Әбу Ханифа тағылымы
Әлем мұсылмандарының басым бөлігін сунниттер құрайды. Ал сунниттердің өзі төрт құқықтық мектепке, яғни мәзһабқа бөлінетіні белгілі. Олардың арасында Ханафи мәзһабы — барша мұсылмандардың 48 пайызының басын біріктіріп отырған жол.
Біздің халқымыз да он екі ғасырдан бері Ханафи мәзһабын ұстанып келеді.
Бұл мәзһабтың негізін қалаған — Нұғман ибн Сәбит. Өткен ғасырларда қазақ арасында Нұғман, Сәбит, Ханифаға ұқсас Қанапия (мысалы, Шоқан Уәлихановтың шын есімі — Мұхаммед-Қанапия) сынды есімдер кең тарағанына қарағанда, ата-бабаларымыз Әбу Ханифа туралы жақсы білген секілді. Ал дінді санадан өшіруге тырысқан кешегі кеңестік тұста біз ол білімнен айрылып қалдық.
Нұғман ибн Сәбит кім? Неге ол халық арасында Әбу Ханифа атанған? Әбу Ханифа тұлғасы төңірегінде бізге қандай ғибратты әңгімелер жетті?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкіл-имамы, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбековті біз осы сауалдармен сөзге тартқан едік.
— Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Ұлық Имам — Имам Ағзам Әбу Ханифа» атты еңбегі бар. Әңгімені сол еңбек негізінде өрбіткім келеді. Әйткенмен, Имам Ағзам туралы сөзді алдымен Абдулла ибн Масудтан бастағанды жөн санаймын, — дейді бас имам.
Сонымен:
«Ибн Масудтың айтқанын орындаңдар»
Имам Ағзам атанған Нұғман ибн Сәбит — ұлық сахаба, шариғат ілімінің ғалымы Абдулла ибн Масуд негізін қалаған мектептің өкілі. Бұл мектептің негізі қазіргі Ирак аумағындағы Куфа қаласында қаланған.
Абдулла ибн Масуд — ислам дінін жастай қабылдаған жан. Ол Мұхаммед пайғамбарымыздың (Оған Алланың нұры жаусын!) ең жақын сахабаларының бірі болып, тіпті халық арасында «Пайғамбар сырларының сақтаушысы» атанған.
Алғашқы мұсылмандар арасында ол Құран білгірі ретінде танылған. Ал Мұхаммед пайғамбарымыз (Оған Алланың нұры жаусын!): «Ибн Масудтың айтқандарын бұлжытпай орындаңдар» — деген.
Абдулла ибн Масуд Куфа қаласында қазы міндетін атқарды және шариғат жөнінде білім беретін орталық құрған сахабалардың бірі болды. Кейіннен осы орталықты өзі басқарды.
Ибн Масудтан кейін бұл орталықты оның шәкірті — Әлқама ибн Кайс басқарды. Ол — Абдулла ибн Масудтан да басқа сахабалардан (Омар, Әли, Айша, т.б,) білім алған, хадис риуаят еткен ғұлама. Әлқамадан кейін білім ордасына Ибраһим ән-Наһаъи, одан соң Хаммад ибн Сүлеймен басшылық етті. Осы Хаммад ибн Сүлеймен — Әбу Ханифаның ұстазы.
Тектілік сыры
Нұғман ибн Сәбит 699 жылы Куфа қаласында дүниеге келген. Оның ата-бабалары Куфаға ертеректе Хорасаннан қоныс аударған екен. Сондықтан зерттеушілердің кейбірі оның тегі парсы десе, енді бірі түркі деп те айтады.
Әбу Ханифаның ата-анасының шаңырақ құруы жөнінде мынадай әңгіме таралған. Сәбит жастайынан иман ойлаған, өте тақуа адам екен. Бірде арық бойында жуынып тұрғанында, ағып келе жатқан алманы көреді. Алмаға қызығып, аузына апарады. Алманы жеп тұрып оған: «Бұл жемістің иесі бар шығар? Оның рұқсатын алмағаным қалай?..» — деген ой келіпті. Сөйтіп, алманың иесін іздеп, арық бойымен өрлеп келе жатып, бір баққа тап болады. Оның иесін іздеп тауып, алманы рұқсатсыз жегені үшін кешірім сұрайды. Бақ иесі де жай адам болмаса керек, Сәбитті сынап көру үшін: «Кешірім бере алмаймын. Қайткенде де разылығымды аламын десең, үш жыл менің үйімде қызмет етесің, арғысын тағы көрерміз» — дейді. Үш жыл қызмет еткеннен кейін Сәбит үйіне қайтуға рұқсат сұрайды. Сонда бағбан: «Енді бір шартымды орындасаң, разылығымды беремін» — дейді. Сәбит бұған келісіпті. Бағбан оған: «Менің көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, қол-аяғы сал әрі мылқау қызым бар. Соған үйленесің» — дейді. Сөйтіп, Сәбит пен бағбан қызының некесі қиылыпты. Бірақ қыз әкесі айтқандай емес, сап-сау әрі көрікті боп шығады. Сәбит қыздың әкесіне барып, мұның сырын сұрағанда, ол: «Қызым ұят нәрселерге қарамайды, сондықтан соқыр дедім. Ұят, балағат әңгімелерді, өсек сөзді тыңдамайды, сондықтан керең дедім. Тыйым салынғанға қол созбайды, лас жерге бармайды, сондықтан да қол-аяғы сал дедім. Жаман сөз айтпайды, сондықтан мылқау дедім. Сен маған бір көргеннен-ақ ұнасаң да, үш жыл сынадым. Сенің адалдығыңа көз жеткізгеннен кейін, қызым екеуіңді бір-біріңе лайық көрдім» — деп жауап беріпті.
Әбу Ханифаның ата-анасы осындай жандар болған…
Неге Әбу Ханифа атанған?
Әбу Ханифа Куфада өмір сүрген сол дәуірдің ең атақты ғұламалары Шағби мен Хаммад ибн Сүлейменнен білім алған. Хаммад ибн Сүлейменнен 18 жыл бойы дәріс алған. Сондай-ақ ол төрт сахабаның көзін көрген. Әбу Ханифа сол заманғы озық білім ошақтары — Мекке, Мәдина, Басра қалаларына сапар шегіп, Ата ибн Әбу Рабах, Мәлік ибн Әнас, т.б. атақты ғалымдармен кездесіп, пікірлескен.
Білімінің тереңдігімен, әділеттілігімен танылған Әбу Ханифаны халық өте құрметтеген. Хаммад ибн Сүлеймен дүние салғаннан кейін, Әбу Ханифа оның орнын басып, Куфадағы білім ордасын басқару ісін қолға алды. Фикһ ілімінің білгірі ретінде Әбу Ханифаның атағы барша мұсылман әлеміне кең тарап, шәкірттер одан үйрену үшін, жан-жақтан ағылып келетін болған. (Айта кетейін, фикһ — қоғамдағы өзара қарым-қатынас, әдет-ғұрыптардың шариғатқа сәйкес тәртіп-қағидаларын үйрететін ілім. Бұл ілім маманын факиһ, яғни «мұсылман заңгері» деп атайды.)
Нұғман ибн Сәбиттің Әбу Ханифа атануы — оның жолының әділеттілігін мойындаудан туған халықтың құрметі болса керек. Өйткені ханиф сөзі ислам, хақ дін, тура дін деген ұғымдарды білдіреді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың нұры жаусын!) бір хадисінде: «Алла барлық пенделерін ханиф (дінге бейім) етіп жаратты» — деген.
Ал «әбу» сөзінің аудармасы «әке» болғанымен, ол жетекші, басшы деген мағынада да қолданылады. Демек, Әбу Ханифа — тура дінге, тура жолға бастаушы дегенді білдіреді. Сондай-ақ халық оны Имам Ағзам, яғни Ұлық Имам деп те қадірлеген.
Әбу Ханифа көзқарастарының басқа ғалымдарға қарағанда кеңпейілдік, адамгершілік сипаты басым болған. Бұл — Мұхаммед пайғамбардың (Оған Алланың нұры жаусын!): «Білгендеріңді басқаларға үйретіңдер. Дінді оңай етіп көрсетіңдер. Қиындатып жібермеңдер. Адамдарды сүйіндіретін сөздер айтыңдар. Оларды түрлі тағдырлармен қорқытып, бездіріп жібермеңдер» — деген хадисімен үндес ұстаным.
Жүректен шыққан жүрекке жетеді
Имам Ағзам Куфаның орталық мешітінде уағыз айтады екен. Бірде оған бір құл келіп: «Ұстаз, сіздің уағызыңыз жұртқа әрдайым ерекше әсер етеді. Сондықтан сіз құлды азат етудің артықшылықтары мен сауабы жөнінде әңгімелеңізші. Сонда менің қожамның көңілі жібіп, басыма азаттық берер деп үміттенемін» — дейді. Әбу Ханифа бұл өтінішті орындауға уәде береді.
Бірақ келесі жұмада да, одан кейінгі жұмада да Әбу Ханифа құлды азат ету тақырыбына уағыз оқымайды. Құлдың өтініші тек үшінші жұмада орындалыпты. Және құлдың үміті де орындалып, осы уағыздан кейін басына бостандық алыпты.
Азаттық алған құл Әбу Ханифаға арнайылап келіп рахмет айтады. Содан соң: «Менің өтінішімді неге тек екі аптадан кейін орындадыңыз?» — деп сұрапты. Сонда Әбу Ханифа: «Ол кезде менің құлым жоқ болатын. Ақша жинап, базардан құл сатып алдым. Сосын оны азат еттім. Құлдың азат етудің рухани тұрғыдағы қуанышын, рахатын өз басымнан өткердім. Бұл амалды өзім істемей тұрып, басқаға бұйырғанымда, уағызымның еш әсері болмас еді, ал уағызым сенің қожаңның жүрегіне жетпесе, азаттық ала алатын ба едің?» — деген екен.
Басты байлық — иман
Әбу Ханифа дәулетті әулеттен шыққан. Оның әкесі жібек мата саудасымен айналысқан. Әйтсе де Әбу Ханифа ел арасында дәулеттілігімен емес, кішіпейілдігімен, адамгершілігімен, қай істе де алдымен Алла разылығын іздеген имандылығымен атақты болды. Иман мәселесінде ол өте сақ адам болған деседі. Мынадай әңгіме бар. Куфада бір адамның қойы ұрланып кетеді. Ұрлық ашылмайды. Сонда Имам Ағзам байқамай ұрланған қой етін жеп қоярмын деп сақтанғандықтан, жеті жыл бойы қой етін жемей жүрген екен.
Замандасы Сәһл ибн Мадхим айтыпты дейді: «Әбу Ханифаның үйіне кіріп едік, үйінен бұйрадан (қамыстан жасалған төсеніш) басқа ештеңе көрмедік».
Ал мына оқиға Әбсаттар қажы Дербісәлінің жоғарда айтылған еңбегінде баяндалады: бірде Әбу Ханифаны сынамақ ниетпен бір яһуди оған сапардан қайтып келе жатқан керуені қарақшыларға тоналғанын айтады. «Енді қайттің?» — дейді. Аз уақыт қана үнсіз отырған Әбу Ханифа: «Аллаға шүкір» — деп қана жауап беріпті. Біраздан соң әлгі адам қайта оралады. Бұл жолы: «Сүйінші! Керуенің табылды. Мал-мүлкің дін аман екен» — деп хабарлайды. Әбу Ханифа тағы да аз сәт үнсіз қалады. Содан соң: «Аллаға шүкір» — дейді. Әлгі адам таңғалып: «Неге қайғыда да, қуанышта да бір жауап қайырдың?» — деп сұрайды. Сонда Әбу Ханифа: «Керуенің жоғалды дегенде, ауырып-сыздар ма екен деп, жүрегіме үңілдім. Жүрегімнің дүние шығынын елемей, түк болмағандай соғып тұрғанын көріп, шүкірлік айттым. Кейін: «керуенің табылды» — дегенде, қуанар ма екен деп, тағы да жүрегіме үңілдім. Жүрегім түк болмағандай соғып тұрды. Жүрегімде дүниеге деген сүйіспеншіліктің жоқтығын көріп, «Аллаға шүкір» — дедім» — деп жауап беріпті.
Осындай тұлғаны үлгі етіп, мың жылдан астам уақыт бойы дініне берік болған ата-бабаларымыз да Алла разылығын, рухани құндылықтарды бәрінен жоғары қойды. Ежелден қазаққа тән саналатын мәрттік, отансүйгіштік, кеңпейілдік, үлкенге құрмет, достыққа адалдық, кішіпейілдік, қонақжайлық сынды қасиеттер халқымыздың бойына асыл дініміз арқылы сіңді. Ата-бабаларымыз топ-топқа бөлініп, діни амалдар төңірегінде дауласып, бір-бірінің жағасынан алмаған. Олар бір мәзһабты ұстанған. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы жанын құрбан ете жүріп қорғаған, ұрпаққа аманат етіп, армандаған Тәуелсіздігімізге қауіп төнбеуі үшін, ұлт, халық ретінде қасіретке ұшырамас үшін, біз сол ата-бабалардың дін жолындағы ынтымақ-бірлігін үлгі-өнеге етуге тиіспіз.
Әңгімені жазып алған Индира ӨТЕМІС.
Мұхаммед пайғамбардың хадистерінен:
Кімнің Аллаға және ақыретке деген иман-сенімі болса, бірде-бір мұсылманның көңілін қалдырып, қорқыныш ұялатпасын!
Ххххх
Дінбұзарлыққа берілген, дінді теріс пайдаланған адам сол ниетінен әбден қайтып, арылмайынша, Алла оның тәубесін қабыл қылмайды.
Ххххх
Кімде-кім өзімен-өзі болып, бейбіт өмір сүріп жатқан ғайыр дінді (басқа діндегі) біреуді өлтірсе, ол жаннаттың иісін де иіскей алмайды. Ал жаннат иісі қырық жылдық қашықтықтан да сезіліп тұрады.
Ххххх
Кімде-кім мұсылман мемлекетінде тұратын басқа діндегі адамдарды қорласа, ол қиямет күні оттан өрілген қамшымен соғылады.
Ххххх
Екі кісі бір кісіден жақсы; үш кісі екі кісіден жақсы; төрт кісі үш кісіден жақсы; көпшілікпен бірге болғандарды Алла тура жолға бастайды.
Ххххх
Аллаға иман келтіргеннен кейінгі істің ең абзалы — адамдармен достасу.
Ххххх
Алдыңғы үмбеттерден сендерге жеткен кесел — қаскөйлік пен өзара жаман қарым-қатынас. Бұл — шашты сыпыру емес, дінді сыпыру. Мұхаммедтің рухына ие заттың атымен ант етемін: мұсылман болмайынша жәннатқа кірмейсіңдер. Бір-бірлеріңе сүйіспендік көрсетпейінше, мұсылман болмайсыңдар. Қалайда достасып кетулерің қажет. Ол үшін бір-бірлеріңмен қандай жағдайда да сәлемдесіп жүріңдер.



