Басты жаңалықтар

Жазғы демалыс және судағы қауіпсіздік

Биылғы жаз айрықша жаңбырлы болып тұр. Дегенмен жағажайлар мен демалыс орындары бос тұрған жоқ. Жазғы демалыстың жайын білу мақсатында қала маңындағы бірнеше жағажайды аралаған едік…

59 жағажай және 6 демалыс базасы

Облыс маңындағы өзендер мен су қоймаларындағы 59 демалыс орны, оның ішінде 35 коммуналдық нысан өз жұмысын бастап, жағажайларда қауіпсіздік іс-шаралары күшейтілді. Қазіргі таңда қала сыртында орналасқан 6 жазғы демалыс орталығы бар. Олар: «Green land», «Тау», «Солнечный»,  «Ilek Residents», «Көк жайлау», «Жеті қазына» орталықтары. Қала маңында «Алау», «Миа», «Под Мостом», «1001 түн», «BarBQ», «Ғажайып», «Алмалы» секілді жағажайлар бар.

Облыстық азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Жанболат Төлепбергенов шомылу маусымы кезеңінде облыстың су айдындарында тұрғындардың суға кету қаупін болдырмау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, оның департамент бақылауында екендігін айтты.

Мониторинг қорытындысы бойынша облыс аумағында шомылуға тыйым салынған 200-ден астам қауіпті орын анықталып, 300-ден астам тыйым салу белгілері орнатылды. Биыл департамент атына жағажай иелерінен 72 орынның су түбін тексеру туралы өтінім келіп түскен. Жазғы кезеңде қауіпсіздікті ұйымдастыру үшін облыстың су айдындарында 300-ден астам адам қызмет етеді. Өткен жылы облыс аумағында 11 адам суға кетіп көз жұмды. Оның 9-ы —бала. Биыл 6 адам суға кетсе, оның 2-уі — бала. Облыстың төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға тыйым салынған жерлерде суға түспеуді, балаларға аса сақ болуды және мас күйде шомылмауды ескертеді. Жыл сайын облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық білім басқармасы бірлесіп балаларға суда жүзудің қарапайым әдістерін үйретеді. Биыл 3449 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 12780 ақпараттық үнпарақ таратылды. 24-25 мамыр аралығында облыс орталығында төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының базасында 87 құтқарушы оқытылып, оларға тиісті сертификаттар берілді. Еліміз бойынша суға түсу маусымы 1 маусымнан 1 қыркүйекке дейін белгіленген. Осы маусым кезінде  суға шомылудың  қауіпсіздігін қамтамасыз ету — бірінші кезектегі міндет, — дейді ол.

Бүгінде Ақтөбе қаласындағы Ясный тұрғын үй алабы маңында орналасқан «BarBQ» демалыс орталығына ақтөбеліктер жиі барады. Демалушылар орталықта күндізгі 11.00-ден бастап кешкі 22.00-ге дейін көңілді демалыс уақытын өткізе алады.

«BarBQ» жағажайының басшысы Аслан Жадраның айтуынша, жағажай 2000-нан астам адамға шақталған. Бүгінде жағажайға күн сайын 400-ге жуық тынығушы келіп демалады.

Жағажай 2021 жылы ашылды. Қазір бұл жерде демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Жағажайға кіру құны балаларға — 500 теңге, ересектерге, 1000 теңге. Демалушылардың талап-тілектері ескеріліп, балалар ойын алаңы мен волейбол алаңы ашылды. Мұнда балалар мен ересектер көбікті кештерге қатысып, кешкілік би алаңында уақытын өткізеді. Тіпті тынығушылар үшін жуынатын орын да қарастырылған. Демалушылар үшін арнайы монша салдық. Моншаға әсіресе қыс айында сұраныс көп болады.  «BarBQ» демалыс аймағында азаматтардың қауіпсіз демалуы үшін барлық жағдай жасалған: құтқаруға арналған құралдары, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары бар 10-нан астам  білікті құтқарушы жұмыс істейді.

Демалушылардың сұранысын орындау мақсатында 61 сәкіден бөлек, 3 киіз үй де сатып алынды. Сәкілер — 10 мың-20 мың, киіз үй 30 мың теңгеге жалға беріледі. Сондай-ақ жағажайда катер, катамаран, гидроцикл, өзен трамвайы және басқа да балаларға арналған велосипедтер, суда жүретін моторлы қайықтар да бар. Тынығушылар қайықтың түрлеріне қарай 1000-1500 теңге төлеп, міне алады. Күні кеше автодром алаңы ашылды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында автодромға деген сұраныс жоғары. Автодромның үш айналымының құны — 2000 теңге. Балалардың өмір қауіпсіздігін сақтау үшін арнайы қаңқалы бассейнді шетелден тапсырыспен сатып алдық. Тұрғындар үшін би және волейбол алаңдары жұмыс жасап тұр, — дейді ол.

Қаламызда сапбордтар жалға беріледі

Қала сыртында демалыс орталықтары баршылық. Соның ішінде «Ilek Residents» демалыс орнында қаламызда бұрын-соңды болмаған сапбордтарды жалға беру нүктесі ашылған екен. Оны ерлі-зайыптылар басқарып отыр.

 Сапбордтарды жалға беретін демалыс орнының ашылғанына көп болған жоқ. Былтыр Исмаилбек есімді дәрігер осы жалға беру нүктесін ашқан-ды. Алайда ол интернатураға оқуға түсуіне байланысты сапбордтарын сенімді адамға тапсыруды жөн санапты. Жолдасым екеуміз осы жерге жиі баратынбыз. Бес жылдығымызды сапборд орталығында атап өттік. Кейіннен Исмаилбекпен танысып, сапбордтың пайдасы туралы сұрап білдік.

Ойлана келе, жаңа кәсіп бастайық деген ниетпен сапбордтарды сатық алдық. Қазір «Ilek Residents» демалыс орнындағы жағажайда сапбордтарды жалға беріп отырмын. Бұл жер демалушылар үшін өте ыңғайлы әрі суы терең емес. Қазір сапбордпен серуендеу үшін келетіндер баршылық. Тіпті болашақ жарына ұсыныс жасап, есте қаларлықтай демалыс сыйлайтын тынығушылар артып келеді. Фитнес жаттықтырушылары, йога нұсқаушылары, спортшылар бос уақытын осы жерде өткізеді.

Алдымен тынығушылар «Ilek Residents» демалыс орнынан кіру құнын төлейді. Қызмет құны бір сағатқа — 3000 теңге, жарты сағатқа — 1800 теңге. Алғаш келген тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтап, ескек есуді үйретеміз. Сапбордпен ескек есу спорты алыс-жақын шет мемлекеттерде жақсы дамыған. Олар түрлі сайыстар өткізіп, оны спорттың бір түріне айналдырып үлгерген. Сапборд сөзі ағылшын тілінен аударғанда «Supboard» — «Тұрып ескек есу» дегенді білдіреді. Нағыз машықтанған спортшылар болмаса, көпшілігі тұрып ескек есуге жүрексінеді. Суға құлап қалам деген қорқыныш болғандықтан, демалушылардың көбі отырып ескек ескенді жөн көреді. Әсіресе таңның атқаны мен кештің батқан көрінісін көру үшін келетіндер баршылық. Сапбордтар таңғы бестен бастап жалға беріліп, кешкі онға дейін жұмыс жасайды. Сондай-ақ бес құтқарушы тәулік бойы тынығушылардың қауіпсіздігін қадағалайды. Ешқандай оқыс оқиға тіркелмеді, — дейді нұсқаушы Анастасия Обилец.

«Алмалы» жағажайы ашылды

 Қаламызда Елек өзені арқылы өтетін 41-разъезд маңайында «Алмалы» демалыс орталығы ашылды. Жағажай 1000-1500 адамға шақталған. Мұнда әзірге екі құтқарушы жұмыс жасайды.

Жағажай өз жұмысын биыл бастады. Мұнда демалушылар үшін теннис ойнайтын алаң жасақталған. Әзірге демалушыларға 6 шатырға дейін жалға беріледі. Жалға алу құны: сағат 11.00-23.00-ге дейін 25 мың, 14.00-9.00-ге дейін 35 мың теңге. Мұнда күнара залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Алдағы уақытта сәкілерді сатып алуды жоспарлап отырмыз. Жағажайға кіру құны — 1000 теңге. Алдағы екі-үш жылдықта заманауи шағын үйлер салынып, демалушылардың талап-тілектері ескеріледі. Демалыс аймағында азаматтардың қауіпсіз демалуы үшін білікті құтқарушыларды жұмысқа алып, олардың кәсіби дағдыларды меңгеруін қадағалаймыз. Себебі жағажайдағы қауіпсіз демалыс құтқарушылардың жұмысына тікелей байланысты. Жұмыстан, қаланың қым-қуыт тірлігінен бір уақыт демалғыңыз келсе, демалыс орындарына баруыңызға әбден болады. Бос уақытыңды тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстану денсаулық кепілі екенін ұмытпайық,дейді әкімші Алпамыс Аманұлы.

Тұрғындар мен құтқарушылар не дейді?

Гаухар САДЫҚОВА, қала тұрғыны:

— Мен көптеген жағажайда болдым. Алайда ең ұнағаны — «BarBQ» жағажайы. Мұнда баға қолжетімді әрі суы тұнық, таза. Биыл жағажай маусымының ашылғанын асыға күттім. Осы жолы достарымызбен гидроциклде серуендеп, түрлі спорттық ойындар ойнадық. Жағажайда сәкілер, киіз үйлер жалға беріледі екен. Келесі жолы отбасылық сейіл ұйымдастыруды жоспарлап отырмын. Тек тынығушыларға айтарым, тазалық ережелерін сақтап, өзенді қоқыс қалдықтарымен ластамаса екен. Жағажай таза болса, өз денсаулығымызға да алаңдамаушы едік. Әр адам қауіпті жерлерді және шомылатын су қоймасының ерекшеліктерін білуі керек. Өйткені су түбінде тас, бөрене, темір, шыны және басқа заттар болуы мүмкін. Сондықтан қоқыс қалдықтарын бейберекет тастамай, айналамызға ұқыптылықпен қарайық!

Кәусар АБАТҚЫЗЫ, қала тұрғыны:

Отбасымызбен «BarBQ» жағажайына алғаш келіп отырмын. Тұңғышымының бір жасын атап өту мақсатында киіз үйді жалдадық. Киіз үй бағасына сай кең әрі жарық. Ең бастысы, шақырған қонақтармыз дән риза болды. Бірі суға түссе, енді бірі қайықпен серуендеп мәре-сәре болды. Аста-төк дастарқан жайғанша, осындай шағын отырыстарды табиғат аясында өткізуді құптаймын. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер суда жүзуді үйреніп, спортпен айналысса, олардың дене бітімі мінсіз болары сөзсіз. Қолымыз қалт етсе, осы жерге келіп жаз қызығын жағажайда өткіземіз. Сондай-ақ жағажайдағы құтқарушыларға да дән риза болдым. Олар демалушылардың әр қимыл-әрекетін қадағалап отырады. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында әр адам өмір қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын қатаң орындаса деген ойдамын.

Ақылбек ЖАДРАСИНОВ, құтқарушы:

Мен «Алмалы» жағажайына жақында жұмысқа орналастым. Құтқарушы болу — жауапты қызмет. Құтқарушы мамандығын игерген адамның ең басты міндеті — азаматтарды қауіп-қатерден арашалау.Тәуліктің қай кезінде болмасын, құтқарушылар қиындыққа тап болғандарға көмек көрсетуге дайын тұрады. Тұрғындардың басым көпшілігі суда жүзе алмаса да, өз өмірлерін қатерге тігіп жатады. Ең алдымен, суға түсу үшін жүзе білу керек. Құтқарушылары жоқ, белгіленбеген жерлерде адамдар суға түседі. Әр азамат өз өміріне жауапкершілік танытса екен. Демалушыларға айтарым: масаң күйде шомылуға болмайды. Қайықтардан, катерлерден, өткелдерден, сондай-ақ осы мақсаттарға арналмаған құрылыстардан суға секіруге, тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге жол берілмейді. Сондай-ақ жүзу шектері белгіленген жерден әрі жүзуге тыйым салынады, қоқысты жағалауда және киініп-шешінетін бөлмелерде қалдыруға болмайды.

Құбаш ҚУАНЫШЕВ, құтқарушы:

 — Өзім суда жүзгенді бала кезден ұнататынмын. Осы қызметте жүргеніме 4 жылдан асты. Ата-анамның рұқсатымен 14 жасымнан бері құтқарушы болып жасаймын. Алғашында жұмысшы болып, жағажай маңын күл-қоқыстан тазарттым. Кейіннен «BarBQ» жағажайына құтқарушының көмекшісі ретінде қабылдады. Қазір құтқарушы қызметін асқан жауапкершілікпен атқарып жатырмын. Биыл Фариза Оңғарсынова атындағы мектеп-гимназияны тәмамдадым. Ендігі мақсатым — құтқарушы мамандығы бойынша грантқа оқуға түсу.  

Күн сайын сан алуан оқиғаға тап боламыз. Көп жағдайда ішімдікке сылқия тойып алған адамдар, ата-ана қадағалауынсыз қалған балалардың арасында суға батып кету деректері жиі тіркеледі. Демалушылардың дені белгіленбеген жерге суға түседі. Жақында екі бойжеткенді судан құтқардым. Олар көп мөлшерде су жұтып, тыныс ала алмай қалған. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, екі адамның өмірін өлімнен арашалап қалдым. Сондықтан әр адам өз өміріне жауапкершілік танытса екен. Егер су салқын болса, 15 минуттан артық жүзуге болмайды. Егер абайсызда аяғың тартылса, құтқару дабылын басып, реті келсе, шалқалап жүзген дұрыс.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button