«ҚҰМСАЙЫМ – ҚҰТ ҚОНҒАН МЕКЕНІМ!»

Бұл ауылда кейінгі жылдары қалыптасқан жақсы бір дәстүр бар. Ол — ауылдағы мектеп түлектерінің бастамасымен жыл сайын жазғы спартакиада өткізу. Онда аталған іс-шараның тәлімдік, тағылымдық жағына айрықша мән беріледі. Бұл жиынға осы мекенде дүниеге келген, қазір шалғайда жүрген азаматтар да шақырылады. Сондай-ақ әрбір спартакиада туған жерді түлетуге үлес қосқан, кезінде спортты жанына серік етіп, жас буынға үлгі берген ардагерлер, өмірден өтіп кеткен қимас азаматтар құрметіне арналады.
Құмсай ауылында биыл спорт ардагері Сағынғали Дабылдинді еске алуға арналған дәстүрлі VII түлектер спартакиадасы өтті. Түлектер спартакиадасына 16 команда қатысып, футбол және волейбол ойындарынан, арқан тартыс пен қол күрестен сынға түсті. Жарыстарда 200-ден астам спортшы сайысқа шықты.
Спартакиада алауын жағу құрметіне Сағынғали Дабылдиннің інілері Ерболат, Ержан, балалары Елдар, Бекзат ие болды.
Сағынғали Дабылдин осы Құмсай ауылында 1956 жылы дүниеге келген. Ауылда орта білім алып, содан кейін Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтында ауыл шаруашылығы экономикасы және оны ұйымдастыру мамандығы бойынша жоғары білім алды.
Ол алғашқы еңбек жолын Мұғалжар ауылшаруашылық басқармасының бас маманы болып бастайды. 1980 жылдан «Орқаш» кеңшарында экономист болып еңбек етеді, сосын «Темір» кеңшарына бас экономист қызметіне жіберіледі.
Сағынғали Мұңайтпасұлы қай жерде қызмет етсе де, спорттан қол үзбейді. Әсіресе футбол, волейбол ойындарын шеберлікпен игеріп, жастарды жанына жинай біледі, оларға үлгі-өнеге көрсетеді. Өкінішке қарай, елдің аяулы азаматы осыдан жиырма жыл бұрын өмірден өтті.
Құмсай өңірінің тумасы Мейіржан Тілеубаев — ауылда жыл сайын өткізілетін спартакиаданы жоғары деңгейде өткізуде өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп жүрген азамат.
Спартакиаданың ашылу салтанатында Құмсай ауылдық округінің әкімі Нығмет Сатаев мұндай игілікті шараның дәстүрге айналғанын, осындағы мектеп түлектері жылма-жыл оны лайықты жалғастырып келе жатқанын атап көрсетті.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев, еңбек ардагері Ізбасар Тілегенов жиналғандарға жақсы тілегін айтып, өздерінің әріптесі болған ел азаматы Сағынғали Дабылдин туралы естеліктерін айтты.
Түлектердің демеушілігімен ауылда демалыс саябағы ашылды. Саябақтың жан-жағы қоршалып, адамдардың демалуына жағдай жасалды, электр шамдары орнатылды.
Есет Оспанов, Жасұлан Бұхарбаев, Талғат Ұлықпанов, Еркебұлан Ибраев, Аслан Ешниязов, Асланбек Қабылжанов, Салауат Ысқақов, Ғалымжан Тұрахметов өздерінің туып-өскен ауылдарының көркеюіне көмектесу перзенттік парыздары екенін білдірді.
Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар ақшалай сыйлықтармен қатар медальдармен, арнайы кубоктармен марапатталды. Үш күнге созылған биылғы іс-шараны өткізуде Құмсай мектебінің 2001 жылғы түлектері бастамашылдық танытты.
Сағынғали Мұңайтпасұлының зайыбы Маржан, балалары Елдар мен Бекзат спартакиада өткізушілерге өздері үшін дүниедегі ең ыстық адамның рухына тағзым еткендері, құрметтері үшін алғыс сезімдерін білдірді. Осы күндері ауылда өмірден ерте өткен азамат рухына бағышталып ас берілді.
Туған ауылда бас қосқан түлектер сағыныш әнін бірігіп шырқады.
Құмсайым — құт қонған мекенім,
Өзіңді мақтаныш етемін.
Ауылға келгенде ұғарсың,
Халқының қонақжай екенін, — деп жалғасқан сазды әуен қимай қоштасқан қонақтар жүрегінде алыстарға таралып бара жатты.
Келесі жылғы спартакиада өткізу эстафетасын 1988 жылғы туғандар қабылдап алды.
Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ,
Мұғалжар ауданы.