Спорт

АҚТӨБЕЛІКТЕР ТОП ЖАРДЫ

Ақтөбеде жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасындағы дәстүрлі спартакиада мәресіне жетті. Бір аптаға созылған дәстүрлі додада 17 облыс және Астана, Шымкент қалаларынан келген командалар жарысып, спорттың 8 түрі бойынша кіл мықтыны анықтады.

Нәтижесінде жалпы есепте Ақтөбе облысының мемлекеттік қызметшілері топ жарды. Олар шешуші жарыс күні шағын футбол мен волейболдан финалда қарсыластарынан басым түсті. Сондай-ақ бірнеше күн бұрын қазақ күресінен аса ауыр салмақта облыстық спорт және денешынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Шоқпытов чемпион атанса, басқарма басшысы Евгений Гончаров гір тасын көтеруден алдына жан салған жоқ.

Спартакиада жоғары деңгейде өтті. Бір апта бойы қаламызда еліміздің әр өңірінен түрлі лауазымдағы мемлекеттік қызметшілер бас қосты. Олар үстел теннисі, гір тасын көтеру, жүзу,  тоғызқұмалақ, қазақ күресі, шахмат, шағын футбол, волейбол сынды спорт түрлерінен сынға түсті, — дейді спортты дамыту дерекциясы іс-шаралар ұйымдастыру бөлімінің әдіскері Асқар Кадиров.

Павлодар облысынан келген Асылтас Тілеубаев мемлекеттік қызмет саласында 13 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол жыл сайын мемлекеттік қызметшілер арасында өтетін спартакиададан қалған емес.

Салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақты спортпен белсенді шұғылдануға тарту — бүгінгі күннің негізгі міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар спортына, бұқаралық спортқа баса мән беріп, дамыту керектігін айтты. Біз баршамыз осы бағытта жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Осы жолғы сайыс қатысушылардың шыңдалуына, кәсіби дамуына, тәжірибе жинауына зор ықпал етті. Тартысты ойында Алматы құрама командасын жеңіп, үздік үштікті түйіндедік. Финалда топ жарып, Түркістан облысын жеңген ақтөбелік волейбол құрама командасын жеңісімен құттықтаймын, — дейді Павлодар облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары А.Тілеубаев.

Волейбол ойынынан соң ақтөбелік жанкүйерлер шағын футболдан өтетін финалдық жарысты асыға күтті. Ақтөбелік аяқдопшылар Жамбыл облысының командасын жеңіп, арнайы кубокты иеленді.

Мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған турнирлерге әрдайым белсене қатысамын. Спорттағы жетістік оңайлықпен келмейді. Ол —қаншама маңдай тер мен еңбектің нәтижесі. Қарсыластарымызды жеңуде біздің жергілікті команда шабуыл мен қорғаныста қатар ойнап, қарсы шабуылдың түрлі әдістерін шебер қолдана білді. Ойыншылар қарсылас жамбылдық команданы 6:1 есебімен жеңіп, нәтижелі ойын көрсетті, — дейді Мәртөк аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бостан Амантурлиев.

Шағын футболдан өткен жарыста үш төреші төрелік етті. Олар ойынның әділ өтуін қадағалап, ойын ережесін бұзған ойыншыларға ескерту жасады. Нұрболат Қоңырбаев әуесқой спортшылар арасында өтетін спартакиадаларда жыл сайын төрелік етіп келеді.

— Әр топтан екі команда финалдық кезеңге шығып, жартылай финалдың жеңімпаздары — 1-орын үшін, ал қалған екі команда 3-орын үшін сынға түсті. Ойыншылар 15 минуттан екі тайм ойнады. Таймдар арасында екі минуттық үзіліс болды. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында осындай іс-шаралардың жиі ұйымдастырылғанын қалаймын, — дейді жарыс төрешісі.

Мемлекеттік қызметшілер арасында өткен спартакиада қорытындысы бойынша жалпы есепте 2-орын Батыс Қазақстан облысы командасына бұйырды Бұл өңірдің мамандары гір тасын көтеру (Исатай Қарабаев, 85 кг), қазақ күресінен (Темірлан Ғаббасов, 82 кг) алтыннан алқа тағып, тоғызқұмалақ, жүзу, шағын футболдан тұрақты жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сондай-ақ үздік үштікті Түркістан облысының қызметкерлері түйіндеді. Олар жарыстың алғашқы күндері тоғызқұмалақ пен қазақ күресінен шебер ойын көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді. 700-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысқан сайыс келер жылы Атырау облысында өтеді деп жоспарланып отыр. Жарыс соңында спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, кубоктармен марапатталды.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button