72-ШІ ЖҮЛДЕ АЛДЫНДАҒЫ СӘТ
Бүгін Парижде ХХХІІІ жазғы Олимпиада басталады. Олимпиадада біздің елімізден спорттың 25 түрі бойынша 80 спортшы өнер көрсетеді. Қазақстандықтар ұтып алған жолдамалардың саны — 92.
Жанкүйерлер Олимпиада ойындарын 5 телеарна арқылы тікелей көрсетілімнен тамашалай алады. Бұлар — «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар», «Ел Арна» және «Jibek Joly» арналары. Бүгін кешке ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты көрсетілмек.
Париж жазғы Олимпиада ойындарын үшінші рет қабылдап отыр. Бұл қалада Олимпиада бірінші рет 1900 жылы, ал екінші рет осыдан тура бір ғасыр бұрын, яғни 1924 жылы өткен екен. Бұл жолы ашылу рәсімі Сена өзені мен оның жағалауында өтеді деп жоспарланған. Олимпиадаға 205 елден 10,5 мың спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Олар 32 спорт түрі бойынша жарысқа түсіп, барлығы 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Бүгінге дейінгі медаль — 71
Тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде Қазақстанның олимпиадашылар құрамасы өз алдына жеке команда ретінде жазғы Ойындарға сегізінші рет қатысқалы отыр. Өткен 7 Олимпиадада біздің спортшылар 14 алтын, 21 күміс және 36 қола, барлығы 71 медаль ұтып алған.
Тәуелсіз елімізден шыққан ең алғашқы Олимпиада чемпионы — боксшы Василий Жиров. Жалпы, Парижге дейінгі 14 алтынның 7-еуі — боксшылардың еншісінде. Одан бөлек спортшыларымыз жеңіл атлетикадан — 2, жүзу спортынан — 1, ауыр атлетикадан — 1, күрестен — 1, қазіргі заманғы бессайыстан 1 және велоспорттан 1 алтын алған.
Жоғарыда бүгінге дейін Қазақстан спортшыларының жазғы Ойындарда 71 медаль алғанын айттық. Бұл — Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Салыстырып өтсек, Өзбекстан елінің спортшыларында — 36, Қырғызстанда — 7, Тәжікстанда — 4, Түрікменстан қоржынында 1 жазғы Олимпиада медалі бар. Оның ішінде Қазақстан 14 алтын жүлде иеленсе, Өзбекстан — 10, тәжік елі 1 алтын жүлде алған. Қырғызстан мен Түрікменстанның еншісінде әзірге алтын жоқ.
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) жалпыкомандалық есепті мойындамайды. Олар әр жүлде оны жеңіп алған спортшыға ғана тиесілі деген ұстанымды алға тартады. Сондықтан сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының әр Олимпиададан кейін міндетті түрде ұсынатын жалпыкомандалық есебі «ресми емес» деп атап көрсетіледі. Ресми емес болғанымен, жанкүйерлер бұл есепке ерекше мән береді. Өз командасының неғұрлым жоғары тұрғанын тілейді. Жалпыкомандалық есеп сол елдің спортшыларының сәтті не сәтсіз өнер көрсеткенін әйгілейді. Қазақстан спортшыларының ресми емес жалпыкомандалық есептегі бүгінге дейінгі ең жоғары көрсеткіші — 22-орын. Бұл жетістік Сидней Олимпиадасында тіркелді. Ал Орталық Азия бойынша жалпыкомандалық есептегі әзірге ең жоғары көрсеткіш — Өзбекстанның еншісінде. Оңтүстіктегі көршіміз әрі туыстас өзбек елі 2016 жылы өткен жазғы Олимпиаданың жалпыкомандалық есебінде 21-орынға жайғасты.
Қазақстан үшін 2020 жылғы Токио Олимпиадасы сәтсіз өткені белгілі. Пандемияға байланысты болу-болмауы дүдәмалға айналып, ақыры бір жыл кешігіп өткен Олимпиадаға спортшыларымыз тыңғылықты дайындала қоймаған секілді. Бұл Олимпиадада 8 қола иеленген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 83-орынға дейін құлдырады. Токиода Өзбекстан — 32-орын, Қырғызстан — 70-орын, ал оған дейін өз тарихында Олимпиада медалін иемденіп көрмеген Түрікменстанның өзі 77-орын алды. Айта кетейік, Токио Олимпиадасында Түрікменстан ауыр атлетикадан күміс медаль иеленді. Токиоға дейін Түрікменстан бұрынғы КСРО-дан шыққан мемлекеттер арасында Олимпиада жүлдесіне қол жеткізе алмаған бірден-бір ел болып келген еді.
Ерлер мен әйелдер
ХОК көтеріп келе жатқан бір мәселе — ерлермен қатар, әйелдер спортына да көңіл бөліп, әйел спортшыларды ірі жарыстарға көбірек қатыстыру. Биылғы Париж Олимпиадасында ер және әйел спортшылардың саны алғаш рет теңеседі деп күтіліп отыр. Деректер бойынша, әу баста әйелдер ең алғаш рет Олимпиада ойындарына 1900 жылы қатысқан екен. Ол жолы да жазғы Ойындар Парижде өткені белгілі. Оған 22 әйел спортшы қатысқан.
ХХХІІІ жазғы Олимпиадаға жолдама алған қазақстандық спортшылардың 26-сы ғана — қыз-келіншектер. Дегенмен еліміздің тарихында Олимпиадаға қатысқан спортшылардың арасында ерлерден гөрі қыз-келіншектердің саны басым болған кез де бар: 2008 жылғы Париж Олимпиадасына 60 ер, 70 әйел спортшы қатысқан. Мысалы, бұл Олимпиадаға гандбол мен волейболдан әйелдер құрамасы жолдама алған. Сондай-ақ, биылғы Париж Олимпиадасына дзюдодан үш қызымыз аттанса, Пекинге 6 дзюдошы қыз барыпты. Ал жеңіл атлетикадан биылғы Олимпиадаға бар-жоғы 7 спортшымыз жолдама иеленсе, Пекин Олимпиадасына бұл спорт түрінен 19 адам қатысқан, олардың 12-сі — әйел спортшылар.
Жалпы, Қазақстан тарихында Олимпидаларда әзірге ең үздік өнер көрсеткен спортшы — әйел адам. Ол — жеңіл атлетші Ольга Рыпакова. Ольга 4 Олимпиадаға қатысып, оның үшеуінде жүлдеге қол жеткізді. 2008 жылғы Пекин Олимпиадасында — күміс, 2012 жылы Лондонда — алтын, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода қола медаль алды. 2020 жылғы Токио Олимпиадасының ашылу салтанатында боксшы Қамшыбек Қоңқабаевпен бірге еліміздің туын көтеріп шығу құрметіне ие болды.
Ал жалпы жүлделердің үлесіне келсек, еліміздің еншісіндегі бүгінге дейінгі 71 жүлденің 18-ін әйел спортшылар әперген. Оның үшеуі — алтын медаль.
Әсіресе 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қыздарымыз ел мерейін өсіруге қомақты үлес қосты. Естеріңізде болса, Риода барлық 17 жүлденің жартысына жуығын (8 медаль) қыздар әперген еді.
«Командамыз өте күшті»
Өткен Олимпиадалармен салыстырғанда, осы жолы Қазақстаннан баратын спортшылардың саны едәуір аз. Егер Пекиннен бері алып қарасақ, жолдамаға қол жеткізген спортшылар саны бірте-бірте азайып барады екен: 2008 жылы — 132 адам; 2012 жылы — 115 адам; 2016 жылы — 104 адам; 2020 жылы — 93 адам; ал биыл — 80 адам. Дегенмен түпкі нәтиже — жолдама емес, жүлде. Ал соңғы Токио Олимпиадасын санамағанда, Пекин мен Рио-де-Жанейро Олимпиадасының аралығында жүлденің саны азаймай, керісінше, көбейіп отырған.
Парижге аттанған отандастарымыздың 54-і — Олимпиадаға алғаш рет бара жатқан спортшылар. Мысалы, дзюдо құрамасының сапында өткен Токио Олимпиадасына барған спортшылардан тек Елдос Сметов қана қалды. Елдос — екі Олимпиадаға қатысып, екеуінде де жүлде алған балуан. Осы жолы да сәттілік серік болады деп үміттенеміз.
Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин де спортшыларымызбен бірге Парижде жүр. Ол жуырда ғана Los Angeles Times басылымына берген сұхбатында: «Мен өз елімнің әр спортшысы үшін жауап беремін. Оларға сәттілік пен өзіне деген сенімділік тілеймін. Біздің командамыз өте күшті, өз арманын жүзеге асырып, медаль жеңіп алуға олардың күш-қауқары жетеді», — деді.
Ал ХОК өз сайтында Қазақстан құрамасындағы спорт жұлдыздарының тізімін жариялады. Бұл тізімге боксшылар — Сәкен Бибосынов, Назым Қызайбай мен Валентина Хальзова; дзюдошылар — Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова; балуандар — Азамат Дәулетбеков, Демеу Жадыраев пен Айдос Сұлтанғали; теннисші Елена Рыбакина; жеңіл атлетші Нора Жеруто; гимнаст Милад Карими мен семсерлесуші Руслан Құрбанов енген. Бұлар — әлем чемпионаттарында, сондай-ақ екі Олимпиаданың аралығында өткен әлемдік додалар мен беделді ірі жарыстарда табысқа жеткен спортшылар. Мысалы, Елена Рыбакина Токио Олимпиадасында 4-орында қалғанымен, одан бергі уақытта Үлкен Дулыға турнирінде (Уимблдон — 2022) жеңімпаз атанды, басқа да көптеген жетістікке жетіп, WTA-ның жуырда жарияланған әлемдік рейтингінде 4-орында тұр.
Парижде 27 шілдеден бастап-ақ медальдар жиынтығы сарапқа салына бастайды. Осы күні боксшылар арасынан бірінші болып Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) алғашқы айналымдағы жекпе-жегіне шығады. Сондай-ақ дзюдодан, спорттық гимнастикадан, семсерлесуден жарыстар басталады.
Біз барлық спортшыларымызға сәттілік тілей отырып, ел қоржынына жазғы Олимпиадалардың 72-ші жүлдесі көп күттірмей түседі деп үміттенеміз.
Кім әкелер екен?!
Айна САРЫБАЙ.