Мемлекеттік қызметшілер Ақтөбеде бас қосты
Спартакиада
Ақтөбеде жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасындағы дәстүрлі спартакиада басталды. Спартакиадаға 700-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысып жатыр.
Іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Мемлекеттік қызметкерлер үнемі еліміз үшін маңызды бастамалардың алдыңғы шебінде жүреді. Сіздерді Ақтөбе қаласында көргеніме қуаныштымын. Осы жарыста жақсы нәтиже көрсетіп, көптеген әріптеспен байланыс орнатасыздар деген сенімдеміз, — деді ол.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастығы Айбек Шілманов өз сөзінде елімізде 83 мың мемлекеттік қызметкер бар екенін атап өтті. Осы жолғы сайыста 17 облыс пен Астана, Шымкент қалаларынан келген әуесқой спортшылар сынға түседі. Мемлекеттік қызметшілер үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, гір тасын көтеру, жүзу, қазақ күресі, шағын футбол мен волейбол сынды спорт түрлерінен сайысады. Жарыс қатысушыларына 98 республикалық деңгейдегі төреші төрелік етеді.
Бүгінде суда жүзу, үстел теннисі және гір көтеру бойынша жарыстар аяқталып, қатысушыларды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Айбол Қозбағаров марапаттады.
Нәтижесінде гір көтеру спортынан 78 келі салмақта 1-орынды ақтөбелік Мекемтас Сейтқазин, 2-орынды астаналық Әділет Сұлтанбек иеленсе, 3-орын жетісулық Думан Мырзахановқа бұйырды. Суда жүзу және үстел теннисінен ақтөбеліктер командалық сайыста көш бастап, жеңімпаз атанды.
Спартакиадаға жыл сайын қатысатын мемлекеттік қызметшілердің бірі — Нұркен Өтегенов. Ол мемлекеттік қызмет саласында 14 жылдан астам қызмет етіп келеді.
— Бала күнімнен теннис спорты мені ерекше қызықтырады. Мемлекеттік қызметшілер арасында үстел теннисінен өткен жарыстарда 14 рет командалық есепте жүлделі орындардан көріндік. Теннис адамның ойлау қабілетін дамытып, бұлшық еттерін шынықтырады. Ең алдымен, физикалық дайындық мықты болу керек деп ойлаймын.Теннис ойыны шапшаң шешім қабылдауға көмектеседі. Оған қоса ойыншылар жұптасып ойнаса, жауапкершілікке және командалық ойынға үйренеді, — дейді Алға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұркен Өтегенов.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.