БАЛА ТҮНДЕ ЖҮРМЕСІН!

Елімізде «Түнгі қаладағы балалар» атты республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтті.
Аталған жоспарлы іс-шара барысында ювеналдық полиция инспекторлары Ақтөбе қаласында аулаларда, саябақтарда және жастар көп жиналатын ойын-сауық орындарында рейдтік қадағалау жұмыстарын жүргізді.
Рейдтер барысында алғашқы күні-ақ полиция бөлімдеріне кәмелет жасына толмаған 57 бала мен жасөспірім жеткізілген. Олардың 50-інің әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны анықталды. Кәмелетке толмаған 43 бала мен жасөспірім қасында ата-анасы, заңды өкілдері болмай, түнгі уақытта өз тұрғын жайынан тыс жерде жүргені үшін полиция бөліміне жеткізілген.
Қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Ботакөз Жәлекешованың мәліметі бойынша, кәмелетке толмаған 15 жасөспірім мен 10 отбасы полиция есебіне алынған.
Ал кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға 6 құжат жолданып отыр.
«Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасы аясындағы рейдтер жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу мақсатымен қатар, көшеде бақылаусыз жүрген балаларды, сонымен бірге кәмелетке толмағандарға алкогольді сусын мен темекі сату фактілерін анықтау үшін де ұйымдастырылды.
Ата-аналардың есіне сала кеткіміз келеді, кәмелетке толмаған балалардың түнгі 23.00-ден таңғы 6.00-ге дейінгі аралықта тұрғын жайларынан тыс жерде өз беттерімен жүруіне заң арқылы тыйым салынған. Сондықтан балаңыздың түнде үйде болуын қадағалаңыз.
А.САРЫБАЙ.