ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ «ЖЕҢІСТІ» ЖЕҢДІ, БІРАҚ… «Ақтөбе»-«Жеңіс» — 2:1

Сараеводағы жеңілістен соң «Ақтөбе» өз еліміздің Кубогы үшін болып жатқан жарысты жалғастырды. Өз алаңымызда Астананың «Жеңіс» командасын қабылдады.
Чемпионаттағы турнир кестесінің соңғы жағында жүргені болмаса, «Жеңіс» те оңай шағылатын жаңғақ емес-ті. Бұлардың осы кубок аясындағы ойындарда «Тобыл»мен «Қайсарды» жеңуінің өзі көп нәрсені байқатады.
Рас, жерлестеріміз астаналық командаға аса еркіндік бере қойған жоқ. Шабуыл ұйымдастыруда да аянып қалмады. Бірақ бірінші таймда есеп ашудың мүмкіндігі болмады. Ыдырыс Умаев пен Жан Жайроның өткір қимылдары гол соғуға негіз бола алмады. Әділхан Таңжарықовтың 34-минутта жасаған соққысы қақпаның маңдайшасына тиіп кері серпілсе, 37-минутта Арман Кеңесовтің соққысын «Жеңістің» қақпашысы Темірлан Анарбеков абыржымастан кейін қайтарып үлгерді.
Солайша бірінші тайм құр жүгіріспен аяқталды. Екінші таймда да футболшыларымыз ерекше ештеңе көрсете алмады. Рас, Жан Жайроның соққысын қақпашы қақшып алса, Амаду Думбия тепкен доп қарсыластар қақпасының бағанасына тиіп кері қайтты. Сөйтіп, ойынның 61-минутында бас бапкер алаңға Максим Самородов пен Дорни Ромероны шығарды. Стадиондағы жанкүйерлер бұл хабарды дүрілдеп қарсы алғанымен бұдан да нәтиже шықпай қойды. Оның үстіне 71-минутта астаналық футболшы Георгий Панцулая есеп ашып кетті. Дегенмен ақтөбеліктер намысқа тырысып бақты. 79-минутта Дорни Ромеро тастаған пасты Ыдырыс Умаев қақпаға сүңгітті де жіберді. Бұдан соң астаналық футболшылар бірыңғай қорғанысқа көшуіне де болатын еді. Бірақ олар тайталасумен болды. Ақыры, 84-минутта айып алаңының шет жағында жүрген Хосе Севальос күтпеген соққы жасап, әуелей ұшқан доп астаналық қақпашыны қапы қалдырды.
Осылайша «Ақтөбе» жеңіске жетті. Бір тәуірі, осы ойында жасыл алаңға «Ақтөбенің» жас ойыншылары шықты.
«Ақтөбе»–«Жеңіс» — 2:1
Гол авторлары: Георгий Панцулая, 71-минут (0:1), Ыдырыс Умаев, 79-минут (1:1), Хосе Севальос, 83-минут (2:1).
Ескерту қағазын алғандар: Мирас Уманиязов, 31-минут; Жан Жайро, 85-минут; Максим Самородов, 90+4 минут («Ақтөбе»), Бруно Мигел, 36-минут; Джоао Рибейро, 50-минут; Матия Ром, 90+4 минут («Жеңіс»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Трофимец (қақпашы), Дмитрий Бессмертный, Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов (Аян Байдәулетов, 68-минут), Мирас Уманиязов (Максим Самородов, 61-минут), Уче Агбо, Хосе Севальос (Әлішер Кенжеғұлов, 90+1 минут), Арман Кеңесов (Богдан Вэтэжелу, 69-минут), Амаду Думбия (Дорни Ромеро, 61-минут), Ыдырыс Умаев, Жан Жайро.
Бас бапкер: Дмитрий Парфенов.
21 шілде 2024 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы орталық стадион.
* * *
Өкінішке қарай, «Ақтөбе» осылайша «Жеңісті» жеңгенімен, сөйтіп 6 ұпай жинағанымен, плей-офф кезеңіне шыға алмады. «В» тобында «Жеңіс» те 6 ұпай жинаған болатын. Ал соққан голдар мен қақпаға жіберіп алған доптардың айырмашылығы бойынша «Жеңістің» аты озып кетті.
Енді «Ақтөбеге» Премьер-лигада чемпион болудан басқа ешқандай мақсат қалмаған сыңайлы. Ал чемпион болуға тап қазіргідей ойындармен қол жеткізу қиын.
Сонымен, Қазақстан кубогы үшін болатын жартылай финалда әр топта озып шыққан төмендегі командалар ойнайтын болады:
«Қайрат» («А» тобы); «Жеңіс» («В» тобы); «Елімай» («С» тобы); «Астана» (Д» тобы).
Е.АХАТҰЛЫ.