Таным

Жер және 7 миллиард

БҰҰ сарапшылары әлемнің 7 миллиардыншы тұрғыны қазанның 31-інен қарашаның 1-іне қараған түні дүниеге келді деп мәлімдегені белгілі. Сөйтіп, биылғы қараша айының алғашқы күнінен бастап Жер тұрғындарының саны 7 миллиардқа жетті.

48 жас еді…

Зерттеушілердің айтуынша, қазіргі жыл санауымыздың 1 жылында Жер бетінде небәрі 300 миллион-ақ тұрғын болған. Арада 1800 жыл уақыт өткенде ғана адамзат баласы 1 миллиардқа жеткен еді. Сол 1800 жылдан бері, яғни екі ғасырдан астам уақыт ішінде дүние жүзі тұрғындарының саны 7 есе өсті. Әсіресе соңғы 50-60 жылда Адам Ата мен Хауа Ана ұрпақтарының саны жедел өсіп, 3 миллиардтан 7 миллиардқа дейін жетті.

Зерттеушілер мұны медицинаның ғылым ретінде жедел дамуымен, сондай-ақ жер-жерлерде емханалар, ауруханалар ашылып, денсаулық сақтау ісінің жақсы жолға қойылуымен байланыстырады. Соңғы жарты ғасыр мерзімде әлем бойынша орташа өмір сүру ұзақтығы 48 жастан (енді бір деректерде — 53 жас) 68 жасқа көтерілген. Әлемде жыл сайын 135 миллион сәби дүниеге келіп, 57 миллион адам көз жұмады. Сонда, Жер тұрғындарының табиғи өсімі, орта есеппен, жылына 78 миллион адам болып отыр.

Бүгінгі күні әлемде тұрғындарының саны 80 миллионнан асқан 16 ел бар. Бүкіл дүние жүзі халқының жартысынан астамы алты елде тұрып жатыр: Қытай, Үндістан, АҚШ, Индонезия, Бразилия және Пәкістан.

Ал әлемде халқының саны ең көп қала — Токио. Жапон жұртының астанасында 36,5 миллион адам тұрады. Жалпы, бүгінгі күні Жер бетінде тұрғындарының саны 10 миллионнан асатын 21 қала бар. Ал 1975 жылы бұл көрсеткіш небәрі үш қаламен шектелген еді.

2008 жылға дейін әлем бойынша қалада тұрып жатқандардан гөрі ауыл тұрғындарының саны басым болды. Қазір қала тұрғындарының саны күннен-күнге артып келеді. Сарапшылар болжамына сенсек, 2050 жылы адамдардың 70 пайызы ірі қалалар тұрғыны болады. Енді 12-13 жылда әлемде тұрғындары 10 миллионнан асатын қалалар саны 29-ға жетеді.

 

Алыптар мен «ергежейлілер»

Әлемдегі тұрғындары 80 миллионнан асатын мемлекеттердің жартысынан астамы Азияда орналасқан. Азияның екі алыбы — Қытай мен Үндістанның халқын қоса алсақ, бүкіл Жер тұрғындарының үштен бірінен астамын құрайды.

Ал, жеке-жеке алар болсақ, Қытай халқы бүгінде Жердің барлық тұрғындарының бестен бірін құрап отыр. Қытай ежелден-ақ әлемдегі халық көп қоныстанған елдердің бірі болып табылады. Біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда-ақ Жер тұрғындарының оннан бірін қытайлар құраған екен.

Бүгінгі күні Қытай халқы жылына 10 миллион адамға көбейіп отыр. Жоғарыда біз бүкіл дүние жүзі халқы жылына, орта есеппен, 78 миллион адамға көбейеді дегенді айтқан едік. Көріп отырғаныңыздай, Жер бетінде дүниеге келетін сәбилердің әр жетінші не сегізіншісі — қытай екен. Ал әлемде 200-ден астам ел, 7 мыңнан астам ұлт пен ұлыс бар.

Әйткенмен, нақ қазір жылдық өсім көрсеткіші жөнінен Қытай өз көршісі Үндістаннан артта қалып отыр. Мұның себебін Қытай үкіметінің бала санын шектеуге бағытталған демографиялық саясатынан іздеген жөн. Бұл саясат отыз жылдан астам уақыттан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт бойы Қытай: «Отбасында бала санын шектеу арқылы ұлттың сапасын көтерейік» — деген ұранмен өмір сүрді. Отыз-қырық жыл бұрын аспан асты еліндегі әр отбасында, орта есеппен, 5,8 бала болған болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 1,8-ге төмендеп отыр. 2005 жылдың  қаңтарында, Қытайдың 1,3 миллиардыншы тұрғыны дүниеге келген кезде, ел үкіметі: «Егер «Бір отбасына — бір бала» саясаты қолға алынбағанда, қазір бізде халық саны 1,3 миллиардқа емес, 1,6 миллиардқа жеткен болар еді» — деп мәлімдегені есімізде.

Халқының саны жөнінен әлемдегі екінші ел — Үндістанға келсек, мұндағы тұрғындар саны 1,21 миллиардқа жетті. Бұл Қытайдан 131 миллион адамға кем. Қытайда бүгінгі күні жылдық өсім 0,6 пайыз болса, ал Үндістанның көрсеткіші — 1,4 пайыз. Үндістанда әр отбасында, орта есеппен, 2,6 баладан дүниеге келеді. Бұл тіпті де жоғары көрсеткіштер емес. Соның өзінде Үндістан халқы соңғы он жылда 181 миллион адамға көбейген.

Қытаймен салыстырғанда, Үндістан әзірге бала санын шектеуге қатысты кең көлемдегі шараларға кірісе қойған жоқ. Бірақ насихаттық бағыттағы шаралар жүргізіліп жатыр. Мысалы, Раджастан штатының билігі арнайы акция ұйымдастырып, жастарды балалы болу мүмкіндігін автомобиль ұтысына қатысу мүмкіндігіне «айырбастауға» шақырыпты. Акцияға қатысқан жастар дәрігерлердің араласуымен балалы болу қабілетінен мәңгілікке айырылады, ал операциядан кейін оларға Раджастан штаты билігі ұйымдастырып отырған ұтысқа билет беріледі. Ұтысқа әлемдегі ең арзан Tata Nano автокөлігі шығарылып отыр. Сонда да  ұйымдастырушылар акцияға 20 мың адам қатысатынына сенімді.

Үндістан халқы жас халық болып саналады. Ел тұрғындарының 30 пайызын 14 жасқа толмаған балалар құрайды. Үндістандықтардың орта жасы — 25 жас.

Сарапшылар болжамына сай, 2025 жылға қарай бұл мемлекет халқының саны жөнінен Қытаймен теңеседі. Ал 40 жыл шамасында үндістандықтар саны қытайлардан 200 миллионға артық болмақ. Сөйтіп, 2050 жылы Үндістан халқының саны жөнінен әлем бойынша бірінші орынға шығады.

Халқының саны жөнінен үшінші орындағы мемлекет бүгінгі күні — АҚШ, ал 2050 жылы, болжамдар бойынша, бұл орынға Нигерия «жайғаспақ».

Әлемде халқының саны 100 мыңға жетпейтін 35 ел бар. Бұл «көшті» 98 мың тұрғыны бар Кирибати бастайды. Кирибати — Тынық мұхитындағы ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Жалпы ауданы Мәскеу қаласы аумағының 80 пайызына ғана тең. 1979 жылы Ұлыбританиядан тәуелсіздік алыпты.

Ал осы тізімдегі ең соңғы мемлекет Пэткерн аралдарында небәрі 60 адам — 9 отбасы — бар көрінеді.

 

Адамзат қайтіп күн көрер?

Егер бүгінгі күнгі өсу қарқыны сақталып қалар болса, адамзат баласы 2023 жылы 8 миллиардтық межені бағындырады, ал 2050 жылы — 9 миллиардқа, ғасыр соңында 10 миллиардқа жетеді. Кейбір зерттеушілер ғасыр соңында Жер тұрғындары 16 миллиардқа жетеді деген де болжам айтты, алайда зерттеушілердің басым бөлігі оны мүмкін емес деп есептейді.

БҰҰ мәліметтеріне сай, бүгінгі күні дүниеге келген әр 100 сәбидің 97-сі — кедей елдер «үлесінде». Қазірдің өзінде әлемде 67 миллион баланың білім алуға мүмкіндігі жоқ екен.

Бүгінде әлемде соғыстан, түрлі апаттар салдарынан қашып немесе жақсы өмір іздеп миллиондаған адамдар бір елден екінші елге көшіп жүреді. 2010 жылы бір елден екінші елге көшкендер саны 244 миллион адамға жеткен. Бұл — Индонезия халқының санына тең көрсеткіш. (Ал Индонезия халқының саны жөнінен әлем бойынша төртінші орында тұр.)

Дүние жүзінде 1 миллиардқа жуық адам, яғни әрбір жетінші адам аштықтан зардап шегіп отыр. Жер тұрғындарының 13 пайызы ауыз су тапшылығын көріп келеді.

Адам санының тез көбеюіне байланысты ғалымдар алдағы күнге қатысты сан түрлі қауіп айтып отыр. Мысалы, оксфордтық астрофизик, профессор Стивен Хокинг алдағы 1-2 ғасырда Жердегі пайдалы қазбалар қоры таусылады, сондықтан басқа ғаламшарларды игеруге кірісу керек деп мәлімдегені белгілі.

Ал ойшылдар мәселе адамзат баласының көптігінде емес, материалдық тұрғыдан, тамақ пен киімді, жылы баспананы ғана қанағат тұтып қоймайтын, керегі таусылмайтын ашқарақтығында деп есептейді.

Жазушы Әбіш Кекілбаев 1988 жылы жазылған «Бағзы мен бақиды жалғастырар сара жол»  атты мақаласында былай дейді: «Соңғы ширек ғасырда өмір сүріп жатқан ұрпақ өзіне дейінгі миллиондаған ұрпақтардың бәрі қосылып жұмсағаннан әлдеқайда көп энергетикалық ресурс шығындапты. Ал енді тап осы қазіргі ауқатымыз бен қару-жарағымызды көбейтпей де, азайтпай да, дәл он жыл осы қалпында ұстау үшін күні бүгінге дейін жұмсап отырған әлгіндей жер ойдық энергиямыздан үш-төрт есе көп энергия пайдалануымызға тура келеді екен. Өйткені қазір әр он жыл сайын соңғы екі мың жылда қанша жаңалық ашылса, сонша жаңалық ашылады. Ондай жаңалықты ашып ап, шаш етектен пайда түсіруге ұмтылмайтындай сабыр мен қанағатты бізге кім беріпті? Қазіргі күнде-күнде тұтынып жүрген бұйымдарымыздың тоқсан проценті осыдан сексен жылдай бұрын атымен үрдісте болмапты. Аранды ашқан үстіне аша берсек, ешқандай атом, сутегі, нейтрон бомбасынсыз-ақ, дүниенің күлін көкке бір-ақ ұшыратын сыңайымыз бар…».

 

Он жеті миллионыншы, Наурызбек?..

Сөз соңында өз еліміздің демографиялық ахуалы туралы аз сөз: үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Қазақстан халқының саны 16, 6 миллионға жетті. Халқының саны жөнінен Қазақстан — 62-орынды иемденіп отырған мемлекет.

200-ден астам мемлекеттің арасында 62-орын көңілге тоқ көрінгенімен, жері кең Қазақстан халықтың тығыздығы жөнінен — әлемде ең соңғы орындардың бірінде. Еліміз бойынша бұл көрсеткіш: әр шаршы шақырым шаққанда — 6, 08 адам. Салыстыру үшін айталық: Қытайда бұл көрсеткіш — 138 адам; Үндістанда — 360 адам. Ал әлемдегі халық ең тығыз қоныстанған квартал болып есептелетін Гонконгтың Монг Кок кварталында әр шаршы шақырымда, орта есеппен… 130 мың адам тұрады екен.

1991 — 2002 жылдар аралығында, еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің тарихи отандарына ағыла көшуі салдарынан, Қазақстан халқы 17 миллионнан 14,9 миллионға дейін азайған болатын. ҚР Статистика агенттігінің Әлеуметтік және демографиялық статистика департаментінің болжамына сай, жақын уақытта Қазақстан тұрғындарының саны сол 17 миллиондық межеге қайта көтеріледі. Алла қаласа, тәуелсіз Қазақстанның он жеті миллионыншы тұрғыны 2012 жылдың наурыз айында дүниеге келеді.

 

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button