ЖАҢА ҮЙ САЛЫНАДЫ
Ақтөбенің Тілеу батыр көшесіндегі апатты жағдайда тұрған 13-інші үй сүріледі. Оның орнына сол үйдің тұрғындары үшін жаңа бес қабатты 52 пәтерлі жаңа үй салынады. Жоба бойынша пәтерлердің ауданы шамамен кем дегенде 30-32 шаршы метрден басталады. Қазіргі таңда мердігер компания «Хиба-Наз» ЖШС құрылысқа жер учаскесін дайындап жатыр.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, іргетасы 1955 жылы қаланған үй бес жыл бұрын апатты деп танылған. Жетпіс жылдық тарихы бар үйдің мәселесі биыл шешімін тапты.
— Қазір көпшілігіміз жалдамалы пәтерлерде, одан қалды саяжайларда тұрып жатырмыз. Барлығының балалары бар, одан бөлек мүгедектер, көпбалалы отбасылар бар. Мен ПИК төрағасы ретінде көршілеріме «Отбасы банкінде» шот ашу туралы кеңес бердім. Өйткені біз келесі жылы жаңа үй дайын болған кезде бұрынғыдан гөрі кеңірек пәтер алғымыз келеді. Артық шаршы метрлер үшін құрылыс салушыға қосымша ақы төлейміз. Мысалы, бір бөлмелі пәтердің иесі екі бөлмелі пәтерде тұрғысы келсе, қалғанын несиеге ала алады. Тұрғындар бұл ұсынысымды қолдады. Осы ретте біздің мәселемізді шешуге көмектескен қалалық әкімдікке ризамыз, — деді Сағынбай Қуанышев.
Үйді бұзғаннан кейін құрылыс компаниясы үш подъезді тұрғын үйдің іргетасын қалайды. Жоспар бойынша құрылыс осы жылдың үшінші тоқсанда басталып, 2025 жылдың үшінші тоқсанының соңында аяқталады. Яғни бір жылда салынып бітеді.
— Бұл үйде 50-ден астам пәтер болады. Оның ішінде 35 пәтерді апатты деп танылған үйдің пәтер иелеріне тегін береміз. Жалпы құрылыс алаңы — 1300 шаршы метр. Егер қабат бойынша есептесек, онда 4 мың шаршы метрден асады, — деп нақтылады «Хиба-Наз» ЖШС директоры Еламан Шектібаев.
Кәмшат ҚОПАЕВА.