Азияның мықтысы!
Бәрекелді!
Ақтөбенің күрес мектебінен тағы бір чемпион шықты. Жас чемпион. Есімі —Қуанышбек Жаңажол.
Бүгінде Тайланд елінің Шрирача қаласында 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен 20 жастағы балуандар арасында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа грек-рим күресінен Қазақстанның жасөспірімдер құрамасын бас бапкер ретінде әлем чемпионатының бес дүркін жүлдегері Алмат Кебісбаев бастап апарды.
Бұл күрес түрінен жас балуандар 10 салмақ дәрежесі бойынша сайысқа түсті.Ақтөбелік жас балуан Қуанышбек Жаңажол 41 кг салмақ дәрежесінде финалға дейін жетіп, ақтық сында үндістандық қарсыласын 8:0 есебімен ұтты. Сөйтіп, елімізге алтын жүлде әперіп отыр.
Айта кетейік, Тайландта өтіп жатқан құрлық біріншілігіне барлығы 20 елден 500 балуан қатысып жатыр. Жарыс 24 шілдеге дейін жалғасады.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.