Жаңа мектептер жайлы болады
Қазір облыс бойынша 39 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 24-і биылел игілігі үшін пайдалануға беріледі.
Өңірде үш ауысымды, апатты және орын тапшылығы қалыптасқан мектептердің мәселелерін шешу мақсатындақұрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2023-2025 жылдар аралығында білім саласындағы бұл мәселелерді шешу үшін 44 жаңа мектеп салу жоспарланған. Олардың 5-еуі — апатты, 9-ы — үш ауысымды, 21-і — орын тапшылығы, 9-ы ескі мектептің мәселесін шешу үшін жүргізіледі. Жобалардың жалпы сыйымдылығы — 24 150 орын.
5 апатты мектептің 2-еуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Апатты жағдайдағы мектептердің орнына салынып жатқан 4 білім шаңырағы биыл пайдалануға берілмек. Біреуі келесі жылы аяқталады.
Су тасқыны кезінде облыс бойынша 13 білім беру ұйымы зақымданған. Тексеру қорытындысы бойынша ғимараттар апатты жағдайда болуына байланысты 2 мектептің және 3 балабақшаның құрылысы жаңадан салынбақ. Ел Үкіметінің резервінен апатты нысандардың мәселесін шешу мақсатында жаңа құрылыс салуға 6,2 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланып отыр.
Біз облыстық білім басқармасы инфрақұрылымдық және материалдық-техникалық даму бөлімінің басшысы Ләззат Ордабаевамен білім беру ұйымдарының құрылысы туралы сөйлескен едік. Сонымен…
Қосымша құрылыстың пайдасы
620 орынға арналған 3 мектеп Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен бой тіктеуде. Нақтырақ айтқанда Ақтөбе қаласындағы қос білім шаңырағы №14 және 47 мектептердің жанынан қосымша құрылыстар салынып жатыр. Сондай-ақ Ембі қаласында 320 орынға арналған мектеп еңсе көтеруде.
— Жергілікті бюджет есебінен 21 мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр. Сыйымдылығы — 4800 орын.Сондай-ақ 14 900 орынға арналған 18 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындасалынатын болады. Жеке инвестор есебінен 2 мектептің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр, — дейді Ләззат Ордабаева.
Былтыр жыл аяғына дейін 5 мектеп ашылды. Орын тапшылығы мәселесін шешуде мектептер маңынан қосымша құрылыстар салудың септігі көп. Мысалы, өткен жылы облыс орталығындағы №14 мектептің жанынан салынған 150 орындық қосымша құрылыстың арқасында аталған мектептегі орын тапшылығы мәселесі шешілсе, №12 мектептің маңына 200 орындық қосымша құрылыс жүргізу арқылы үш ауысымды оқыту мәселесішешілді.
Соңғы жылдары пайдалануға берілген мектептердің қай-қайсысы да осы күн тәртібіндегі өзекті үш мәселені — үш ауысымды, орын тапшылығы мәселелерін шешу және апатты мектептерді түбегейлі жою мақсатында салынды. Мысалы, былтыр Ақтөбе қаласының Алтын орда шағын ауданында еңсе көтерген «BILIMSMART» жеке мектебі аталған аудандағы мектептердегі орын тығыздығын азайтуға септігін тигізді.Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында салынған мектеп те ауыл мектебінде орын тапшылығы мәселесін шешіп берді. Сонымен бірге Шалқар қаласында еңсе тіктеген 320 орындық мектептің арқасында үш ауысымды оқыту мәселесі шешілді.
Қазіроблыс бойынша 39 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Қаладағы қарбалас
Бүгінде өңірде 3 мектепте сабақ үш ауысымда өткізілуде. Бұл білім шаңырақтарының үшеуі де Ақтөбе қаласында орналасқан. Олар: №60, 64, 78 мектептер. Бұл мектептердегі мәселелер жаңа құрылыстар есебінен шешілуде. Д.Қонаев атындағы №60 жалпы білім беретін орта мектептің сыйымдылығы— 1200 орын. Екі аусыммен 2400 баланы қабылдай алатын мектепте 3762 оқушы оқу жылын аяқтады. Мектепте 2017 жылдан бастап үш ауысыммен оқу үрдісі жүргізіліп жатыр.2020 жылы пайдалануға берілген 900 орынға арналған №78 мектеп-гимназиядағы бала саны — 2385 оқушы.
— Есет батыр тұрғын үй массиві аумағын дамыту перспективасын ескере отырып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл әрқайсысы 2000 орындық екі мектеп және Дінмұхамед Қонаев атындағы №60 орта мектептің жанынан 600 орынға арналған қосымша құрылыс салынып жатыр. Есет батыр тұрғын үй алабының 3-шағын ауданында құрылысы жүргізіліп жатқан мектептің мердігері — «BI Global»жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған мектеп қазан айындаел игілігі үшін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ал 7-шағын ауданда салынып жатқан құрылысқа «Bazis construction» жауапты. Бұл нысанның құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады.
Жалпы,қос ғимарат қолданысқа берілген жағдайда екі ауысымда 8000 оқушыны қамту мүмкіндігі болады. Соның арқасында үш ауысымдағы №60 және №78 мектептердің мәселесі шешіледі, — дейді бөлім басшысы.
Үш ауысымда жұмыс жасайтын жобалық қуаттылығы 600 орындық үшінші білім шаңырағы — Ұзақбай Құлымбетов атындағы №64 мектепте 1511 бала білім алуда.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясындаАлтын орда шағын ауданында орналасқан мектептердің үш ауысымдық және орын тапшылығы мәселелерін шешу үшін 3 мемлекеттік мектеп салу жоспарлануда. Әрқайсысының сыйымдылығы 2000 орындық екі мектеп және 900 орындық бір мектеп салынады. Бұл үш мектептің де құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.Нәтижесінде Алтын орда шағын ауданында 9800 орындық 3 мектеп пайдалануға беріледі.
Апатты мектептер болмайды
Қазіргі таңда облыс бойынша апатты жағдайда 5 мектеп бар. Оның біреуі — Ақтөбе қаласында, қалғандары аудандарда орналасқан.
Әйтеке би ауданындағы Жүргенов ауылында орналасқан Комсомол мектебінің мәселесін шешу мақсатында 270 орынға арналған жаңа мектептің құрылысы басталды. Мектептің 60 орындық интернаты да болады. Мердігер — «Golden City DS» ЖШС. Білім шаңырағы биыл пайдалануға беріледі.
Қобда ауданындағы Терісаққан орта мектебі 1967 жылы салынған. Ғимарат шлак-бетон және ағаштан салынған. Жобалық қуаты — 160 орын, 17 оқу кабинеті бар. Соңғы жөндеу жұмыстары 2007 жылы жүргізілген. Мектепте асхана, шеберхана жоқ.
Оқушылар контингенті тұрақты. Атап айтқанда, 2018-2019 оқу жылы — 125 бала, 2023-2024 оқу жылы — 111 оқушы.
2019 жылы «АктобеГенСтрой» ЖШС мектеп ғимаратын техникалық тексеруден өткізіп, қорытындысында қанағаттанарлықсыз, тозығы жеткен деп танылған. Ғимарат апатты жағдайдың 5-категориясына жатады. Сол себепті жөндеу жұмыстарын жүргізу тиімсіз.
Апатты мектептің мәселесін шешу мақсатында 60 орынға арналған мектептің құрылысы жүргізілуде.
— Шалқар ауданына қарасты Бозой мектебінің негізгі конструкциялары апатты жағдайда деп танылды. Ғимарат 1997 жылы салынған. Жобалық қуаты 524 орынға арналған.Зерттеу жұмыстарының техникалық қорытындысына сәйкес мектептің ғимаратына күрделі жөндеу және күшейту жұмыстарын жүргізу тиімсіз. Сондықтан қазір мұнда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орынға арналған жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Темір ауданындағы Жансен Кереев атындағы мектеп те апатты жағдайда тұр. 2 қабатты нысан 1938 жылы бой көтерген. Жобалық қуаты — 250 орын. Бүгінде бұл мектептің 597 оқушысы Шұбарқұдық ауылында орналасқан мектептерге ауыстырылды.
Былтыр мектеп оқушыларына қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 оқушыға арналған мектептің құрылысы басталды. Құрылысжұмыстарыбиылаяқталады.
Өңірдегі апатты жағдайдағы бесіншібілім беру нысаны —Ақтөбе қаласындағы Қызылжар мектебі. 340 орынға арналған ғимарат 2007 жылы салынған. Бүгінде бұл мектептің оқушылары Есет батыр тұрғынүй алабындағы №4 шағын ауданда ашылған мектепте оқып жатыр. Апатты ғимарат бұзылды.2022 жылы 320 орынға арналған мектеп құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Былтыр бюджеттен жаңа мектеп салу үшін қаражат бөлінді. Қазір мектептің құрылысы аяқталып қалды.
Қолданыстағы үш ауысымды және апатты мектептердің мәселелері 2025 жылға дейін жаңа мектеп құрылысымен шешіледі, — дейді Ләззат Ордабаева.
Су тасқынының салдары
Су тасқыны кезінде облыс бойынша 13 білім беру ұйымы зақымданды.
Оның 7-еуі — мектеп, қалғаны — балабақша. Жалпы зақымданған нысандардың саны — 16 ғимарат.
— 16 болуының себебі мектептерге тиесілі интернаттарға да зақым келген. Сол себепті олар бір мекемеге тиесілі болса да әрқайсысын бөлек нысан ретінде есептейміз. Бүгінде 13 білім беру мекемесіне техникалық зерттеу жүргізілді.Қорытындысында ғимараттары апатты болуына байланысты 2 мектептің және 3 балабақшаның құрылысы жаңадан салынады. Нақтырақ айтсақ,Мұғалжар ауданындағы Көтібар батыр атындағы негізгі мектеп-бөбекжай-балабақша кешені (60 орындық мектеп), Ойыл ауданының Екпетал мектеп-балабақшасы жаңадан еңсе көтереді. Айта кету керек, Екпетал ауылының тұрғындары аудан орталығына қоныс аударуына байланысты Ойыл ауданының орталығынан 320 орындық мектеп және 150 орындық балабақша салынады. Сондай-ақ Ойыл ауданының Қаратал ауылында 60 орындық балабақша салу қажет.Мұғалжар ауданындағыЖағабұлақ ауылында да 100 орындық балабақшаның құрылысы салынуға тиіс, — дейді Ләззат Ордабаева.
Оның айтуынша, апатты ғимараттардың мәселесін шешу және оқушыларға заман талабына сәйкес сапалы білім беру үшін жаңа білім беру нысандарының құрылысына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен апатты нысандардың мәселесін шешу мақсатында жаңа құрылыс салуға 6,2 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланған.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.