Басты жаңалықтар

ҚАРҒАЛЫ ӨЗЕНІНІҢ МАҢАЙЫ ТАЗАРТЫЛДЫ

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында аймақта «Таза жағалаулар» экологиялық іс-шарасы өткізілді. Өткен сенбіде ұйымдастырылған тазалық акциясына 300-ден аса адам қатысты.

Бұл күні түрлі еңбек ұжымдары, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының өкілдері, қала жастары, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары Қарғалы өзенінің жағасын, нақтырақ айтсақ, «ТАУ» демалыс базасы бағытындағы көпірден түсер аумақты тазалады.

«Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты — халықтың назарын табиғаттың ластану проблемасына, қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға аудару.

Жағалауда қоқыс азаяр емес…

Акция —  қоршаған ортаның тазалығына арналған бастама. Сондықтан әрбір азамат өз аумағын қоқыстан тазарту арқылы экологиялық акцияға үлесін қосуға тиіс. Бұл жолы біз Қарғалы өзенінің жағалауын тазартуға шықтық. Тазалық акциясына 300-ге жуық адам қатысып жатыр. Олар — мемлекеттік қызметкерлер, еңбек ұжымдары және жастар ұйымдарының өкілдері.

Қарғалы өзені — өңірдегі ірі және маңызды су объектілерінің бірі. Бұл — барлық қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны. Осындай сенбіліктер бұған дейін Елек, Сазды өзендері мен Ақтөбе су қоймасының маңында да өткізілді. Ақтөбе аумағында көптеген демалыс орындары бар. Мұндай жерлерге халық көп келеді. Әсіресе Қарғалы өзенінің бойы — табиғат аясында тынығушылар үшін керемет демалыс орны. Өкінішке қарай, бізде табиғатқа тынығуға шыққандардың арасында қоршаған ортаны қорғауда әлі де азаматтық сана-сезімдерінің төмендігі байқалады. Себебі тынығушылар отырған жеріне қалдықтарын тастап кете береді. Мұның салдары кейін үлкен экологиялық мәселе тудыратыны сөзсіз. Егер тазалыққа қатысты халықтың ішкі мәдениеті жоғары болып, өзен жағасы тап-таза болса, біз мұнда сенбілік ұйымдастырмаған болар едік. Сондықтан мұндай акцияны өткізудегі мақсат — қоршаған ортамызды тазалап қана қоймай, халыққа экологиялық мәселенің неден туындайтынын ұғындыру, табиғатты аялауға  тұрғындардың жанашырлығын, азаматтық сана-сезімдерін ояту, — деді облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов.

Облыстың бас экологінің айтуынша, мұндай іс-шара аймақта әр сенбі сайын өткізіледі.

Бұған дейін біз Ақтөбе су қоймасының Қандыағаш бағыты аумағын тазалауды ұйымдастырдық. Сол іс-шараға да әрбір еңбек ұжымдары мен «Жасыл ел» еңбек жасақтарынан үш жүзге жуық адам қатысты. Сенбілік кезінде бір ғана аумақтан 40 тоннадан астам, яғни 4 «КамАЗ» қалдық жиналды. Ал бұл жерде шағын ғана аумақтың өзінен 30 тоннадан астам қалдықты полигонға жөнелттік. Бұл өндірістік емес, қатты-тұрмыстық қалдыққа жатады, — деді Ербол Қуанов.

Дауласпай тұрып, тазалыққа ден қой…

Өзен жағалауын жинағандардың арасынан біз Қазақстан халық партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Құрманғазинді кезіктірдік. Партияның 5-6 мүшесі тазалық акциясына белсенді қатысуға шыққан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын бірауыздан қолдаймыз. Акция аясындағы іс-шаралардың барлығы тазалыққа бағытталған. Әрине, өзіміз өмір сүріп жатқан қоршаған ортаның тазалығына әрбір адам жауапты. Сондықтан тазалықты сақтауымыз керек. Расын айту керек, қазір көпшілік саяси тақырыпта дауласуға әуес. Меніңше, мұндай тақырыпта әңгіме қозғамас бұрын, әуелі айналамызды, жан-жағымызды таза ұстап, ретке келтіруіміз қажет.  Бұл іс-шараға қолдау танытып, бір топ партия мүшесі келді. Арасында партия белсенділері де бар. Біз адам аяғы көп келетін орында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Егер тазалық туралы әңгіме бола қалса, көпшілігі бұл мәселеде Еуропа елдерімен салыстырып жатады. Бізде табиғат аясында тынығып кеткен жеріңді жиыстырып кетуге әлі күнге дейін ішкі мәдениет қалыптаса қоймаған. Ал еуропалықтар жиыстырып қана қоймай, қалдықтарды сұрыптап, арнайы жәшіктерге салып кетеді. Ең бастысы — тастаған қалдықты жинап үйренуіміз қажет, — деді партия төрағасы.

Бауыржан Құрманғазин өз сөзінде партия мүшелері мұндай іс-шараларға жиі қатысатынын айтты. Соның бірі — жақында облыс әкімдігінің қолдауымен «Таза өлке» тақырыбында ұйымдастырылған сенбілік. Тазалыққа қатысты іс-шара қала аумағында өткізілген.

Қазіргі таңда партия атынан сайланған 4 депутатымыз бар. Оның бірі — қалалық, қалғандары — Шалқар, Мәртөк және Ойыл аудандық мәслихаттарының депутаты.  «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына депутаттарымыз да белсенді қатысып жатыр, — деді ол.

Жағажайларға қоқыс жәшіктері қажет…

Нұржан Шаңғытбаев, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары облыстық штабының төрағасы:

—  «Таза қала — таза жағалау» акциясы басталғаннан бері біз полигонға 300 тоннаға жуық қоқыс шығардық. Аймақтағы барлық дерлік жағалау аумақтары тазартылды. Мұндай іс-шаралар әлі де жалғасады. Бұл — Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асарылып жатқан іс-шара. Мұндай акция облыстың барлық өңірінде ұйымдастырылып жатыр. Аудандардағы тазалық акциясына «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары белсенді қатысуда. Бұған дейін жасақшылар Елек, Қарғалы, Сазды, Жаман Қарғалы өзендері мен Ақтөбе су қоймасы сияқты оннан астам жағалауды тазалады. Мұндай сенбілікті апта сайын жүргізуге тура келеді. Бүгін жиыстырған жер бір аптадан соң дәл сол қалпында жататыны өкінішті. Сондықтан мұндай көріністің кейін қайта қайталанбауы үшін құзырлы органдар тарапынан бір шара қолданылса дейміз. Бұл мәселеде жыл сайын халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, одан шыққан нәтиже көңіл көншітпей тұр. Жағажайларға, демалыс орындарына көптеп қоқыс жәшіктері қойылып, уақтылы тазартылса, мұндай мәселе болмас еді. Бұл іске бір кісідей атсалыссақ, әсем қаламыз Ақтөбе бұдан әрі көркейе түсері сөзсіз.    

Орманшылар үлесі

Қолдарына кетпен мен тырма, қоқыс салуға қапшық ұстаған еңбек ұжымдары Қарғалы өзені жағасын жиыстыруға ертемен кірісті. Бұл күні өзен жағасын тазалауға келгендердің арасында Ақтөбе орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері де болды.

Тазалық акциясына мекемеден 14 адам сенбілікке шықтық. Арасында орманшылар да бар. Сонымен қоса «Жасыл ел» еңбек жасағынан 5 сарбаз, сондай-ақ өз тарапымыздан бір тіркемесі бар трактор жұмылдырылды, — деді аталған мекемеде жиырма жылдан бері еңбек етіп келе жатқан орман шебері Марат Суликанов.

Оның айтуынша, Ақтөбе орман шаруашылығына қарасты кварталдар үшке бөлінеді. Олар — Қарғалы, Елек орман шаруашылықтары. Енді бірі — Қосестек, Шәмші Қалдыаяқов ауылдары аумағындағы орман алқаптары. Орманшылар өздеріне бекітілген аумақтың тазалығы мен орман өртіне қарсы жағдайды қадағалайды.

Әрбір орманшы өзіне бекітілген учаскені таза ұстауға міндетті. Егер әлдебіреулер орман аумағына қоқыс төгіп, айналаны ластаса, орманшы хаттама толтырады. Жыл басынан бері Елек өзені аумағын ластауға қатысты бір хаттама толтырылып, ескертулер жасалды, — деді Марат Суликанов.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button