Су тасқыны

Бір отбасының қуанышы

Біз біргеміз!

Ақтөбе қаласының тұрғыны Ақмарал Қайдарова жуырда жаңа баспанаға ие болып, отбасымен қоныстойын тойлады.

Көктемгі тасқын кезінде бау-бақша ұжымынан салған үйі суға кетіп, баспанасыз қалған бұл отбасы көп қиындық көрді. Міне, ақырында Есет батыр тұрғын алабынан екі бөлмелі пәтерге ие болды.

— 2006 жылыАқтөбе қаласындағы «УВД-4» бау-бақша ұжымынан 4 бөлмелі үй салған болатынбыз. Биылғы тасқын кезінде баспанамызға су кіріп, ақыры жарамсыз болып қалды. Үйді саманнан салған едік. Содан бір айдай уақыт мектепте орналасқан эвакуациялық пунктте, екі ай Ақтөбе гуманитарлық колледждегі жатақханада тұрдық.

Маусымның ортасында жаңа пәтерге қол жеткізіп, жуырда қоныстойын тойладық. Қуанышымызда шек жоқ, — дейді Ақмарал.

37 жастағы келіншек қазір қаладағы дәріханалардың бірінде фармацевт көмекшісі болып жұмыс істейді. Жолдасы Ерболат Байқазақов — «Автопарк» ЖШС-ында слесарь. Бүгінде бұл отбасында үш бала тәрбиеленуде. Олардың үлкені биыл 5-сыныпта оқыса, кенжесі — 3 жаста. Сондай-ақ Ерболат пен Ақмаралдың қолында анасы Балила тұрады. Қазір жасы 70-ке жақындаған әже немерелерін бағып отыр. Ол да балаларының баспаналы болғанына ерекше қуануда.

— Біз Ақтөбеге2000 жылы Ырғыз ауданынан көшіп келдік. Өзім алты бала өсіріп, тәрбиеледім. Жолдасым ерте өмірден өтті. Ерболат — менің жалғыз ұлым. Қазір осы баламның қолында тұрамын. Ұлым мен келінім жұмысқа кеткенде немерелеріме қарап, бас-көз боламын. Қиын сәтте қолдау көрсетіп, осындай жаңа пәтер сыйлаған облыс және қала әкімдігіне, жанашыр азаматтарға рақмет, — дейді Балила Байқазақова.

Айта кету керек, биыл Ақмарал Қайдарова секілді су тасқынынан зардап шеккен 135 адам дайын пәтерді әкімдікпен ортақ келісімге келіп, сатып алды. Алдағы уақытта жоспарға сәйкес тағы 65 ақтөбелік отбасы жаңа баспаналарына көшеді.

Бүгінде облыста Мемлекет басшысының көктемгі су тасқынының салдарын жою туралы тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе қаласында және облыстағы 6 ауданда жалпы саны 503 үй сатып алу жоспарланған. Бүгінге дейін өңірде көктемгі су тасқыны кезінде баспанасынан айырылған 438 отбасына тұрғын үй сатып алынып берілді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button