, қайың, емен ағашы, каштан, бақбақ, терек, қарағай, тарғақшөп, қарабидай, қоңырбас, жөке ағашы, қалақай, атқонақ, жүгері, күнбағыс, жусан, бақажапырақ, көкпек, ойраншөп (амброзия).

АЛЛЕРГИЯНЫ ЖЕҢІЛДЕТУ ҮШІН НЕ ІСТЕГЕН ЖӨН?

Мамандар аллергиясы бар адамдар үйдегі, жұмыс орнындағы жиһаздарды ылғалды шүберекпен тазартып отыру керектігін айтады. Сондай-ақ ауруды жеңілдету үшін төмендегі кеңестерге назар аударған жөн.

— Күн ыстық кезде және  желді күні далаға  шықпаған дұрыс. Ал далаға шығатын болсаңыз,  жаңбырдан кейін шығу керек. Себебі жаңбыр ауаны тозаңдардан тазартады.

— Үйге кірген кезде сырт киімді бірден шешіп, жылы душ қабылдаған дұрыс. Бұл, біріншіден, адамды сергітсе, екіншіден күні бойы денеге, шашқа қонған тозаңдарды жояды. Осылайша сәл де болса аллергияның симптомдарынан құтылуға болады.

— Киімді, күнделікті пайдаланып жүрген сүлгі мен төсек жаймаларды далаға жаюға болмайды.

— Ұйықтар кезде есік-терезені жауып қою керек. Себебі ашық терезеден шаң тозаңдары кіреді.

— Өсімдік тозаңдары таңертеңгі уақытта ауада көп болады. Сондықтан осы кезде мүмкінді болса, сыртқа шықпаған жөн.

— Үйдегі жиһаздарды және еденді әлсін-әлсін сулы шүберекпен сүртіп алған жөн. Осылайша ауаны ылғалданырып, ауруды сәл де болса жеңілдетуге болады.

— Көлік пен үйде ауа кондиционерін қосып қоюға болады.

— Алларгиясы бар адамдар сұйықтықты көп ішу қажет. Сорпа, шай, жылы суды көбірек ішу  мұрынның бітелмеуіне жақсы әсер етеді. Ал ыстық күндері жылы су мен жеміс шырынын ішу бойды сергітеді.

— Үй ішіндегі аллергендерді жою үшін химиялық тазартқыштардан гөрі сірке суы немесе ас содасын қолданған жөн. Химиялықзаттармұрынжолдарынтітіркендіріп, симптомдардыкүшейтуімүмкін.

— Өткір иістерден оның ішінде темекітүтініненаулақ болу керек. Аэрозольді спрей, отынтүтіні де аллергияны одан сайын қоздырады.

— Бумен ингаляция жасау керек. Бұл — үй жағдайындағы ең қолайлы ем.

— Өсімдіктер гүлдейтін кезде бақшаға баруға және  дала  жұмыстарымен айналысуға болмайды. Егер бақша жұмысымен жасауға тура келсе, тыныс алу жолдарын қорғайтын бетперде тағып алу керек. Бір рет пайдаланған бетпердені екінші рет киюге болмайды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button