МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Мұғалжар ауданында су тасқынынан зардап шеккен 55 отбасы баспаналы болды.
Бұл отбасылар — көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Ембі қаласының, Жағабұлақ, Бірлік, Басшилі, Қаракөл, Шеңгелши ауылдарының тұрғындары. Оларға барлығы 971 млн 712 мың теңгеге Болат Өтемұратов, «Қамқор-Ақтөбе 2024» және «Dar Charity» қоғамдық қорлары арқылы үйлер сатып алынып берілді.
Мұғалжар ауданында су тасқыны кезінде барлығы 76 үй мен 3 коммерциялық нысанға зақым келіп, 8 шаруа қожалығы шығындалды. Су тасқынынан зардап шеккендерге 26 миллион теңгеден астам біржолғы көмек көрсетілді.
Қазіргі таңда тасқын кезінде су басқан Жағабұлақ ауылында 9 үй, Бірлік ауылында 5 үй салынып жатыр. Мұғалжар ауданы бойынша 7 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Зардап шеккендерге көмек көрсету және баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.
Жандос АЙТЖАНОВ,
Мұғалжар ауданы.