Басты жаңалықтар

Жобаның жемісі

Ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы биыл өңірімізде үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Бүгінге дейін облыста жалпы мөлшері 12,2 млрд теңгеге 2323 жоба мақұлданған.

Біз жобаны жүзеге асырушы мекеме мамандарымен, сондай-ақ бағдарламаның игілігін көріп отырған ауыл тұрғындарымен тілдескен едік…

Қанша адамға несие берілді?

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының шағын несиелеу бөлімінің басшысы Бағдат Қожамұраттың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы өңірімізде 2022 жылдың қараша айында басталған. Сол жылы жобаны жүзеге асыруға 3,0 млрд теңге қаржы бөлінген. Былтыр ақпан айында ауыл тұрғындарының жеке кәсіп ашып, мал, құс, бау-бақша шаруашылығын дамытуы үшін тағы 3,5 млрд теңге қаражат қарастырылған. Сонымен қатар 2023 жылдың қыркүйек айында осы мақсатқа қосымша 8,5 млрд теңге қаржы бөлініпті.

Бүгінде «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына жалпы мөлшері 13,2 миллиард теңгеге 2442 жобаның құжаты тапсырылып, 12,2 миллиард теңгеге 2323 жоба мақұлданды. Сондай-ақ 10,5 миллиард теңгеге 2081 жобаға несие берілді. Тұрғындарға берілген несиелерге тоқталсақ, құс шаруашылығына — 2,3 миллиард теңгеге 583 жоба, мал шаруашылығына — 2,2 миллиард теңгеге 329 жоба, өсімдік шаруашылығына 1,2 миллиард теңгеге 235 жоба жүзеге асырылды. Өсімдік шаруашылығын дамытуда облыстағы елді мекендерде 100 шағын жылыжай ашылды.

Несиенің басым бөлігі өңдеу және шағын бизнеске берілді. Бұл бағытта 4,8 миллиард теңгеге 934 жоба жүзеге асты. Оның ішінде 85 наубайхана, 53 кондитерлік нысан, 150 шағын сүт өңдеу және 83 ет өңдеу цехы, 68 тігін цехы, 102 монша, 30 қоғамдық тамақтану орны, 8 балық өсіру және 73 көлік жөндеу орталығы, 36 шаштараз, 11 әсемдік салоны және 235 өзге де жобалар бар, — дейді бөлім басшысы.

Оның айтуынша, бүгінге дейін облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында 71 ауылшаруашылық кооперативі құрылып, оларға жалпы мөлшері 589,7 млн теңгеге(35 жоба) несие берілген.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында жеке кәсібін ашу үшін несие алған тұрғындар саны жағынан бүгінде Мәртөк ауданы көш бастап тұр. Бұл ауданның азаматтары былтыр және биыл берілген несиелерді мақсатты жұмсаған. Аудан бойынша жалпы саны 228 жоба жүзеге асырылыпты. Екінші орында Алға ауданы (207 жоба) болса, үшінші орында Қарғалы ауданы тұр. Бұл ауданда 186 жоба іске асырылып, жоспар 100 пайызға орындалған.

Ырғызда жаңа монша ашылады

Облыс орталығынан шалғай жатқан Ырғыз ауданында соңғы екі жылда 80-ге жуық жоба жүзеге асырылған. Соның бірі — Ырғыз ауылының тұрғыны Айдар Атантаевтың жобасы.

Ырғыздық жас кәсіпкер былтыр «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, мемлекеттен 2,5 пайызбен 7 млн теңге несие алған. Қазір ол аудан орталығынан жаңа монша салып жатыр. Оның айтуынша, құрылысжұмыстарына жалпы мөлшері 40 млн теңге қаржы жұмсалған.

— «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, былтыр жеңілдікпен 7 миллион теңге несие алдым. Алған қаржыма моншаның құрылысын бастадым. Өз қалтамнан қаржы қосып, міне, ауылдың орталығынан монша ашқалы отырмын. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталуға тиіс. Жаңа монша тамыз айының соңында салтанатты түрде ашылады. Жалпы, Ырғыз ауылында шағын моншалар көп. Алайда менің жобам аудан орталығында ең ірі монша болмақ. Нысанның жалпы ауданы — 375 шаршы метр. Алдағы уақытта мұнда 2-3 адамды жұмыспен қамтитын боламын. Монша тек ер адамдарға қызмет етеді. Күніне 60 адамға дейін қабылдайтын боламыз. Монша ғимаратында жуыну бөлмелерінен басқа шай ішуге арналған орын, ресепшн, киінетін бөлмелер бар. Сондай-ақ мұнда келушілерге аспаздарымыз Ырғыздың балығын ұсынатын болады, — дейді кәсіпкер.

Айдар Атантаевтың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы еңбекқор азаматтардың жеке кәсіп ашуына мол мүмкіндік беруде. Жеңілдікпен берілетін несиені бір жыл каникулдан кейін төлеуге болады. Мәселен, Айдар былтыр қыркүйекте алған несиесін биылғы қыркүйек айында төлеп бастайды.

— Мұндай қолдау мен қамқорлық біз сияқты шалғай жатқан ауылдың азаматтарына бұрын көрсетілген жоқ. Сондықтан жеке кәсіп ашқысы келетін кез келген облыс тұрғынын «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға шақырамын. Бұл жобаның тиімділігі зор, — дейді ол.

Ырғыздық кәсіпкер моншаның құрылысына өз ауылының жігіттерін жұмылдырып жатқанын айтады. Ал құрылыс материалдарын облыс орталығынан тасыған.

Айта кету керек, соңғы жылдары Ырғыз ауданында шағын бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ жаңадан тұрғын үй, кәсіпкерлік нысандарын салып жатқандар да жетерлік.

Людмиланың құстары

Алға ауданына қарасты Есет батыр ауылының тұрғыны Людмила Сулейманова «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, бүгінде құс шаруашылығын дамытып отыр. Ол былтыр бағдарлама аясында мемлекеттен 7 млн теңге несие алған. Бұған дейін Ақтөбе қаласына жақын орналасқан Маржанбұлақ ауылында тұрып, қаз өсірген ол бағдарламаға қатысып, кәсібін кеңейтуді ойлапты.

—  Балаларымыз қазір қалада тұрады. Отағасы екеуміз былтыр осы жобаға қатысып, құс өсіру үшін 7 миллион теңге несие алдық. Қазір ауламызда 1600 қаз, 650 үйрек, 200 түйетауық, 300 тауық бар. Басында бройлер тауығын алып, өсірдік. Қазір алған өнімдерімізді еш делдалсыз өзіміз үйден сатамыз. Сұраныс бар, тапсырыс көп,— дейді ол.

Ал отағасы Фируддин Намазоглының айтуынша, Маржанбұлақ ауылы қалаға жақын орналасқан соң құс шаруашылығын дамытуға қолайсыз. Ал Есет батыр ауылының табиғаты ерекше, жері кең. Мұндағы тұрғындар өте ұйымшыл, тәртіпті, сол себепті ауылда ұрлық жоқ.

— Күн сайын таңғы сағат 5-те тұрып, түнгі 12-де ұйқтаймыз. Таңда тұрған бойда құстарымызға жем-суын беріп, күтім жасаймыз. Қаз-үйректер күніне 3-4 рет тамақтанады, сосын далаға серуенге шығады. Құсқа қажетті жемді облыс орталығынан әкелеміз. Жалпы, ауылда жеке кәсіпті дамытуға мүмкіндік мол. Ауасы таза, мал ұстап, құс өсіруге қолайлы. Өзім осындай дарқан далада, кең жерде жүргенді ұнатамын. Қалада тұрған ұнамайды. Балаларымыз апта сайын ауылға келіп тұрады, — дейдіФируддин Намазоглы.

Людмила Сулейманова ауданда бройлер тауығы етінің бір келісі — 1800 теңге, үйректікі — 2500-3500 теңге, түйетауықтың еті 2700 теңге тұратынын айтады. Күз айларында сапалы өнімге тапсырыс беретіндер көбейеді.

Айта кету керек, жеке кәсіпкер былтыр облыс орталығында, сондай-ақ Астана қаласында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысты.

Ойылда әсемдік салоны бар

Ойыл ауылының тұрғыны Айым Бітімбаева «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп, әсемдік салонын ашқан. Қазір бұл жерде қыз-келіншектерге тырнақ әрлеу, шаш қию, сәндеу, макияж жасау, т.б. қызмет түрлері көрсетіледі. Сондай-ақ ер адамдар да бұл салонда шашын қидыра алады.

— «Ауыл аманаты» жобасы жеке кәсіп ашуға ниетті азаматтарға берілген үлкен мүмкіндік болды. Олай дейтініміз, осы жобаның арқасында өз идеяларын жүзеге асырып, бизнес ашып жатқан ойылдықтар көп. Мен де бизнес-жобамды осы бағдарлама арқылы іске асырдым. Мемлекеттен 2,5 пайызбен 6 миллион 850 мың теңге несие алып, әсемдік салонына ғимарат салдым. Қажетті жабдықтар мен жиһаздар сатып алдым. Қазір төрт адамды жұмыспен қамтып отырмын, — дейді Айым Бітімбаева.

Жеке кәсіпкер алдағы уақытта сән салонында көрсетілетін қызмет түрлерін көбейткісі келеді. Әзірге мұнда онға жуық қызмет түрі бар.

Оның айтуынша, ауданда сұлулық салонына бас сұғатын қыз-келіншектердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Қазір ауылда той-томалақ болса, әйелдер қауымы алдымен осында келеді.

Жалпы, әйел адам өзіне көңіл бөлгені дұрыс. Әсіресе көпшілік ортаға баратын болса, сәнденіп барғаны жөн. Сондықтан біздің көмегімізге жүгінетіндерге сапалы қызмет көрсетуге дайынбыз.

Осы жобаға қатысуға мүмкіндік беріп, қолдау көрсеткен ауыл азаматтарына алғысым шексіз, — дейді кәсіпкер.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button